
Бүгін Астанада «Ермегияев ісі» бойынша сот отырысы өтті. Төрағалық етуші судья Әділхан Шайхисламов 12 айыпталушыға қатысты бөлек өндіріс енгізді. Ол бұл орайда процессуалдық шешімге қол қойылатынын хабарлады. Сөйтіп, мемлекет ақшасын қымқырғандар ісі екіге бөлінді.
Айта кетелік, сәуірде басталған атышулы сот процесі аяқталуға жақын қалды. Айыпталушы орындығында отырған 24 адамның 14-і өз кінәсін мойындады. Бас кейіпкер – Талғат Ермегияев сотқа қазір қандай да бір түсінік беруден бас тартып отыр. Ол өз кінәсін де мойындаған жоқ. Сот барысында зардап шеккен тарап – «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ-ы Т. Ермегияевке қатысты 10 млрд. теңгені өндіріп беруді өтінген болатын. Алайда сот қорғаушы тараптың ұсынысын ескере отырып, бұл өтінішті қанағаттандырған жоқ.
Төлен Тілеубай, Астана