Петропавл тұрғыны Николай Шишко 3 жылдан бері көшеде сырнай тартып, отбасын асырап жүр. Оның бұл әрекетін біреулер шарасыздыққа баласа, екіншілері қайыр сұраудың бір түрі дейді. Петропавл қаласында көшеде ән салып, түрлі аспаптарда ойнап отыратындарды жиі кездестіруге болады. «Көше музыканттары» әсіресе демалыс күндері белсенділік танытады. Олар адам көп жүретін қалалық саябақ пен сауда базарларының маңына шоғырланады.

«Көшеде ән салып, түрлі аспапта ойнап отыратындардың әрекетін өз басым құптамаймын. Бұл қайыр сұраудың бір түрі деп білемін. Дегенмен, ондай адамдардың жанынан жай өтпеймін. Азын-аулақ болса да, ақша беремін. Адам көше сыпырса да ақша табуға болады. Тиын болса да, еңбекпен тапқан дұрыс», — дейді Петропавл қаласының тұрғыны Айгүл Балтабаева.
Николай Шишко 2011 жылы жол апатына түсіп, қатты жарақат алған. Жамбасы сынып, ұзақ уақыт бойы емделген. Денсаулығы жарамағандықтан, жұмыстан шығуына да тура келіпті. Мамандығы – эксковаторшы.
«Мен жазда жұмыс істеймін. Эксковаторшыларға қыста жұмыс табыла бермейді. Сондықтан қыста көшеде сырнай тартып, ақша табамын. «Бұлай отырғанша еңбектенбейсің бе?» деп сөгетіндер де бар. Өзіме осы ісім ұнайды. Ешқандай бастығың жоқ. Өзіңе-өзің би, өзің қожа. Суық күндері шықпаймын. Күніне кемі 2500 теңге табамын. Шылым шекпеймін, арақ ішпеймін. Тапқан ақша күнкөріске жетеді», – дейді көше музыканты Николай Шишко.

«Көшеде ән айтып отыратындарға еш қарсылығым жоқ. Кейде жұмыстан шаршап үйге кетіп бара жатқанда құлаққа тиген жағымды ән көңіліңді көтеріп жібереді. Олар қоғамдық тәртіпті бұзып жатқан жоқ. Ешкімнің мазасын алмайды. Ақша берсең де, бермесең де өз еркің», – дейді Петропавл тұрғыны Маржан Бірлікқызы.
Көшеде өнер көрсететіндерге ақша төлеп, белгілі бір әнді орындауға тапсырыс беретіндер де бар. Әсіресе қарт әжелер жастық шағында хит болған әндерді тыңдағысы келеді екен.
Эльмира Кәленова
Фото автордікі
baq.kz