Филиппин президенті Родриго Дутерте жемқорлықты азайту үшін пара алатын шенеуніктерді тікұшақтан жерге қарай тастауға уәде берді.

Бұл туралы The Philippine Star газеті жазады.
Мемлекет басшысының айтуынша, осындай қатаң шарамен ғана жемқорлықты жеңуге болады екен. Дутертенің әзілдеп тұрғанына күмән бар. Өйткені ол бірде зорлық пен адам өліміне кінәлі қытайлықты тікұшақтан төмен қарай тастап жіберіпті.
“Егер сіз жемқор болсаңыз, онда мен сізді тікұшаққа мінгізіп алып, сосын биіктіктен жерге қарай тастай саламын. Мен мұны бұрында да істегенмін. Неге оны қайталамасқа?”, – дейді президент.
Бұған дейін Дутерте есірткі тасымалы бойынша күдіктілерді жеке өзі өлтіретінін ашық айтқан еді. Кейінірек, оның күдіктілерді жазалауы БҰҰ-ның ашуын туғызған.