jasqazaq.kz

Индира Раван Нахчивани: Ерікті болуға құштар жастар көп

29 маусым 2023, 14:48

Түкістан облысы, Сарыағаш ауданында волонтерлік ұйымның мүшелері белсенді жұмыс істейді. Қоғамдық жұмыстардың бел ортасынан табылатын еріктілердің бір шоғыры — «Шаңырақ» волонтерлік ұйымының мүшелері. Біз осы ұйымның жетекшісі Индира Раван Нахчиванидан атқарған жұмыстары турасында сұхбаттастық.

— «Арыстанбаб» ұйымы қашан құрылды? Жаңылмасақ, ұйымның атауы қазір өзгеріп, «Шаңырақ» деп аталады екен, бұлай өзгертуге нендей жайт себеп болды?

– Жалпы «Арыстанбаб» еріктілер клубы 2003 жылы Сарыағаш қаласында орналасқан Арыстанбаб жоғары колледжі 2003 жылы ашылғаннан бері құрылды деп айтсам қателеспеймін. Сол кезден бастап колледждің студенттері еріктілік жұмыстарға белсене қатыса бастады. Мен оқуға 2019 жылы түстім, 2 айдан соң клубқа қосылдым. Ал 2020 жылдан бастап клубтың атауы «Шаңырақ» деп өзгеріп, мен клубтың жетекшісі болып тағайындалдым. Өйткені біз «Бір шаңырақтың астында, бір үйдің баласындай» атты ұранмен әрқашанда бірлікпен, татулықпен жұмысты атқарамыз.

– Сарыағаш ауданында сіздерден басқа тағы бірнеше ұйым бар екен. Өзге волонтерлермен әріптестік байланыс орнатасыздар ма?

– Иә, «Бәріміз біріміз үшін, біріміз бәріміз үшін» деп, қиын-қыстау кезеңде де, қызықты ойын-сауық кездерінде де басымыз үнемі қосылып тұрады. Аудандық Жастар ресурстық орталығының жанынан құрылған «Адал көмек» еріктілер клубы, Қапланбек жоғары аграрлық техникалық колледжінің жанынан құрылған «Алғыс» еріктілер клубтарымен тығыз байланыстамыз. Түрлі челлендж, акция және қайырымдылық іс-шараларды бірге өткіземіз. Команда мүшелеріде бір-бірін танып, көмек қолын әрдайым созады.

– Ұйымға мүше жастар қандай қамқорлық істерді жүзеге асырып келеді?

– Әр ай сайын жалғыз басты ата-апалардың үйлеріне көмекке барып тұрамыз. Әр мерекеде қаламызда түрлі челлендждер мен акцияларды ұйымдастырамыз. Ауданды гүлдендіру мақсатында 1700-дей ағаш көшетін отырғыздық. Бұл игі бастама жыл сайын жалғасын тауып, жақсы бір дәстүрге айналып келеді. Аудандық фестивальдарда үнемі концерттік бағдарламаларға ерікті түрде көмек көресетіп жүреміз.

— Жергілікті әкімдік, облыс әкімдігімен бірлесіп іс-шаралар өткізіп тұрасыздар ма? Әкімдіктің волонтерлік ұйымға қолдауы қалай?

– Әрине, өткізіп тұрамыз. Бұл «Арыстанбаб» колледжінің жанынан құрылған еріктілер клубы болған соң, кішігірім қолдауды колледждің әкімшілігі көрсетеді. Мысалы, үздік еріктілерді 2022 жылдың қазан айында Алматы қаласына демалысқа жіберіп, сергіп, тынығып қайтуына мүмкіндік туғызды.

–Ұйым жұмысын жандандыру мақсатында қандай іс-шаралар жүзеге асырылып келеді? Түрлі форум, басқосу жиындар өткізіле ме? Өткізілсе, солардың әрқайсысына жеке тоқталып, тарқатып айтсаңыз.

– Жалпы ұйым әу баста «Арыстанбаб» деген атаумен құрылғанда да, кейін «Шаңырақ» болып өзгертілгеннен кейін де республикалық, облыстық форумдарға бізге шақырту түспеді. Келешекте ондай игі шаралардың ортасынан табылуымызға мүмкіндік туар деп ойламын. Дегенмен де жыл сайын жаңа оқу жылында өзіміз бастамашы болып еріктілік жұмысқа қатысты, волонтерлердің тыныс-тіршілігі турасында замандастарымызға түрлі семинар тренингтер өткіземіз. Мұндағы мақсатымыз айқын – клубымыздың жұмысын жандандарып, қамтитын өрісін кеңейту.

Сонымен қатар оқуға жаңадан қабылданған 1-курс студенттері арасынан волонтерлік салаға қызығатындарын қатарымызға қосу. Міне, осыны негізге ала отырып, игі бастаманы өткізу дәстүрге айналып, жыл сайын ұйымдастырылады. Семинар барысында түрлі логикалық ойындар өткііліп, қатарымызға жаңа қосылған студенттерге ерікті деген кім, оның атқаратын миссиясы қандай, ерікті болған жастар немен шұғылданады, бағыт-бағдары қалай деген секілді көкейінде жүрген сауалын жолдап, жауабын тыңдайды, өзіндік ой-пікірлерін қосады. Біз осылай семинарға қатыстыру арқылы барлығын жан-жақты түсіндіреміз. Одан кейін қызығушылық танытқан сутденттер қатарымызға қосылады.

– Өзіңіз жетекшілік ететін ұйымның еріктілері іске асырған қайырымдылық жұмыстары жайында айтып өтсеңіз.

– Арыстанбаб жоғары колледжінің жанынан құрылған «Шаңырақ» еріктілер ұйымы тек Сарыағаш қаласында, аудан көлемінде шектеліп қалмайды. Қандай да бір игі бастама, сауапты істі қолға алынса, басқа аймақтарға да барып, қолымыздан келер көмегімізді аямаймыз. Мысалы, былтыр Арыс қаласындағы Тәжібаев балалар үйіндегі көкөрім жеткіншектердің тыныс-тіршілігімен танысып қайттық. Құр қол бармай, балалар үйіне қажетті техникалық құрал-жабдықтар, оның ішінде қысқа толқынды пеш, кір жуатын машина, тоңазытқыш секілді тұрмыстық техниканы жеткізіп беріп, жеткіншектердің көңілін тасытып қайттық. Балалармен психологиялық ойындар ойнап, арнайы тренинг, семинар ұйымдастырдық. Ойыншықтар, киім-кешекпен де қамтамасыз етіп келдік. Бұл тек көзбояу, нуақандық нәрсе емес, жыл сайын жүзеге асырылатын қайырымдылық жобаларымыздың бірі.

Келес ауданындағы «Даму» жартылай мүгедектігі бар балаларға арналған орталыққа да арнайы ат басын бұрып, балалардың көңіл-күйін көтеріп қайттық. Одан бөлек, жыл сайын ораза кезінде жолдағы жолаушыларға құрма, су таратуды да дәстүрлі түрде жүзеге асырамыз. Жолаушылар тасымалдайтын, басқа да көлік жүргізетін жолаушыларға, ауыл ақсақалдарына, ауыз бекіткен жамағатқа ауызашар дастарқанын жаю — біздің волонтерлік ұйымның жыл сайынғы бұлжымас міндеті. Қарттық жеңген, еңкейген қариялардың үйіндегі шаруаны атқару, көп балалы, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға қарайласу біздің ұйым мүшелерінің атқаратын шаруасы, тіпті міндеті дер едім. Аудан деңгейінде өтетін түрлі іс-шараларға да біздің ұйымның еріктілері белсенді түрде қатысып жүр.

– Алдағы уақытта қандай жоба-жоспарларыңыз бар, ұйымның атқаратын жұмыстары туралы айтсаңыз.

– Уақыт талабына сай атқарылатын жоба-жоспарымыз көп. Ауданымыздың жасыл желегін көбейтіп, туған өлкемізді абаттандыру ісіне де бізідң еріктілер аз күш салып жатқан жоқ. «Асыл мұра» жобасы бойынша Түркістан қаласына саяхаттап барып, еріктілер тарихи орындарды емін-еркін аралады. Осы қалада таза әлем бағыты бойынша экологиялық семинар ұйымдастырдық. Қоршаған ортаны қорғап, таза ұстау мақсатында экоакция, экологиялық семинарлар өткіздік. Мұның барлығы да біздің волонтерлердің ерен еңбегі арқасында жүзеге асырылып отыр.


Болашаққа деген біздің жоспарымыз айқын. Келешекте тек аудан деңгейіндегі шараларға ғана емес, облыстық, республикалық іс-шараларға да біздің «Шаңырақ» волонтерлік ұйымы қатысады деп сенім артамын.

— Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Қуаныш Рахмет

07 мамыр, 19:59
Алматы облысында Отан қорғаушылар күні айрықша аталып өтті
07 мамыр, 13:25
Айбек Дәдебай: Біздің ісіміз — Әділет! Жолымыз — Заң мен Тәртіп!
06 мамыр, 15:42
Қазақстанда ҰОС ардагерлерінің әрқайсысы 10 мың доллардан астам қаражат алды
06 мамыр, 13:48
Сарыагаш: Вопросы питьевой воды в Дербисеке находятся на постоянном контроле
06 мамыр, 13:46
Туркестан: Весенне-полевые работы идут полным ходом
06 мамыр, 8:59
Нұрлыбек Нәлібаев Премьер-Министрдің бірінші орынбасары болып тағайындалды
05 мамыр, 14:11
Учащиеся Туркестанской области стали призерами чемпионата мира по робототехнике
05 мамыр, 14:09
Сотрудничество Туркестанской области с Узбекистаном выходит на новый уровень
03 мамыр, 14:00
Жайнагуль Толемисова: Новые школы в Туркестане - это шаг в будущее