
Арыстанбек ЖҰМАҒҰЛОВ, «KazMedAspap» ЖШС басқарма төрағасы:
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында ұзақ мерзімді мұнай суперциклінің аяқталғанын және тұрғындардың әл-ауқатын арттыру үшін жұмыс істейтін, әртараптандырылған технологиялық экономиканы құрудың маңызды екенін атап өтті. Бүгінгі күні бизнес реформаларды қажет етеді. Осы орайда, отандық медициналық техника өндірісімен айналысатын «KazMedAspap» ЖШС басқарма төрағасы Арыстанбек Жұмағұловтан қазіргідей күрделі кезеңде бизнесті қалай дамытуға болатыны жайында әңгімелеп беруін өтіндік.
Jas qazaq: Арыстанбек Күзенбайұлы, бүкіл жаһанды жайлаған коронавирус пандемиясының салдарынан әлем елдері экономикалық тығырыққа тірелгені белгілі. Пандемия кезеңі сіздің ұжымның жұмысына қаншалықты әсер етті?

А.Жұмағұлов: Пандемия кезеңінде шетелдік өндірушілердің барлығы дерлік өз жабдықтарын жеткізуден бас тартты. Өйткені олар бірінші кезекте өз елінің мұқтаждығын өтеді. Сондықтан отандық кәсіпкерлерге үлкен салмақ түсті. Әрі зор жауапкершілік жүктелді. Біздің кәсіпорын осы кезеңде Алматы мен еліміздің басқа қалаларындағы медициналық мекемелерді оттегі жабдықтарымен қамтамасыз етуде ең жоғары қуатта жұмыс істеді. Өкінішке қарай, еліміздің денсаулық сақтау жүйесі бүкіл әлем сияқты індеттің өршуіне дайын болмады. Сол себепті, біздің компанияның қызметкерлері таза бөлмеде ғана емес, сонымен қатар коронавируспен ауыратын науқастар жатқан жерде, ковид орталықтары аймақтарында жұмыс істеді. Өз өміріне қауіп төніп тұрса да, олар тәжтажалдан қаймықпай, батылдық танытты, қызметтерін адал атқарды. Оттегі баллондарын алыпсатардың 400-500 мың теңгеден еселеп сатқанын бәріміз білеміз. Қазір Еуропа мен Оңтүстік-Шығыс Азияда ковидтің екінші толқыны басталып кетті. Менің ойымша, алдағы уақытта науқасқа шалдыққандар көбейген күннің өзінде, елімізде оттегімен қамтамасыз ету жағынан қиындық туындамауы керек.

Jas qazaq: Пандемия кезеңіндегі жұмыс жағдайында мамандарға қамқорлық жасалды ма? Кадр тапшылығы болды ма?
А.Жұмағұлов: Біз Алматының іргесіндегі Боралдай маңындағы мобильді госпиталь құрылысына қатысқан кезде, біздің жұмысшылар жобаны мүмкіндігінше тез аяқтау үшін тәулігіне 16-18 сағат жұмыс істеуге мәжбүр болды. Әрине, біз жұмысшыларға жұмыстан кейін жайлы демалу үшін, қаланың бір шетінен екінші шетіне бармауы үшін толық жағдай жасадық, толыққанды тамақтануын ұйымдастырдық. Оттегімен қамтамасыз етуді 18 күнде толығымен аяқтадық.
Біз қызметкерлерімізді қажетті қорғаныс құралдарымен, иммунитетті көтеретін препараттармен толық қамтамасыз еттік. Сондай-ақ сырқаттанған жағдайда оларды дәрі-дәрмек және медициналық көмекпен жеке клиникада емдеуді қамтамасыз ететінімізге кепілдік берілді.
Бірақ біздің қызметкерлеріміздің ешқайсысы да қиыншылыққа қарамастан, жұмыстан бас тартқан жоқ. Біз бірде-бір қызметкерді қысқартқан жоқпыз. Керісінше, штатты 150 адамға арттырдық.
Jas qazaq: Сіздер Қазақстан мен Орталық Азия бойынша көзілдірік линзаларын өндіретін жалғыз мекемесіздер. Пандемия кезінде бұл тұрғыда жұмыстарыңыз қандай деңгейде болды? Компания тағы қандай бағыттарда жұмыс істейді?
А.Жұмағұлов: Пандемия кезінде адамдардың біздің өнімге деген сұранысы арта түсті. Олар көзілдірікке арналған линзаға белсенді тапсырыс бере бастады. Біз үшін бұл күтпеген жағдай еді. Қазір біз мемлекеттік бағдарлама бойынша жұмыс істейміз және линза өндірісі бойынша екінші желіні іске қосуға дайынбыз. Біз сондай-ақ медициналық мекемелерге арналған «таза бөлмелер», операциялық, реанимациялық бөлімді жабдықтаумен айналысамыз. Еліміз бойынша бірнеше жобаны орындадық. Соның бірі – «СӘБИ» қоры қаржыландырған қайырымдылық жобасы аясында Алматыдағы №2 балалар ауруханасын жабдықтадық.
Jas qazaq: Карантин кезінде сіздерде көзді тексерту қиын болды. Үйден шығуға тыйым салынды. Бұл мәселені қалай шештіңіздер?
А. Жұмағұлов: Шынында да, карантин кезінде барлық клиника жабылды. Бірақ біздің қызмет саласына пациенттерді алдын ала жазылым бойынша қабылдауға мүмкіндік берді. Біз оларды қауіпсіз қабылдау үшін барынша шара қабылдадық: қызметкерлерімізді тиісті қорғаныс құралдарымен қамтамасыз еттік, қабылдау бөлмелері өңдеуден өткізіліп тұрды. Біз төрт жылдан бері ультракүлгін сәулелендіргішті қолданамыз, қазір қосымша қондырғы қойдық. Біз тапсырыспен де жұмыс істедік, яғни көзілдірікті тапсырыс берушінің үйіне жеткізіп беруді ұйымдастырдық. Дегенмен тапсырыс беруші офтальмологқа бір рет қабылдауға баруы тиіс. Сондықтан дәрігер үшін де, клиент үшін де қатаң сақтану шарасы қолға алынды. Соның нәтижесінде дәрігерлерімізде де, компания қызметкерлерінде де, клиенттерімізде де ковид жұқтырудың бірде-бір дерегі тіркелген жоқ.
Jas qazaq: Отандық өндіруші ретінде, сіз үшін Президент Жолдауындағы қандай тұжырым ерекше маңызды деп ойлайсыз?
А.Жұмағұлов: Кеңес заманында біз ішкі нарық үшін ғана емес, экспорт үшін де құнды көптеген өнеркәсіптік кәсіпорындарды жоғалттық. Бүгін біз қолда барымызды сақтауымыз керек. Бізде халық шаруашылығы үшін қажетті өнімді сапалы әрі молынан бере алатын бірегей кәсіпорындар бар. Бірақ біз сол өнімді шетелден сатып алуға тырысамыз. Басқа елдерде жағдай басқаша. Мәселен, Испанияда жеміс-жидек пісіп жатқанда, тұрғындар импортпен келген жеміс-жидекті сатып алмайды, қымбат болса да жергілікті өнімді алады. Неліктен біз өзімізде бар бола тұра, біреудің сиырының сүтін ішуіміз керек? Біз өз елімізде шығатын сүт өнімдерін тұтынып, өзіміздің малдың етін жесек, сәйкесінше, еліміздің ауыл шаруашылығы да дамиды. Міне, Мемлекет басшысы осы мәселе туралы жақсы қадап айтты.
«Қазақстандық өнімді сатып ал!» ұстанымы әр қазақстандық үшін ұлттық ұран болуы керек. Біздің кәсіпорындардың жүктемесі туралы қамқорлық министр мен әрбір әкім деңгейінде шешілуі тиіс. Өнімнің үштен екісін шетелден әкелеміз. Бұл көп. Ең бастысы – өндірушілерімізге жұмыс істеуге кедергі жасамау. Отандық өндірушілерді заңды түрде қорғау үшін тиісті шара қарастыру. Президентіміз айтқандай, мен Салық кодексін өзгерту қажеттігімен толық келісемін. Салық отандық өндірушіні, шағын және орта бизнесті тұншықтырмауы тиіс.
Әңгімелескен
Саяхат Боранбаев