
Өткен аптада Жаңаөзендегі мұнайшылар жалақыны көтеруді талап етті. Олардың өтініші ескеріліп, айлықтары 20 пайызға көтерілетін болды. Бұл экономикалық тұрғыдан қаншалықты тиімді? Осы саладағы айлық индексі қалай есептеледі? Халықты алаңдатқан күнделікті тұтынатын азық-түлік бағасын қалай ауыздықтаймыз? Осы және өзге де сұрақтарды журналист, КТК тілшісі Асқарбек Қазанғап белгілі экономист Меруерт Махмұтоваға қойды.
А.Қазанғап: Әңгімені Жаңаөзендегі мұнайшылардан бастасақ. Олардың талабынан кейін жалақысы 20 пайызға көтерілді. Айталық, бұрғылаушылар айлықты 50-100 пайызға дейін көтеруді талап етті. Бірақ ресми компанияның дерегінше, олардың орташа айлығы 887 мың теңге екен. Елдегі ең төменгі жалақы 60 мың теңге екенін ескерсек, олардың осы талабы қаншалықты қисынды?
М.Махмұтова: Енді дәл осылай келтіргенде, олардың ақшасы артылып қалатындай көрінеді. Бірақ бір отбасында 5-6 баладан болуы мүмкін ғой. Балалары болғаннан кейін анасы үйде. Бұл бір ғана адамның емес, бүтін бір отбасының жалақысы.

1990-91 жылдағы Қазақстанның жалпы ішкі өнімін алсақ, ол кезде жалпы ішкі өнімнің 34 пайызы ауыл шаруашылығының үлесінде еді. Ал қазір жалпы ішкі өнімде ауыл шаруашылығының үлесі 4,8-5 пайыз ғана. Демек ауыл шаруашылығының үлесі 9 есе төмендеген. Бізде азаматтардың 3,4 пайызы ғана мұнай саласында жұмыс істейді. Дәл сол Жаңаөзенде қанша адам тұрып жатса, олардың бәріне бірдей мұнай саласында жұмыс табылмайды. Сондықтан мұнай саласында жұмыс істеп жатқандар табысының өскенін қалайды. Себебі оларға өмір сүру керек, бала-шағасын асырау керек.
А.Қазанғап: Сіздің айтайын деген ойыңыз, бір отбасынан бір ғана адамның жұмыс істеуі мүмкін деген ой ма?
М.Махмұтова: Иә, соны айтып отырмын. Өйткені Жаңаөзенде басқа саладан жұмыс табу мүмкіндігі шектеулі.
А.Қазанғап: Бұл салада айлық индексі қалай есептеледі? Мұнай өнімі өзінің өзіндік құнына тәуелді ме?
М.Махмұтова: Мұнай өндіретін, қызмет көрсететін компаниялар бар. Әр компанияның өзінің бизнесіне байланысты. Басқа экономикалық секторға келетін болсақ, Жаңаөзенде ауыл шаруашылығы секторы жоқ. Одан бөлек, жеңіл өнеркәсіп те дамып жатқан жоқ. Бұл Жаңаөзенде тұрып жатқан азаматтардың кінәсі емес. Бұл біздің 30 жылдан бері қолданған экономикалық саясатымыздың қорытындысы дегім келеді. Өзіміздің зерттеуіміз бойынша халықаралық деңгеймен салыстырсақ, біздің еліміз даму бойынша орта деңгейден жоғары мемлекет санатында. Сондықтан жан басына шаққандағы кедейлік деңгейі 5,5 доллар болуы керек. Мәселен, былтырғы жылғы бағалармен салыстырсақ, кедейлік деңгейінің өзі 63500 болуы керек еді.
А.Қазанғап: Осы айлық дегеннен шығады. Жалпы қазір халықты алаңдатқан басты мәселе — күнделікті тұтынатын азық-түлік бағасының тұрақтамауы. Тіпті әрі қарай көтерілуі десек те болады. Ол турасында Президент «баға қадағалансын» деген тапсырма берді. Бірақ арада алыпсатар бар. Тауар тиісті орынға жеткенше, бағасы да өсе түседі. Бағаны қадағалау үшін, ол механизмнің дұрыс жұмыс істеуі үшін қайтпек керек?
М.Махмұтова: Тұтынатын тауарлар сырттан әкелінеді. Өкінішке қарай, азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі шешілмеген. Таяуда ғана ауыл шаруашылығын 2025 жылға дейін дамытуға арналған жобаны қарасам, ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын екі есеге дейін көтеру қарастырылған екен. Бізде бір бағдарламаны екінші бағдарламаға косып қарастыра береді. Экспортты ұлғайту үшін ішкі нарық импортпен ғана жабылып отыр. Ал бізде импорт экспорттан асып кетеді.
А.Қазанғап: Қателеспесем, жылына 3 млрд долларға өнім келеді шетелден…
М.Махмұтова: Біз 4 млрд импорт алып, 3 млрд экспортқа жұмсап отырмыз. Бізде баға неге жоғары десеңіз, шетелден келіп жатқан банан мен ананасты былай қойғанда, картоп, пияз, қиярмен ішкі нарық жабылып отыр. Тауық етін, тіпті еттің өзін Аргентинадан алып отырмыз. Сондықтан біздегі ішкі нарықтың бағалары импортқа байланысты. Бәсеке болмаған соң, біздегі баға да өте жоғары. Баға демекші, 2020 жылы дәл пандемия кезінде бағаны субсидиялау мақсатында «Магнум» сауда орындарына бюджеттен субсидия бөлінді. Бірақ дүкенге тауар сатып алуға бай да, кедей де келеді. Сөреде сары түспен көрсетілген баға — субсидия бөлінген тауарлар. Менің ойымша, ол бағадағы тауарды кедейлерге беру керек. Мысалы, көпбалалы отбасылар, мүгедек жандар, жасы келген зейнет жасындағы қариялар. Ірі сауда орталықтары субсидияны қалай қолданып жатыр, ол жағы бақыланбайды. Оған біздің көзіміз жетіп отырған жоқ.