Тараздың талантты жас футболшысы Еркебұлан Сейдахмет туралы түрлі алыпқашпа әңгімелер жиі айтылып жүр. Тіпті испаниялық, голландиялық скауттар да көз тігіп жүр дегенді естиміз. «Жас қазақ» ұлттық апталығының тілшісі жас дарынның агенті Георгий Хутидимен пікірлескен еді.

— Георгий Павелұлы, Еркебұлан туралы әртүрлі пікірлерді айтылып жүр. Өз аузыңыздан естісек…
— Не айтуға болады?.. Біріншіден, ол — әлі жас бала. Ешқандай жетістігі жоқ. “Зениттің” жастар командасында қаралымда болып келді. Бірақ ол Сейдахмет “жұлдыз” болды дегенді білдірмейді ғой? Солай емес пе? Қазір “Тараз” командасымен Алматыға кетті.
— Сабағына кедергі жоқ па?
Оның бәрін қадағалап отырмыз. Еркебұланның үлгерімі ойдағыдай , сабақты жақсы оқиды. ҰБТ-ға дайындалып жүр. Оған барынша жағдай жасап жатырмыз.
— Жақында белгілі ресейлік футбол агенті Дмитрий Селюктің өз әріптестеріне бұрынғы Кеңес одағы елдерінің жас таланттарына Ресей азаматтығын ұсынып, оларды өз елдеріне тарту керектігін жайлы кеңес берді. “Еркебұланға испаниялықтар көз тікті, Гранаткин мемориалында өзін ең жақсы жағынан көрсетті”, деген Селюктің пікірі туралы не айтасыз?
— Түймедейді түйедей етіп көрсетудің қажеті шамалы. Тағы қайталаймын, Еркебұлан ерлік жасаған жоқ. Футбол — оның жұмысы. “Зенит” сапында 4 гол соққан екен, бәрі шулап кетті. Селюктің өз пікірі өзіне. Оның да пікір айтуға хақысы бар. Мән бермеу керек. Сейдахмет ешқандай елдің азаматтығын алмайды. Ол талқылауға жатпайды.
— Сіздер оған сұхбат беруге қатаң тыйым салыпсыздар…
— Енді қалай?! Ол өзін “жұлдыз” сезінбеуі керек. Кері әсерін тигізеді. Тынбай еңбек етуі, өсуі қажет. Әріптестеріңізден өтініп сұраймын , оны мазаламаңыздар. Ұлттық құрамада ойнап, әр ойында доп салып жүрсе, сол кезде сұхбат береді.
— “Тараз” клубына ауысуы қаншалықты дұрыс деп ойлайсыз?
— Мен сізді түсіндім. Оқуын меңзеп тұрсыз ғой. Еркебұлан тек Таразда өтетін матчтарға қатысады. Түздегі матчтарға бармайды. ҰБТ-дан кейін көреміз.
— Ұлттық құраманың жағдайы мәз емес, жанкүйерлер Еркебұланға үмітпен қарайды. Сол себептен шығар, оның жасыл алаңда ғана емес одан тыс жерлерде де әспеттеліп жүргені?
— Оныңыз рас. Өзіміз де оған үлкен сенім артамыз. Мен оның әкесі сияқтымын. Бар қамқорлығымды танытып келемін. Алты жастан бастап, 11 жыл бойы біздің қарамағымызда талмай еңбек етіп келеді. Жемісін жейтін уақыт та жақын қалды деп сенемін!
Дайындаған Мадияр Арыстанбаев