
Шымкент қаласында өткен жылдың қорытындысы бойынша кәріз жүйесімен қамту көрсеткіші 60 пайызға жетті. Жалпы бұл көрсеткішті кезең-кезеңімен ұлғайту көзделуде. Кәріз жүйесінің су тазалау қондырғысының қуаттылығын арттыру, өндіріске жаңа технологияларды енгізу, цифрландыру бағытында тиісті жұмыстар қолға алынған. Жуырда шаһарда халықаралық стандарттар деңгейінде жұмыс істейтін жаңа тазарту қондырғысының құрылысы басталды.
Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында өндіріске жаңа технологияларды енгізу, цифрландыруды ұлғайтып, желілер мен қуаттардың тозуын кем дегенде 15 пайызға азайту керек екенін айтқан болатын.
Осы бағытта қаланың солтүстік-батыс аумағында тәулігіне 50 мың текше метр су тазартатын жаңа қондырғының құрылысы бастау алды. Нысанның жалпы ауданы – 4,2 гектар. Бас мердігер – «Сарыағаш-Аман» ЖШС. Жаңа қондырғы іске қосылса, шаһарда су тазарту жағдайы 200 мың текше метрге жетеді.
Қала әкімі Мұрат Әйтенов жаңа құрылысты бастап беріп, маңызды жобаның мүмкіндігімен танысты. Қазіргі таңда шаһарда әкімшілік іскерлік орталық, «Шымкент сити» шағынауданында, қаланың солтүстік бөлігінде көпқабатты үйлердің құрылысы қарқын алған. Жаңа елді мекендер қосылып, жеке секторлар құрылып жатыр. Осыған орай халықты кәріз жүйесімен қамтып, халыққа қолайлы жағдай жасау басты назарда тұр. Мұрат Дүйсенбекұлы кәріз жүйесімен қамту, су тазарту құрылғыларының әлеуетін арттыру мәселесі кезең-кезеңімен шешілетінін айтты.
Шаһарда кәріз жүйесімен қамту көрсеткіші 60 пайызға жетті. Қаланың алдағы дамуын ескеріп, «Су ресурстары – Маркетинг» ЖШС-мен бірлесе алдын ала жаңа тазарту құрылғысы нысанының құрылысын бастап отырмыз. Жаңа жоба мемлекеттік бағдарламаға енгізілді. Қаржының 50 пайызы мемлекет тарапынан бөлінсе, жартысы Еуропалық қайта құру және даму банкінің несие қаржысы есебінен тартылды. Құрылысты 2024 жылы аяқтап, нысанды іске қосу жоспарланып отыр. Жалпы елдімекендер мен шағынаудандарды кәрізбен қамтуды 2025 жылға дейін 75 пайызға жеткізу жоспары бар.
Жаңа жобаға тапсырыс беруші «Су ресурстары – Маркетинг» ЖШС-нің бас директоры Анарбек Орманның айтуынша, жобаның жалпы құны – 3,6 млрд теңге. Аталған мекеме көп жылдан бері Польша елімен әріптестік байланысын арттырып келеді. Осыдан он жыл бұрын 100 мың текше метр суды тазарту жобасына қолға алынған болатын. Қаланың кеңеюіне байланысты үш жыл алдын бұл көрсеткіш 50 мың текше метрге ұлғайды. Енді міне, тазалау үдерісінің қуаттылығын одан әрі арттыру міндеті тұр.
Мерей Әлімбек