
Әлеуметтік салада басты мақсаттардың бірі – халықты тұрақты жұмыспен қамту арқылы әл-ауқатын арттыру. Мемлекет басшысының өңірлерде 10 мың халыққа 100 жаңа жұмыс орындарын құру тапсырмасы қаламызда жүйелі орындалып жатыр. Бүгін Астана қаласындағы ҚР Президенті жанындағы орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов осылай деді.
– Халықты жұмыспен қамту шараларына биыл 57 мың адам жоспарланып, оның 42 мыңын тұрақты жұмыспен қамтуымыз қажет. Жыл басынан бері 14 мыңнан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Соңғы жылдары жұмыспен қамту шараларын күшейту арқылы әлеуметтік көмек алушылар саны өткен жылмен салыстырғанда 22 пайызға азайып, 10 794 отбасыны құрады, – деді Мұрат Дүйсенбекұлы.
Айта кетейік, «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту ұлттық жобасы шеңберінде 33 500 адамды жұмыспен қамту көзделіп, бүгінде 20 мыңға жуық адам қамтылған. Сондай-ақ, қалада іске асырылып отырған Ұлттық жобалар шеңберінде және жеке кәсіпкерлердің жеке бастамасымен «2021-2025 жылдарға арналған даму жоспары» бойынша биыл 23 420 жұмыс орыны (тұрақты – 22 044, уақытша – 1376) құрылады. Қазірдің өзінде 10 043 жұмыс орны ашылған.
Биылғы жылы қалада өңдеу өнеркәсібінде 300-ге жуық жаңа жұмыс орнын құрумен 14 жоба іске асырылып, 14 миллиард теңге инвестиция тартылатын болады. Атап айтатын болсақ, «Shymkent Temir» ЖШС – болат блум өндірісін кеңейту жобасы. Құны – 5,0 миллиард теңге, қуаттылығы – жылына 250 мың тоннаны құрайды. Кәсіпорында 50-ге жуық жұмыс орны ашылатын болады. Ал, «Юг PLASTIC KZ» ЖШС – ПВХ-дан ішкі және сыртқы кәріз жүйелерін және үйлерге арналған жаңбыр суағарлары жүйесін өндіру жобасы. Құны – 1,5 миллиард теңге, қуаттылығы – жылына 150 мың тонна, құрылатын жұмыс орындарының саны – 20. Сонымен бірге, «HYDROGEN ENERGY» ЖШС-нің сутегі асқын тотығын өндіру жобасы (производство пероксида водорода). Құны – 4,0 миллиард теңге, қуаттылығы – жылына 8 мың тонна. Бұл жерде 25 жаңа жұмыс орындары ашылатын болады.
Айта кетейік, Шымкентте үш жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан «Мүмкіндіктер алаңы» бос жұмыс орындары жәрмеңкесінде 120 жұмыс беруші мекеме тарапынан 5000-ға жуық бос жұмыс орны ұсынылды. Жұмыс іздеген азаматтарға медициналық, техникалық, жеңіл өнеркәсіп пен басқа да қызмет көрсету салалары бойынша уақытша және тұрақты жұмыс орындарына орналасу мүмкіндігі берілді. «Арбат» алаңында өткен бос жұмыс орындары жәрмеңкесінде Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қарағанды, Қостанай мен Шығыс Қазақстан, Ұлытау және Абай облыстарынан арнайы келген өкілдер бос жұмыс орындарын ұсынды. Аталған іс-шараның мақсаты – қаланың жоғары және орта арнаулы оқу орындарының түлектері мен жұмыссыз жүрген азаматтарды нәтижелі әрі тұрақты жұмыспен қамту. Осыған байланысты қалалық жұмыспен қамту орталығының мамандары жұмыс берушілермен келіссөздер жүргізіп, екі тарапқа да тиімді шарттардың болуын қадағалайды.
Мерей Әлімбек