
Қазақстандық кәсіпқой боксшы, әлем чемпионы Геннадий Головкин Қарағандыда өзінің алғашқы кәсіпорнын ашты. Бұл кәсіпорында Қарағанды мен Екібастұз кен орындарынан өндірілетін көмір байытылатын болады. Жаңа өндіріс орнында жылына 500 мың тонна өнім өндіріледі екен. Әйгілі боксшы туған өлкесінің экономикасына сүбелі үлес қосуды көптен ойластырып келген болатын.
Г.Головкиннің айтуынша, оның әкесі шахтада 35 жыл бойы жұмыс істепті. Сондықтан бұл сала оған бала жасынан етене таныс. Сондай-ақ осы іске өмірін арнаған мамандарды да жақсы біледі. Ұлттық экономикаға инвестиция салуды мақсат еткенде бірден осы саланы сол себептен таңдап алған.
Жаңа кәсіпорынның құрылтайшылығына Геннадий Головкинмен бірге «Самрұқ-Қазына» ұлттық әл-аухат қоры да қатысып отыр. Қазірдің өзінде 150 адамды жұмыспен қамтитын өндіріс орны болашақта жұмыс көлемінің артуына байланысты жұмысшылар санын да көбейтпек.
Геннадий Головкин өзінің отандық БАҚ-тарға берген сұхбатында туып өскен жері Қарағандыны жиі ауызға алатын. Қарағанды сияқты шахтерлер отанында дүниеге келгенін мақтан еткеніне талай мәрте куә болдық. «Мен спортпен өзімді көрсету үшін айналыспаймын, елімнің атын шығарып, мемлекетіміздің туын биікке көтеріп, еліме пайда келтіру үшін айналысамын» деген сөздері де талай жанды тебіренткен еді. Міне, Отанын шын сүйетін азамат сөзі мен ісін бір жерден шығарып отыр. Өзінің спорттық кәсібінің аяқталуын күтпей-ақ үлкен істі қолға алды. Отанына берілген азаматтың бұл ісі өзге спортшыларымызға да үлгі болса екен дейміз.
Меңдолла НҰРЫМҰЛЫ