jasqazaq.kz

«Қара алтыннан» — сары алтынға

21 тамыз 2020, 11:51

Ұлттық банк өткен жетіде алтын-валюта қорымызға қатысты соңғы деректі жариялады. Экономиканы тығырыққа тіреген тәжкеселдің зардабына қарамастан, алтын мен валюта қоржынының бүйірі әжептәуір қампайыпты. 7,3 пайызға (2,4 млрд $) өсіп, 35,3 млрд долларға жетіпті. Бұл 2012 жылдан кейінгі ең жоғары көрсеткіш. Ал қаржыдан қысылғанда қолды салып жіберетін Ұлттық қордың активтері өткен айда 500 млн долларға (0,9 $) көбейіп, 58,2 млрд долларға жетті. Осылайша, халықаралық резервіміз 93,5 миллиардқа табан тіреді. Салыстыру үшін айта кетейік, пандемия кезінде де өндіріс пен экспортты тоқтатпаған Беларусьтің алтын-валюта қоры – 8,9 млрд $. Өзбекстанда бұл көрсеткіш – 32,3 млрд $, ал Украинада – 28,8 млрд долларды құрайды. Осы тұрғыдан алғанда, біздің биліктің Ұлттық қорды құрып, экспорт түсімінің бір бөлігін қиын күндерге деп жинауы сәтті шешім болғанын қазіргі дағдарыс тағы да дәлелдеп берді.

Бұған дейін Ұлттық қор мен алтын-валюта резервін молайтуда «қара алтын» негізгі фактор-тұғын. Мұнай секторы коронавирус зардабынан әлі ес жия қойған жоқ. Есесіне, қазір сары алтынға сұраныс мол. Содан шығар, сарапшылар «Ендігі тренд – «қара алтыннан» сары алтынға қарай» деп жүр. Қаржылай қорымыздың еселене түсуі нақ осы асыл тастың арқасында екенін айрықша атап өткіміз келеді. Тағы да деректерге сөз берсек, 7 тамызда 1 унция (33 грамм) алтынның бағасы 2 мың доллардан асып түсті. Сол күні Ұлттық банктің алтын-валюта қорындағы асыл тастың үлесі 382 тоннаны құрады. Бұл ақшаға шаққанда 25 млрд доллар деген сөз. Осының өзі бағалы металл өндірісінің еліміздің қаржы жүйесінде тұрақтылық орнатып, отандық экономиканы өрге сүйрейтін салаға айналып жатқанын көрсетсе керек. World Gold Council (Дүниежүзілік алтын кеңесі) ұсынған мәліметке жүгінсек, Қазақстан осы көрсеткіш бойынша әлемде әзірге 16-шы орында. Қазіргі қарқынды үдетсе, алғашқы ондыққа кіретін күнде алыс емес.
Мамандар геосаяси ахуал күрт нашарлап, экономиканың болашағы бұлыңғырлана бастаған тұста алтынның маңызды рөл атқарғанын алға тартады. Мамандар былтыр асыл тастың 1523 долларға дейін қымбаттауына АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысы мен Brexit ықпал етті деген пікірде. Ал биыл – ғаламдық пандемия. Ұлттық банк жыл басынан бері отандық өндірушілерден аффинаждалған (тазартылған) 33 тонна күлше алтын сатып алды. Жыл соңына дейінгі меже – 60 тонна. Мұның Kazakhmys Smelting, «Тау-Кен Алтын» және «Қазцинк» (мырыш) жауапкершілігі шектеулі серіктестеріне тиесілі аффинаж зауыттарында өндірілген әрі халықаралық және ұлттық стандартқа сай ақтық өнім екенін айтқан жөн. Бұлардың алғашқы екеуі London Good Delivery (LGD) халықаралық сертификатын иемденген кәсіпорындар. Ал сертификат әлемдік биржаларға шығуға және қандай да бір жобаға салым ретінде инвестициялық алтын шығаруға да мүмкіндік береді. Оның үстіне халықаралық тәуелсіз сарапшылар қазақ жеріндегі алтынның бағалы екенін, соңғы 20 жылда әлемде осындай сапаға ие шикізаттың некен-саяқ екенін айтады.

2013 жылы іске қосылған Елордадағы «Тау-Кен Алтын» зауыты – отандық экономиканы тиімді түрде әртараптандыруға (диверсификациялау) болатынын дәлелдеген біздегі санаулы жобалардың бірі. Мұнда былтыр 27 тонна күлше алтын, 50 тоннадай күміс өндірілді. Биыл 30 тоннаны межелеп отыр. Демек елдегі өндіріс қуатының жартысы осы зауыттың үлесінде. Елбасының тапсырмасымен салынған кәсіпорын құрылысына жұмсалған инвестиция көлемі – 5,5 млрд теңге. «Тау-Кен Алтын» басшылары зауыттың жұмсалған шығынды ақтап қана қоймай, биыл таза пайдамен жұмыс істейтінін мәлімдеген.

Алтын төңірегіндегі атүсті әңгіменің өзі шикізатқа телмірмей, дайын өнімге арқа сүйесе, дағдарыстан алқынған экономикаға үлкен сеп екенін білдіреді. Ал қазыналы қазақ даласында ұқсата білгенге алтын ғана емес, қаншама мүмкіндік бар десеңші!

Срайыл Смайыл

03 тамыз, 18:34
OPEC+ квотаны көбейтті. Енді мұнай тасымалы тоқтамасын деп тілейік!
31 шiлде, 23:19
Әскери оқу-жаттығу - елдің қорғаныс қабілетін нығайтуда маңызды фактор
30 шiлде, 16:00
Криминогендік ахуал: құқықбұзушылық азайып, қылмысты ашу деңгейі өсті
29 шiлде, 14:46
БҰҰ-ның бітімгерлік миссиясы арқылы Қазақстанның халықаралық беделі арта түсті
27 шiлде, 14:13
Цифрлық даму – ел болашағының кепілі
27 шiлде, 14:07
Терроризмге қарсы ымырасыз күрес ешқашан тоқтамайды
24 шiлде, 20:33
Шетелдік сарапшылар: Жаһандық бейбітшілікті баянды етуде Қазақстанның үлесі зор
24 шiлде, 14:03
Қазақстан - Қытай ынтымақтастығы: Білім экономикасына бетбұрыс
23 шiлде, 16:00
Әкімжан Үмбеталин: Киберқылмысқа қарсы ымырасыз күрес оң нәтижесін беруде