Қара жолдың бойында…

01 қазан 2021, 11:55

Алматының шетіндегі үлкен базардан шықтық. Ығы-жығы көлік, сапырылысқан адам. Бұл маңда үлкен көпір салынып жатқандықтан, көлік кептелісінің көкесі осында. Кенет темір-терсек артылған есек арбаға көзім түсті. «Тыпыршыған» темір тұлпарлар сияқты емес, арбаны сүйреп келе жатқан қара есек асықпайды. Арбакеш апай да азан-қазан шуды елемейтін сияқты. Қара жолдың бойында күнде көре бермейтін көрініс қой. Соңынан қуа жөнелдік.

Шаңды жолмен қуып жетіп, әлгі арбаны тоқтаттық. Аяқ астынан сап ете қалған бізге апай абдырай қарады. Журналист екенімді, ерекше кейіпкер іздеп жүргенімді айтқан соң көңілі орнына түскендей. «Жүре әңгімелесейік» деп арбаға міндім.

– Апай есіміңіз кім? Қай жердің тумасысыз? Жасыңыз нешеде?

– Есімім – Гүлжамал. Көрші Өзбекстаннан биыл ғана келдім. Жасым алпыстан асты.

– Есіміңіз әдемі екен…

– Гүлжамал деп марқұм әжем қойған. Біздің ауылда сұрапыл соғыс кезінде Гүлжамал деген кісі болыпты. Бүкіл ауылды бір үйдің адамындай біріктіріп, қысылтаяң кезде барлығын басқарып, ауылдағы кемпір-шал мен бала-шағаға бас көз болған батыл адам болған екен.

– Бұл жерде пәтер жалдап тұрасыздар ма? Отбасыңыз қайда?

– Өзім бес қыз, бір екі ұл тәрбиелеген көпбалалы анамын. Қыздарымның барлығын өз ұяларына қондырдым. Енді кенже ұлымызға жеке там соғып берсек деген ойымыз бар. Өйткені үлкен ұлым үйлі-баранды. Кішісі алдағы күндері үйленемін деп отыр. Сол үшін әкесі екеуміз биыл жазда осы жерге келіп жұмыс істеп жатырмыз. Пәтер жалдап тұрамыз. Бір бөлмеге 15000 теңге төлейміз. Кереметтей жағдайы жасалмаса да, суы жанында, жарығы қосулы. Жазғы уақытта тұруға болады. Менің жұмысым осы – есекпен темір-терсек жинаймын. Күйеуім көлік жүргізеді. Денсаулығымыздың барында балаларымызға көмектескіміз келеді.

– Бұл жұмысты қалай таптыңыз?

– Біздің таныстар жылда келіп, жұмыс істеп жүр екен. Солар арқылы осы жұмысты таптым. Шыны керек, жаның тыныш, өз-өзіңе бастықсың. Ешкімге есеп бермейсің.

– Есекті сатып алдыңыз ба?

– Есектің иесі бар. Күніне 1000 теңге төлейміз. Бірақ жем-шөбі мен арпасы өзімізден. Сондықтан есекті асырауға да қаржы кетеді. Қазір бір қап арпаның өзі 2000 теңге.

– Жұмысты нешеде бастайсыз?

– Жазғы күндері таңғы алтыда тұрып шығып кететінмін. Қазір күн қысқара бастады. Күзгі уақытта сағат жетіден кете шығамыз. Түске дейін біраз зат жинап келуге болады. Есегім болдырмаса, түстен кешке дейін де жүріп қайтамын. Ешкімнің ала жібін аттап жатқан жоқпын. Маңдай терімізбен тапқанымызды өткізіп, күнделікті ақшамызды жинап жүрміз.

– Бір күндік табысыңыз қанша?

– Әр күні әрқалай. Кейде 5000 теңге табамын. Бір күні 10000 теңге тапқан күнім де болды. Ал кейбір күндері түк таппай, бос қайтамыз. Ең бастысы, ерінбеу керек. Бүгін түк таппадым деп қапалануға болмайды. Өйткені бұл – өмір. Күнде жолың бола бермейді. Сондықтан ерінбеу керек. Өзіміз құры жатқанша бала-шағаға көмек болсын деп тырысып жүрміз.

– Жұмысыңызға кедергі келтіретін оқиғалар болды ма?

– Жоқ, көп адам көмектескісі келіп тұрады. Тіпті кейбірі керек емес затын арнайы көшеге шығарып дайындап қояды. Адамдардың ондай қамқорлығын көргенде «адамгершілік» деген нәрсе әлі де бар екен ғой деп қуанамын.

– Гүлжамал апай, қазір айналамызда қайыршы көбейді. Тіпті аяқ-қолы балғадай азаматтар қолын созып отырады. Маңдай термен ақша тапқысы келмейді. Ондайларға не айтар едіңіз?

– Мен ондай адамдарды жалқау деп ойлаймын. Қазіргі жастар бейнеттен қорқады. Артық жұмыс істегісі келмейді. Дені сау адамға қашанда бір күрек табылады. Маңдай теріңмен тапқан адал ақшаң ғана бойыңа дариды. Сондықтан дені сау бола тұра, өтірік тіленетіндерді құптамаймын. Мүмкіндігің бар ма? Жұмыс істе. Аяқ-қолың сау ма? Жұмыс істе. Меніңше, адам еңбектен ешқашан қашпауы керек. Біз де жолдасымыз екеуміз алпыстан ассақ та, балалар мен немере қамы үшін деп әлі күнге еңбектеніп жүрміз. Шамамыз барда қандай жұмысты болса да істеуге даярмыз. Ертелі-кеш есекке отырып алып құр жүреді деп ойламаңыз, арасында ауыр темірді де көтереміз. Бірақ ешкімге өкпем жоқ. Ең бастысы, отбасыма адал еңбегіммен тапқан табысымды жіберіп отырмын. Басты қағидам да осы – ерінбей еңбек ету.

«Интервьюдің» қызығына түсіп, темір-терсек қабылдайтын орынға да жетіп қалыппыз. Гүлжамал апаймен қоштасып, арбадан түстім.

Арбакешпен әңгімелескен Мақпал Ноғайбаева

Бүгін, 16:35
Түркістан: Полиция мен прокурорлар бірлескен рейд өткізді
Бүгін, 15:35
Түркістан полициясы алаяқтардың арбауына түсіп қалмауға шақырады
24 сәуiр, 14:05
Алматы: «Қарызсыз қоғам» қаржыны тиімді жұмсауға үйретеді
22 сәуiр, 15:46
Түркістан полициясы ұрыны ізін суытпай ұстайды
22 сәуiр, 14:37
Түркістан: Террористік тұрғыдан осал нысандар тексеріліп жатыр
22 сәуiр, 14:00
Түркістан полициясы интернет-алаяқтыққа қарсы пәрменді күрес жүргізеді
18 сәуiр, 13:34
Түркістан: облыс полициясы 8 тәулік ішінде 2312 құқық бұзушылықты анықтады
17 сәуiр, 15:44
Түркістан: Сайрамдық полицейлер алаяқтықтың алдын алды
16 сәуiр, 12:24
Түркістан: Жасөспірімдер арасында құқық бұзушылыққа жол берілмейді