
Қаржы гранттарының көбінесе ғылыми маңызы, өзектілігі жоқ жобаларға берілетіні ешкімге жасырын емес. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында осылай деп атап көрсетті.
«Университеттегі ғылымды жүйелі түрде дамыту үшін ғылыми мекемелердің ауқымды желісін қалыптастыру қажет. Аймақтарда академиялық артықшылық орталықтарын, сондай-ақ технопарктер, инжиниринг хабтары мен зертханалар ашуды тапсырамын. Бұл ретте аймақтың ерекшелігімен қатар, ғылыми-технологиялық және экономикалық даму басымдықтарын ескеру маңызды.
Ғылымды мемлекет тарапынан қаржыландыруға ғалымдар, нақтырақ айтқанда, псевдоғалымдар «майшелпек» ретінде қарамауы керек екенін баса айтқым келеді. Қаржы гранттарының көбінесе ғылыми маңызы, өзектілігі жоқ жобаларға берілетіні ешкімге жасырын емес. «Парасат» ғылыми холдингінде болған өкінішті жағдай – осының анық мысалы. Бөлінген қаражаттың бәрі құмға сіңген судай болды. Ал оның бұрынғы басшысы, химия ғылымдарының докторы Америка азаматтығын алып, отбасымен бірге елден кетіп қалды.
Еліміздегі зерттеу университеттерінің санын біртіндеп көбейту қажет. Шетелдің жетекші жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу тәжірибесін жалғастыру керек», — деді Президент.
JQ-Aqparat