
Жап-жас кәріс қызы қазақ тілін меңгерген. Енді оңтүстіккореялық PhD докторант Кэмбридж университетінде Қазақстан жайлы және қазақ тіліне қатысты ғылыми ізденісте жүр. Энджу Ку бұған дейін студенттік алмасу бағдарламасы бойынша Қазақстанда білім алған. Екі жылдың ішінде көп қиналмастан қазақ тілін үйренген.
Қазақ достары үшін ыңғайлы болсын деп ол өз есімін Інжу деп өзгертіп алған. Інжудің Қазақстанға деген қызығушылығы 12 жыл бұрын пайда болыпты. 2005 жылы ол Алматыдағы жоғары оқу орындарының біріне оқуға түсіп, қазақ елімен танысу мүмкіндігіне ие болған екен. «Бірақ қазіртілді ұмытып барамын», — дейді ол.
Энджу Ку, Кэмбридж университетінің PhD докторанты: — Иә, екі жылда. Бірақ мен қазір практика болмағандықтан жай-жай сөйлеймін. Бірақ сол кезде қазақтардан қазақша жақсы үйрендім. Қазақ тілін үйрену маған оңай. Өйткені біздің грамматикамыз ұқсас тұрады. «Қазақ тілінің Қазақстан еңбек нарығындағы экономикалық құндылығы» тақырыбында докторлық диссертация жазу Інжуге оңай болмай отыр. Өйткені Қазақстан жайлы ғылыми еңбектердің басым бөлігі орыс тілінде. Ал орысшаны ол түсінбейді. Інжудің ойынша, қазірде Қазақстанда еңбек күшіне деген сұраныс пен ұсынысты қалыптастыру саласында қазақ тіліне деген сұраныс артып келеді екен. Энджу Ку, Кэмбридж университетінің PhD докторанты: — Менің ойымша, қазақ тілінің бағасы бірте-бірте жоғарылап бара жатыр. Өйткені мемлекет көмек береді адамдарға көп тіл үйренуге. Содан кейін адамдар өзі ойлайды. Қазақ тілінің маңыздылығы жоғарылап бара жатыр деп. Сондай-ақ Інжу қазақтың ұлттық салт-дәстүрлерін де жақсы біледі. Жоғары оқу орнындағы ешбір қоғамдық-мәдени іс-шара оның қатысуынсыз өтпейді. Кэмбридж университетінің оқытушылары болса Қазақстанның даму перспективасына оң баға беріп отыр. Сидхарт Саксена, Кэмбридж университетінің профессоры: — Шетелдіктердің Қазақстан туралы білгісі келетіні рас. Інжудің Оңтүстік Кореядан Ұлыбританияға келіп, сіздердің ел туралы ғылыми еңбекпен айналысып жатқаны соның бір айқын дәлелі. Және бұл Қазақстанның дұрыс бағытта дамып келе жатқандығының белгісі. Кэмбридж университеті әлемнің ең көне әрі ең беделді оқу орындарының бірі екендігін атап өткен жөн. Бұл оқу орнында ғылымда орны ерекше Чарльз Дарвин, Исаак Ньютон, Стивен Хокинг сияқты дарынды адамдар білім алған. Шетелдіктермен бірге Кэмбриджде қазақстандық студенттер де оқып жатыр. Олардың басым көпшілігі президенттік «Болашақ» бағдарламасының стипендиаттары.