

Қоршаған ортаның қалпын сақтап, күтімге алу ісінде мемлекеттік ұлттық табиғи парк ұжымының атқарып келе жатқан шаруасы өте ауқымды. Жаздың аптап ыстығында, күздің қара суығында, қыстың азынаған аязында, көктемгі көкөзек шақта да тау мен тасты кезіп, өзен-суды кешіп, қоршаған ортаға қорған болып жүрген жандардың тыныс-тіршілігін білу үшін «Алтын-Емел» ұлттық табиғи паркі директорының орынбасары Ғалым Ахметбековпен сұхбаттастық.

– «Алтын-Емел» ұлттық паркінде қанша қызметкер жұмыс істейді?
–«Алтын-Емел» МҰТП қызметкерлерінің жалпы саны — 144 адам, оның ішінде 79-ы штаттық қызметкерлер (инспекторлық құрам), 65-і техникалық қызмет атқаратын штаттық бірлікте жұмыс істейді.

— ЮНЕСКО-ның мұралар тізіміне енген ұлттық паркте қандай сирек кездесетін өсімдіктер өседі, жан-жануар, аң-құс мекендейді?
– 2017 жылы «Алтын-Емел» ұлттық табиғи паркі ЮНЕСКО-ның биосфералық резерваттары тізіміне еніп, халықаралық биорезерват мәртебесіне ие болды.
Парк аумағында сүтқоректілердің 70, құстардың 260, бауырымен жорғалаушылардың 25 түрі мекендейді. Олардың 44 түрі Қызыл кітапқа енгізілген. Оның ішінде сүтқоректілердің 11 түрі (құлан, арқар, қарақұйрық, қар барысы, Тянь-Шань қоңыр аюы, Түркістан сілеусіні және т.б. бар) құстардың 28 түрі (бүркіт, жыланшы, қарақұс, сақалтай, құмай, тырна, дуадақ және т.б). Өсімдіктердің 1800 түрі өседі, олардың ішінде 29 түрі эндемикалық және сирек кездесетін өсімдік түрі саналады. Мәдени түрлердің жабайы тұқымдарынан Сиверс алмасы, кәдімгі өрік, Тянь-Шань шиесі бар.

«Алтын-Емел» паркінің аумағында Қызыл кітапқа енген, осы аумақты мекен ететін аңдарға жыл сайын санақ жүргізіледі. Осы жылғы санақ қорытындысы бойынша қарақұйрық — 5360 бас, құлан — 3586 бас, арқар 179 бас, қар барысы10 бас болды.
– Жақында өткен «Парктер шеруі-2023» экологиялық акциясы туралы кеңінен тарқатып айтсаңыз.
– Жыл сайын «Алтын-Емел» мемлекеттік ұлттық паркіндегі «Парктер маршы» акциясы өз ауқымын ұлғайтып, өз жемісін беруде. Мұның дәлелі ұлттық саябақтағы талапты, тәртіпті бұзушылықтың азаюы, жергілікті халықтың табиғатты қорғауға деген қызығушылығының ұлғаюы, жыл сайын ұлттық саябаққа келетін туристер ағынының артуынан байқалады. Тағы бір қуанарлығы жыл сайын акция іс-шараларына көбірек жастар қатысады. «Парктер маршы – 2023» акциясының үлкен жетістігі ұлттық парктің міндеттері мен проблемаларына демеушілердің қызығушылығын танытуы дер едік. Олардың техникалық көмегі ұлттық паркке табиғатты қорғау жұмысын, ғылыми жұмысты жақсартуға және тұрғындар, оқушылар мен студенттер арасында экологиялық насихат пен үгіт жұмысын арттыруға, жаңа деңгейге көтеруге көмектеседі.
Біздің республикамыздың әрбір азаматының міндеті — елдің табиғи байлығын, оның ішінде оның ең әдемі бұрышы – «Алтын-Емел» ұлттық паркін ұлттық қазына ретінде өзі және ұрпақтары үшін сақтау болып саналуы тиіс. Акцияны ұйымдастырушылардың бұл үндеуі әрбір азаматтың жүрегіне жетеді деп сенгім келеді. «Парктер шеруі-2023» экологиялық акциясында 20 түрлі іс- шара өткізілді. Оның ішінде Халықаралық құстар күні, көңілді эстафета, «Бояулар құпиясы» мектеп оқушылары аралық жас суретшілер байқауы, «Таза жағалауу» кең ауқымды табиғат қорғау акциясы, «Жәндіктердің тіршілігі» атты іс-шара, «Тазалық — табалдырықтан басталады» атты акция және
«Табиғат — бұл барлық сұлулықтың қайнар көзі» атты тақырыпта Талдықорған қаласы, Жетісу ақпараттық орталығында дөңгелек үстел өтті.

– Осы акция аясында ұлттық парктің шекарасымен шектесетін ауылдармен бірлесіп іс-шара өткізесіздер ме?
– Тазалық – адамның рухани, мәдени жетілу деңгейінің, кісілігі мен тәрбиесінің маңызды көрсеткішінің бірі. «Алтын-Емел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі мамыр айының 18-і күні «Парктер шеруі-2023» экологиялық табиғатты қорғау акциясы аясында Басши ауылдық округі әкімінің аппаратымен бірлесе «Тазалық — табалдырықтан басталады» атты акция ұйымдастырды. Аталған іс-шара Сарыөзек-Көктал тас жолының 70-ші шақырымында, тас жолдың бойындағы ағаш түптерін әктеп, маңайды қоқыстан тазарту жұмыстары жүргізілді.
Халықаралық экологиялық «Парктер шеруі – 2023» акциясы аясында ұйымдастырылған кезекті велошеру «Мәскеу қаласының велотуристер клубы» АҚБ қатысуымен өтті. Шеруге қатысушылар «Айғайқұм» табиғи ескерткіші, 700 жылдық тал, Ақтау тауларына саяхат негізінде ұйымдастырылды. Велошерудің мақсаты — экологиялық таза көлік түрі арқылы саяхаттауды насихаттау, экологиялық туризмді дамытуға күш салу.

«Парктер шеруі-2023» экологиялық акциясы аясында «Жәндіктердің тіршілігі» атты іс-шара өтті. Жәндіктер шамамен 400 миллион жыл бұрын пайда болған, олар динозаврлар дәуірін ғана емес, сонымен қатар бірнеше жаһандық табиғат өзгерісін бастан өткергені жайында да құнды деректер айтылады. Қазіргі уақытта жәндіктердің миллионнан астам түрі белгілі, бірақ ғалымдар Жер бетінде 2-ден 8 миллионға дейін жәндік түрі тіршілік етеді деп санайды. Соңғы деректер бойынша, Ұлттық табиғи паркінің энтомофаунасында 2000-ға жуық жәндіктер мен басқа да омыртқасыздар тіршілік етеді. Олардың көбісі халықаралық және республикалық Қызыл кітаптарына енгізілген. Акция аясында «Райымбек батыр атындағы орта мектеп» оқушыларымен бірлесіп, жәндіктерге ұя жасалды.

Одан бөлек, «Бояулар құпиясы» мектеп оқушылары аралық жас суретшілер байқауы бойынша қатысушыларға мадақтамалар, бағалы сыйлықтар табысталды. «Парктер шеруі – 2023» экологиялық табиғатты қорғау акциясы аясында ұйымдастырылған жас суретшілер байқауында қатысушылар Ұлттық парк табиғатын тамашалап, алған әсерін қағаз бетіне түсірді. Қатысушыларға Алғыс хат табысталды. Марапаттау рәсімі «Алтын-Емел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі бас директоры Қуат Нұрахимұлұлы Байтұрбаевтың қатысуымен өтті. Байқау барысында оқушылар табиғи, тарихи ескерткіштерді сақтап қалу туралы ойларымен бөлісті.
2023 жылы 8 сәуірде Қапшағай су қоймасында Балқаш-Алакөл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы, балық шаруашылығы субъектілерінің қорықшылық қызметінің қызметкерлері, «Қайықтар шебері» қоғамдық ұйымының еріктілері, Алматы облысының Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері және жергілікті атқарушы орган қызметкерлерінің және «Алтын-Емел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің қатысуымен, «Таза су айдындары», «Таза жағалау» кең ауқымды табиғат қорғау акциясы өтті. Акцияның мақсаты, Қапшағай су қоймасының акваториясын қолдануға тыйым салынған балық аулау құралдарынан тазарту және жағасын қоқыстан тазарту мақсатында өтті. Акцияға 50 адам қатысты, сондай-ақ 25 бірліктен астам жүзу құралдары жұмылдырылды.
Қапшағай су қоймасының жыл бойы балық аулауға тыйым салынған аймағын торуылдау барысында, су айдынынан қолдануға тыйым салынған 30 км астам балық аулау құралдары алынып, одан әрі жою үшін жағаға шығарылды. Жағадан 100 кг қоқыстан тазартылды.
«Алтын-Емел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде «Парктер шеруі – 2023» экологиялық табиғатты қорғау акциясы аясында «ТАЗА БОЛСА ТАБИҒАТ – АМАН БОЛАР АДАМЗАТ» тақырыбында Басши ауылдық округі белсенділерімен бірлесіп ағаш отырғызу жұмыстары да тұрақты жүргізіліп отырады.
– «Алтын-Емел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне келуші туристерге қоршағаны ортаны қорғау жөнінде нұсқаулық таратыла ма?
– «Алтын-Емел» мемлекеттік табиғи ұлттық паркінде 3 туристік бағыт жұмыс істейді. Туристік маршруттар орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің 17.03.2023 № 27-5/51-НК бұйрығымен бекітілген. Келген әрбір турист бақылау өткізу пунктінде тіркеледі, паркке бару ережелерімен және қауіпсіздік техникасымен танысады, аумақта болу ережелері түсіндіріледі. Түсіндіру барысында нұсқаулық парақшасы беріледі. Туристердің паркке кіруі мен шығуы қатаң бақылауда болады.
– Мемлекеттік ұлттық табиғи парк экология және табиғи ресурстар министрлігінің орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне қарайды. Орман алқабына ағаш көшеттерін отырғызу, өсімдіктерді күтімге алу жұмыстары қалай жүргізіледі?

– «Алтын Емел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде орман құрылымы бойынша Орман алқабына ағаш отырғызыу жұмыстары қарастырылмаған. Алайда көктем айында кордондар айналасына ағаш көшеттері отырғызу және күтіп баптау жұмыстары жүргізіледі. «Бүкіл қазақстандық ағаш отырғызу күні» экологиялық акциясы аясында, ормандарды сақтау және жаңғырту идеясын қолдау үшін, «Туған жердің жасыл желегін сақтау және молайту бүкіл қазақстандықтардың борышы» атты тақырыпта, «Алтын-Емел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі қызметкерлері парк аумағында әртүрлі ағаш түрлерінен 100 түп ағаш көшеттерін отырғызды. Өсімдіктерді күту жұмыстары жоспарға сай кезең-кезеңімен әр орманшылықта, жыл сайынғы өрт қаупі кезеңінде алдына-алу шаралары «Алтын Емел» МҰТП-і аумағында тұрақты түрде жүргізіледі. Мұның барлығы да қоршаған ортаны қорғау мақсатында іске асырылып келеді.
Сұхбаттасқан Қуаныш Рахмет
Суреттер «Алтын-Емел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің сайтынан алынды