jasqazaq.kz

Еуразиядағы жаңа әуехаб

Бүгін, 10:04

«Cargolux Airlines» Қазақстанға қайта оралды! Люксембургтің әуе жүк тасымалдаушысы осы айдан бастап Астана халықаралық әуежайы арқылы транзиттік сапарын жүзеге асырады. Келісім бойынша, компания мұндай сапарды аптасына 14 рет жасауы тиіс. Келешекте оның саны 21-ге дейін көбейеді.

Бұл, сөз жоқ, еліміздің алып Еуразиядағы сенімді де тиімді әуехабына айналып келе жатқанына тағы бір айқын дәлел. Ал күні кеше кейбір сарапшылар геосаяси дүрбелеңді алға тартып, әуе кемелері аялдайтын мекен енді Қап тауының күнгейі (Оңтүстік Кавказ) болады деп жүр еді…

Жүк қана емес, жолаушы тасымлдайтын компаниялардың да Қазақ еліне жаппай бет бұруы бекер емес. Біріншіден – қауіпсіз. Екіншіден – географиялық тұрғыдан оңтайлы: Еуразияның қақ ортасында. Үшіншіден – экономикалық тұрғыдан тартымды. Мұны тарқатып айтқан абзал. Өйткені, алғашқы екі талапқа сай мемлекет те, әуежай да табылады. Тек мейлінше сапалы сервис, қалта көтерер баға ұсына алатындар сирек. Әсіресе, теңіз жолдары жабылып, авиаотын бағасы аспандап кеткен соңғы жылдары. Оның үстіне, Ормуз өткелінің бітелуі де осы нарықтағы ахуалды ушықтырып жіберді. Соңғы мәліметке жүгінсек, Шығанақта шырғалаң басталғалы бұғаздан 988 танкер өтіпті. Бұл — қақтығысқа дейінгі бір аптадағы көрсеткіш. Осыдан авиакеросиннің қандай қат тауарға айналғанын бағамдай беріңіз.

Дегенмен, экономика ойшылдарды айтқандай, дағдарыстың өзі терең тығырықтан алып шығатын жаңа мүмкіндік. Бұл ретте прагматикалық көзқарас пен икемді шешімнің маңызы зор. Осыған орай, елімізде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен саланы әртараптандыру (диверсификация) қолға алынды. Бұл жерде әдемі әуежай, тамаша терминал, тақтайдай тегіс ұшу-қону алаңын салумен әуехаб құрылмайтыны баса ескерілді. Сондықтан ұшақтың қанатымен құйылатын керосин бағасы тартымды, қызмет көрсету мінсіз болуы тиіс. Айта кетейік, әлемдік нарықта оның орташа құны тоннасына 1150 доллар болса, бізде әжептеуір төмен. Аталған жобаны іске асырғанда ел Үкіметі, энергетика және көлік министрліктері, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы бірлескен іс-қимыл мен үйлесімнің үлгісін көрсете білді. Ең басты түйткіл – шетелдік компаниялардың ұшақтарын халықаралық стандартқа сәйкес отынмен қамтамасыз ету мәселесі шешіле бастады. Осы мақсатпен отандық мұнай өңдеу зауыттары Jet A-1 авиакеросинін өндіруге кірісті. Бір бөлігін сырттан әкеліп жатыр. Сала мамандарының пікірінше, төртінші мұнай өңдеу зауыты іске қосылғанда стандартқа сай керосин мәселесі түбегейлі шешіледі. Осы арада кәсіпорындарға сапалы өнім беретін шикізат қажет екеніне тоқталған жөн. Бұл ретте сарапшылар Теңіз және Қарашығанақтың ашық түсті әрі жеңіл мұнайын ауызға алады. Осы кен орындарындағы қара майды ішкі нарыққа бұру да көкейкесті міндеттің бірі. Бұған қоса, Еуроодақ енгізген ережеге сәйкес, «ҚазМұнайГаз-ға қарасты «ҚМГ –Аэро» компаниясының мұрындық болуымен Солтүстік Қазақстан облысында биоэтанолдан SAF авиаотын өндіру жүзеге асырылмақшы. «Jas Qazaq» кәдімгі бидайдан алынатын осы отынның тиімдігі жөнінде жазған болатын.

Міне, осы «ҚМГ — Аэро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Алматы әуежайында тағы бір шетелдік компанияның ұшақтарын жанармаймен қамтамасыз ететін болды. «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясынан біздің порталымызға хабарлағандай, алдағы 12 маусымнан бастап, «FlyOne Armenia» әуе компаниясы Ереван-Алматы-Ереван бағыты бойынша тұрақты жолаушы тасымалы сапарын жүзеге асырады. Тараптар арасында қызмет көрсету бойынша тиісті құжатқа қол қойылды.

Осылайша, әуе хабы арқылы еліміздің транзиттік әлеуеті мен әуежайдағы инфрақұрылым мүмкіндігін арттыру бағытында маңызды қадам жасалды.

Срайыл Смайыл

Сурет: aviacenter

Бүгін, 14:04
В Туркестане стартовал «Летний книжный Fest»
Бүгін, 12:41
В Кентау расширяется сфера применения казахского языка
Бүгін, 10:04
Еуразиядағы жаңа әуехаб
09 маусым, 12:56
Туркестанский регион станет цветочным хабом
09 маусым, 12:54
Туркестанская область усиливает инвестиционно-технологическое сотрудничество с Китаем
08 маусым, 13:31
Туркестан: Реализация инвестиционных проектов находится на постоянном контроле
08 маусым, 13:27
В Туркестанской области объем валовой продукции сельского хозяйства достиг 206 млрд тенге
08 маусым, 13:16
Туркестан: В Сарыагашском районе модернизируют систему питьевого водоснабжения
08 маусым, 13:12
Предприятие в Кентау перерабатывает пластиковые отходы и экспортирует продукцию за рубеж