jasqazaq.kz

Гүлжан Бекенова: Педагог мәртебесі – білім саласының көрсеткішісі

30 наурыз 2023, 17:16

Бұдан бес жыл бұрын педагогтердің, оның ішінде орта білім беретін мұғалімдердің мәртебесі қандай болды? Әлеуметтік статусы әлсіз, экономикалық әлеуеті де айтарлықтай қуатты емес еді.

Ал «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасының негізгі арқауы ұстаз мәртебесін көтеріп, ағарту саласындағы түйткілді мәселелерді оңынан шешуге бағытталған. Осы орайда біз Алматы қаласы, Алатау ауданындағы жалпы білім беретін №204 мектептің директоры, Алматы қалалық мәслихатының депутаты Гүлжан Бекеновамен сұхбаттастық.

Jas qazaq: Гүлжан Мырзалықызы, сұхбатымызды мұғалімнің беделін арттыруға қатысты сауалдан бастасақ. Педагогтің біліктілігі мен беделін қалай арттырамыз?

Гүлжан Бекенова: Жалпы өзімнің педагогикалық өтілім — 30 жыл. 2001 жылы Алматы қаласына қоныс аударып, содан бері қарай шаһарымыздың білім саласын көтеруге шама-шарқымыз жеткенше үлес қосып келеміз. Алатау ауданына қарайтын «Шаңырақ» ықшамауданындағы № 26 мектепте директордың орынбасары қызметін атқардым. Сол кездің өзінде мектебімізде 3 мыңнан аса оқушы оқитын еді. Бала саны өте көп болды. Сондықтан қаланың басшылығына хат жолдап, тағы бір мектеп салуды сұрадық. «Шаңырақ-1» ықшам ауданынан жер бөлініп, қала әкімдігі мектеп құрылысын бастады. Сол мектеп ашылғанда соған ауыстым. 2007 жылы онда директордың орынбасары қызметін атқарып, 2011 жылы директор лауазымына тағайындалдым.

Jas qazaq: Бұл оқу ошағы кейін лицей статусын алды ғой?

Гүлжан Бекенова: Сұрағыңызға орай, педагог мәртебесіне қатысты мысал есебінде айтайын. Бұл мектеп жалпы білім беретін оқу ошағы ретінде ашылып, төрт жылдың ішінде көрсеткішіміз жоғарылап, лицей дәрежесін алдық. Алатау ауданының құрылғанына үш жыл болғанда ауданымыздан алғашқы «Алтын белгі» иегері біздің мектептен түлеп ұшты. Мұнда 11 жыл директорлық қызметті атқарғанымда әр оқу маусымында алтын белгі иегерлері қанаттанып ұшты. Міне, педагог мәртебесі дегеніміз – білім саласының дәрежесі.
Педагог мәртебесін көтеру бағытында талай жұмыс атқарылып жатыр. Түрлі конкурс, білім гранттары да мұғалім өресін биіктетіп, өз мамандығының майталманы атануына жол ашады. Бірнеше жыл бұрын «Ең үздік ұйым» білім грантының конкурсына қатыстық. Алғашқы жылдары ынталандыру сыйлығын алсақ, үшінші рет «Үздік ұйым» номинациясы біздің мектебімізге бұйырды. Білім грантының қомақты қаражаты мектеетің материалдық-техникалық базасын жаңалауға мүмкіндік берді. Одан кейінгі жылы «Үздік ұжым» аталымы бойынша конкурста мектебіміздің ұжымы үздік шықты. Грант есебінде берілген сыйақы қаржысы мектептегі педагогтерімізге сыйақы ретінде бөлініп берілді. Міне, осындай конкурс-байқаулар, білім бәйгесі де мұғалімнің беделін көтеріп, жұмысына деген ынтасын арттырып, қызығушылығын оятады.

Jas qazaq: №204 мектептің оқушылары 2022-2023 оқу жылында қандай жетістіктерге қол жеткізді?

Гүлжан Бекенова: Мектеп өткен жылы қыркүйек айында ашылды. Жаңадан ашылған мектебімізде 3 мыңға жуық бала білім алады. 200-ден аса педагог маманымыз бар. Пән мұғалімдерін арнайы конкурспен тест бақылауынан өткізіп қабылдадық. Спорт саласында оқушылардың жетістігі ерен. Алатау ауданында 30 мектеп болса, біз спорттағы жетістіктеріміздің нәтижесінде үштіктеміз. Пән мұғалімдері де қалалық конкурстарға қатысып, білім бәйгесінде үздіктер қатарынан көрініп жүр. Пәндік бәйгелерден де оқушыларымыз олжалы оралады. Ғылыми жобалардан да үздіктер қатарында.

Jas qazaq: «Білімді ұлт» — сапалы білім беру» ұлттық жобасының бір саласы мектеп тапшылығын азайтуға бағытталған. Үш, екі ауысыммен оқу тәжірибесінен бас тарту. Осы ұлттық жобаның аясында салынған білім ошағын басқарып келесіз.

Гүлжан Бекенова: Алатау ауданына қарасты «Саялы» ықшам ауданында ашылған мектеп 1500 балаға арналған. Алматыда бұрын мұндай үлкен мектеп салынбайтын. 800-1000 балаға лайықталып бой көтеретін. Демек орын тапшылығын жоюға, балалардың қысылып-қымтырылмай оқуына мемлекет күш салып жатыр. Алматы әкімдігінің де мектеп пен балабақша салуды басты назарда ұстайтыны осындай істермен айқындалады. Алатау ауданында келешекте «Жайлы мектеп» жобасымен бірнеше білім ошағы салынады деген жоспар бар. Мұның барлығы «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасының ясында жүзеге асады.

Сұхбаттасқан Қуаныш Рахмет

03 тамыз, 18:34
OPEC+ квотаны көбейтті. Енді мұнай тасымалы тоқтамасын деп тілейік!
31 шiлде, 23:19
Әскери оқу-жаттығу - елдің қорғаныс қабілетін нығайтуда маңызды фактор
30 шiлде, 16:00
Криминогендік ахуал: құқықбұзушылық азайып, қылмысты ашу деңгейі өсті
29 шiлде, 14:46
БҰҰ-ның бітімгерлік миссиясы арқылы Қазақстанның халықаралық беделі арта түсті
27 шiлде, 14:13
Цифрлық даму – ел болашағының кепілі
27 шiлде, 14:07
Терроризмге қарсы ымырасыз күрес ешқашан тоқтамайды
24 шiлде, 20:33
Шетелдік сарапшылар: Жаһандық бейбітшілікті баянды етуде Қазақстанның үлесі зор
24 шiлде, 14:03
Қазақстан - Қытай ынтымақтастығы: Білім экономикасына бетбұрыс
23 шiлде, 16:00
Әкімжан Үмбеталин: Киберқылмысқа қарсы ымырасыз күрес оң нәтижесін беруде