Карина Төрехан: «Еріктілердің әрбір ісі — өнеге»

27 шiлде 2023, 11:16

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықпен кездесуінде де, жыл сайынғы Жолдауында да еріктілер, яғни волонтерлік ұйымдардың ерен істері туралы үнемі айтады. Сөзімізге биыл екінші рет ұйымдастырылған Ұлттық құрылтайдағы айтқаны дәлел. Президент Түркістанда өткен ұлттық құрылтайда еріктілер туралы айрықша тоқталып, алғысын жеткізген болатын. Ерікті болу — қоғамға орасан пайдаңды тигізу деген сөз. Еріктілердің еткен еңбегі мен төккен тері олардың атқарған ісінің нәтижесінен көрініс табады. Арыс қаласындағы ерікті жастардың бір шоғыры тоқайласатын орта – «Бірлік» ұйымы. Біз «Бірлік» еріктілер ұйымының жетекшісі Карина Төреханмен байланысқа шығып, волонтерлердің тыныс-тіршілігі туралы сұрап-білдік.

– Карина, алғашқы сауалды оқырмандарымызға түсінікті болсын деп, ұйым тарихына қатысты қойсам деймін. «Бірлік» волонтерлік ұйымы қандай мақсатта, қай жылы құрылды?

– «Бірлік» еріктілер клубы өз жұмысын 2021 жылы, жалпы волонтерлік жұмысты атқару мақсатында бастаған. 2020 жылдың наурыз айынан бастап, өздеріңіз білесіздер, әлемде пандемиялық ахуал күшейіп, ковид кеселі күрт өршіді. Осындай қысылтаяң шақта біздер, яғни арыстық жастар да қарап жатқан, қол қусырып отырған жарамас деп өздігімізден қам жасап, осындай волонтерлік ұйым құрылды.

– Түркістан облысына қарайтын Арыс қаласында сіздерден бөлек тағы қандай волонтерлік ұйымдар бар? Өзге волонтерлермен әріптестік байланыс орнатасыздар ма?

– Арыс қаласында «Бірлік» еріктілер клубынан бөлек, «Қолғабыс» қоғамдық қоры ресми түрде жұмыс істейді. Сонымен қатар, қаламызда орналасқан орта арнаулы оқу орындарында «Мейірім» және «АГТК жастары» сынды еріктілер ұйымдары бар. Арыс қаласына қарасты алты ауылдық округтерінде де еріктілер ұйымы бар.
Қазіргі таңда, орта арнаулы оқу орындарының жанынан құрылған еріктілер ұйымдарымен тығыз байланыс орнаттық. Айтулы іс-шаралар мен мерекелерде қаламыздағы «Қолғабыс» қоғамдық қорымен бірлесе отыра, іс-шараларды жүзеге асырамыз. Қашанда бір-бірімізге қолдау, демеу болып келе жатырмыз.

– Ұйымға мүше волонтер жастар қандай қамқорлық істерді жүзеге асырып жүр?

– «Бірлік» еріктілер клубы жалпы волонтерлік мақсатта құрылғандықтан, біз еріктіліктің барлық бағытын қамтимыз. Ұйымға мүше жастар көбінесе, қаламызда орналасқан Ұлы Отан соғысының ардагерлері және тыл ардагерлерінің үйіне қолғабыс жұмыстарын жүргізеді. Сонымен қатар, жалғыз басты аналар, көп балалы аналар, жалғыз тұратын ата-әжелерге азық-түлік жағынан көмек көрсете алады. Олардың үйлерінің ауласын тазалап беру, басқа да ауыр жұмыстары болса біздің еріктілеріміз барып қолғабыс жасап, көмектеседі.

– Жергілікті әкімдік, облыс әкімдігімен бірлесіп іс-шаралар өткізіп тұрасыздар ма? Әкімдіктің волонтерлік ұйымға қолдауы қалай?

– «Бірлік» еріктілер клубына жергілікті әкімдіктен қаржылай, яғни материалдық көмектер жағына қолдау көрсетіледі. Қаламызда белгілі бір көмекке мұқтаж адамдарды анықтап, әкімдікпен байланыс орнатып, сол тұрғынға көмек қолын соза аламыз. Жергілікті басқарушы әкімдіктің қолдауы бізді үнемі қанаттандырады, үлкен демеу болады.

– Ұйым жұмысын жандандыру мақсатында қандай іс-шаралар жүзеге асырылып жатыр? Түрлі форум, басқосу жиындар өткізіле ме?

– Ұйым жұмысын жандандыру мақсатында, «1 маусым – балаларды қорғау» күніне арналған мерекелік іс-шара тұрақты түрде жүзеге асырылады. Мұны біз волонтерлік ұйым құрылған сәттен бастап тұрақты түрде өткізіп жүрміз. Сонымен қатар, ұйымның алдағы жұмысын талқылау мақсатында аптасына 1 рет «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің мәжіліс залында жиын өтеді. «Бірлік» еріктілер клубының мүшесі ретінде еріктілер әрдайым ізденісте болады. Zoom платформасы арқылы онлайн сабақтарға қатысудың нәтижесінде өз білімдерін шыңдай түседі. Онлайн дәрістерден бөлек, практика жүзінде көптеген жиындарға да қатысып, өздерінің ой-пікірлерін айтады.

– Түркістан қаласында өткен ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еріктілер қоғамның қозғаушы күші екенін айтты. Өзіңіз жетекшілік ететін ұйым мүшелерінің атқарған жұмыстарын жан-жақты тарқатып айтсаңыз.

– Ерікті болу – ерлік! Білдей бір ұйымға жетекшілік ете жүріп мен осыған көз жеткіздім десем, асылық айтпаған болар едім. Жалпы ұйым мүшелеріне ең алғашында бұл жұмыс үшін ешқандай ақының берілмейтіні жөнінде толық ақпарат беріледі. Әрине, алғашында көп ісі дұрыс түсінбей, істі бастамас бұрын тастап кетіп жатады. Солардың арасынан іріктеліп, ерлік танытқан жандар да аз емес. Қазіргі таңда «Бірлік» еріктілер клубының мүшелігінде 75-ке жуық жас бар. Олардың, 45-і тұрақты түрде ұйым жұмысына белсене араласады. Ұйым мүшелерінің қатысуымен, тұрақты түрде сенбілік жұмыстары жүргізіледі. Әр айдың белгілі бір жұлдызында көмек қолын созу мақсатымен, көмекке мұқтаж жанның шаңырағында қолғабыс жұмыстары жүзеге асырылады. Қала көлемінде тойланатын айтулы мерекелерде ұйым мүшелері өз септіктерін тигізіп жатады. Қазіргі уақытта қоржынымызда қанжығалы үлкен іс-шараның жоқтығын айта кету керек. Дегенмен, құрылғанына бір жылдан астам уақыт болса да, ұйымның атқарған жұмыстары аз емес. Ұйымшылдық таныта отырып, көптеген жарыстарда жетістіктерге жетіп жатқандығымызды атап өту қажет. Теңіздің тамшыдан құралатыны секілді, үлкен жобаларды атқару үшін, кішігірім жұмыстарды жүзеге асырып, тәжірибе жинақтап жүрміз.
Құқық бұзушылықтың алдын алу, жол қауіпсіздігін болдырмау мақсатында, қаламыздағы Арыс қалалық полиция бөлімімен, желілік полция бөлімімен, Төтенше жағдайлар бөлімімен сабақтаса отырып, түсіндірме жұмыстары жүргізіліеді, еркін кездесулер өткізіледі.

– Ерікті болу үшін адамға қандай қасиет керек?

– Жалпы еріктілер туралы толғап айтатын болсақ, еріктілік дегеніміз – адамның өз еркімен ақысыз көмек көрсетуі. Еріктілер – жаны таза, шынайы, патриот адамдар. Көп елдерде «еріктілік» жұмыс қатарына қосылады, өйткені еріктілер өзінің уақытын бөліп, білімін іске асыра отырып тегін жұмыс істейді. Еріктілік ісімен ұйымдар арқылы, ынталы топтар немесе жеке де айналысуға болады. Еріктілік қызметтің аясы өте кең: әлеуметтік, спорттық, шаралық, экологиялық, медициналық және т.б. түрлері бар.
Еріктілер тобы риясыз мейірімділік көрсету, жаңа дағдыларға үйреніп, адамдарға жақсылық жасау, төрт қабырға ішіне қамалып, тағдырына налып отыратын мүмкіндігі шектеулі жандардың қызықты да əсерлі істер мен оқиғалардың ортасында болуы үшін көмектесу, тағдырдың тезімен қиын жағдайға тап болған адамның жанынан табылу, қолынан келгенше сүйеу бола білгендері үшін өздерін кәсіптік шеңбердегі «батырлар» санап, мамандыққа деген қызығушылықтарын тағы бір мәрте арттырғандай. Әрдайым барған сайын өздері көрсеткен күтім мен қолдауларына көңілдері толып, қиналған жандарға қол ұшын созып көмек берген сәттеріне риза болғандықтан жүздері бал-бұл жанып келетіні, әрине, біз үшін қуанарлық жайт.
Еріктілер тобының мақсаты мен міндеттерін жүзеге асыру барысында біз тәжірибелік тұрғыдан дайындалған, бәсекеге қабілетті сана-сезімі мол, ой-өрісі терең, мейірімге толы, коммуникативті қарым-қатынас орната білетін және білікті де, білімді күтім көрсете алатын болашақ маманды дайындап шығарамыз.

Сонымен, «еріктілік» – жастардың өз белсенділігін көрсетіп қана қоймай, адамдарға көмек беріп, тәжірибе жинауға, өмірлік маңызды дағдыларды дамытып, әлемді жаңа қырынан көруге мүмкіндік беретін бірден-бір сала. Сондықтан, уақытты еріктілікке жұмсау – тұлғалық дамуға құйылған инвестициялар болып табылады.

Жалпы айтқанда, ерікті болу үшін белгілі бір дағды мен қасиеттің, қатып қалған қағиданың жоқтығын айтқым келеді. Әрбір адам саналы тұлға ретінде қалыптасқандықтан, ойлау қабілеті мен риясыз пейілі, мейірімді жүрегі болса жеткілікті секілді. Жұмыла көтерген жүк жеңіл. Еріктілік жұмыста жалғыздықтың байқалмайтынын, ұйымшылдылық пен көпшіліктің қатынасы болатынын жеткізгім келеді.

– Сіздердің ұйымға мүше болғысы келетін жастардың қатары көп пе? Қоғамда ерікті болуға жастардың ұмтылысы қаншалықты?

– Қазіргі таңда, қоғамда жастардың қызығушылығы жан-жақты екенін айтқым келеді. Көп жастар біздің жұмысты көрмей қызығушылық таныта алмайды. Форс-мажорлық жағдайлар орын алып ұйым мүшелерінің орнына сырттан адам тартатынымыз өтірік дүние емес. Солай сырттан қосылған жандар күні бойы еріктілік жұмыспен айналысу арқылы шешім қабылдайтын секілді. Міндетті түрде іс-шаралардан соң, қатарымызға қосылғысы келіп, ниет білдіретін жастарымыз жетерлік. Ұйым қаншалықты үлкен болғанымен, оның соншалықты атқаратын жұмысы да үлкен болады деп білеміз.

– Қайырымды жандар, меценаттармен байланыстарыңыз қалай, қайырымдылық шараларын бірлесіп атқарасыздар ма?

– Елімізде орын алып жатқан апаттарға көмек қолын созу үшін қайырымды жандармен бірлесе жұмыс жасаймыз десем, артық айтқаным емес. Артымызда қолдау болатын болса, алынбайтын қамалдың жоқтығын білеміз. Біздің бастамамен, ол кісілердің қолдауымен үлкенді-кішілі мәселелер өз шешімін табуда. Алдағы уақыттарда жақсылық жасау үшін жақсы адамдармен қарым-қатынас орната береміз деп ойлаймын. Қоғамда ізгілікті қалыптастыратын не нәрсе, білесіз бе?

– Адами қасиет, ізгі амал шығар.

– Мұныңызды да жоққа шығармаймын, менің ойымша қоғамды ізгілікке бастайтын қасиет – қайырымдылық. Бұл ұғымды біз материалдық құндылықпен ғана өлшейтін болдық, өкінішті әрине. Сіз көшеде кетіп бара жатқан кембағал кісіге жылы сөз айтыңызшы, ол да үлкен қайырымдылық. Мұқтаждығына беретін қалтаңызда ақшаңыз жоқ, бірақ сол адамның үйіндегі бір шаруасын қолыңызбен атқарып істесеңіз, одан өткен қайырымды іс жоқ. Еріктілік ешқандай ақы төленбейтін, былайша айтқанда тегін жұмыс. Волонтерлер қоғамда ізгілікке бөлеу үшін тегін жұмыс істеп, қайырымдылық істеріне кенелтіп жүр.

— Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Қуаныш Рахмет

02 мамыр, 16:01
Түркістан: Жер қойнауын заңсыз пайдалануға қатаң тосқауыл қойылады
30 сәуiр, 13:48
Нұрбақыт Теңізбаев: Халықтың үні қашанда маңызды
29 сәуiр, 15:09
«Ұлттық қор – балаларға»: Алматы облысы алдыңғы лекте
29 сәуiр, 11:52
Нұрлан Дәулетбаев: Алматыдағы тұтынушылар құқығын қорғауға үлес қосамыз
26 сәуiр, 15:03
«Нөлдік төзімділік: Түркістан полициясы құқық бұзушылықтың жолын кеседі
26 сәуiр, 14:56
Түркістан полициясы автокөлік жүргізушілерін тәртіпке шақырды
25 сәуiр, 16:35
Түркістан: Полиция мен прокурорлар бірлескен рейд өткізді
25 сәуiр, 15:35
Түркістан полициясы алаяқтардың арбауына түсіп қалмауға шақырады
24 сәуiр, 14:05
Алматы: «Қарызсыз қоғам» қаржыны тиімді жұмсауға үйретеді