
Биыл Қазақстан азаматы емес, бірақ ұлты қазақ тұлғалар үшін еліміздің 19 жоғары оқу орны магистратура мен докторантура бағыты бойынша 1 300 грант бөледі.
«Бұйрықтың қосымшасына сәйкес, 2023-2024 оқу жылына Қазақстан Республикасы жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының дайындық бөлімдерінің тыңдаушыларын оқытуға мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылсын», — делінген Ашық НҚА порталында жарияланған Ғылым және жоғары білім министрінің бұйрық жобасында.
ҚР азаматы емес, бірақ ұлты қазақ тұлғалар үшін еліміздің 19 жоғары оқу орындарында магистратура мен докторантура бағыты бойынша білім алуы үшін 1 300 грант бөлінетін болады. Бұған қоса, оларға тілдік дайындығын күшейту үшін отандық 8 университет арнайы 200 орын бөледі.
Ал, өзге шетел азаматтарына Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жалпы саны 50 грант (магистратура мен докторантура ) бөліп отыр.
Сонымен қатар, Түрік Республикасының және өзге түркітілдес елдердің талапкерлеріне Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университеті қабырғасында білім алуы үшін тағы 200 грант берілуі мүмкін.
Ғылым және жоғары білім министрінің бұйрық жобасы 14 маусымға дейін көпшілік талқылауына ұсынылады.
JQ-Aqparat