Ерлікке тағзым

06 мамыр 2022, 11:02

Смайылов Боранбай

1941 жылдың соңы мен 1942 жылдардың басында әскери публицист Илья Эренбург қазақ жауынгерлерінің ерлігін суреттеген екі очеркін жариялады. Бірі – «Истрада», екіншісі «Қазақтар» деп аталды. Екінші жазбасында ол тұтқынға түскен немістің сөзін келтіреді: «Бізге қарсы жаужүрек солдаттар соғысты. Оларды ешқандай от тоқтата алмайтын. Тура бізге қарай ұмтылды. Кейін олардың қазақ екенін білдім. Бұған дейін ондай халық бар екенін білмеппін».

«Мен Ржевті ұмытпаймын»

Эренбургтің мақаласындағы сол қайсар қазақтар 1941 жылы Алматы мен Ақтөбеде жасақталған 100-ші және 101-ші жеке атқыштар бригадасының сарбаздары болатын. Олар Ржев шайқасында асқан жанкештілігімен көзге түсті.

Соңғы жылдары бір қауым тарихшы мен журналистердің күш-жігерімен Ржев шайқасы Екінші дүниежүзілік соғыстағы елеулі оқиға ретінде айтыла бастады. «Кеңес дәуірінде онша мән берілмеді, әскери қолбасшылардың қателігінен қаншама адам текке қырылды» деген пікір де жоқ емес.

Шындығында, Ржев түбіндегі шайқас кеңестік тарихи жылнамада бір емес, бір-бірімен байланыспайтын бірнеше операция деп көрсетілді. Ржев қаласына немістер 1941 жылы басып кіргенде, бұған онша маңыз берілмегені рас. Өйткені бүкіл күш Мәскеуді қорғауға жұмылдырылды.

Соғыс ардагерлері

Сталинград шайқасындағы жеңіс жаудың жігерін құм етіп, Ұлы Жеңіске жақындатқан қадам болғаны сөзсіз. Бірақ осы бетбұрысқа Ржев түбінде соғысқандардың үлесі зор. Сақадай сайланып келген фашистерді әбден титықтатып, зорықтырып, мықты деген әскерін осы жаққа төгуге мәжбүр етті.

Жазушы И.Эренбург: «Мен Ржевті ешқашан ұмытпаймын. Майырылған бес-алты ағаш, қираған үйдің қабырғасы, кішкентай төбешік үшін апталап кескілескен ұрыс жүрді» деп жазды.
Шайқасты өз көзімен көрген Александр Твардовский 1946 жылы «Мені Ржев түбінде өлтірді» («Я убит подо Ржевом») деген әйгілі шығармасын жазды. Кейін ол сол майданнан қайтқанда, көпке дейін өзіне-өзі келе алмай, ештеңе жаза алмағанын айтады.

Ржев шайқасына қатысқан қазақтың қайсар жігіттерінен құралған 100-ші және 101 жеке атқыштар бригадасы жау жолына бөгет болғаны да шындық. Ұлы Жеңістің қарсаңында азапты шайқас һәм оның қатысушылары жайлы аз-кем айтуды парыз санадық.

Смайылов Боранбай

Он бес айға созылған ұрыстың сегіз айы тоқтаусыз неміс әскерлеріне төтеп берумен өтті. Бірінші Ржев-Сычёв операциясының Калинин шебін генерал-полковник И.С.Конев, ал Батыс шебін армия генералы Г.К.Жуков басқарды. Олар генерал-полковник В.Модель басқарған немістің 9-армиясына қарсы соғысты. Сондай-ақ осы кезде генерал-фельдмаршал Г.Фон Клюге басқарған фашистік «Орталық» тобы кеңес сарбаздарына қарсы тоқтаусыз соғысқа көшкен болатын. Алайда кеңес сарбаздары Мәскеу және Туль облыстарын, сондай-ақ Калинин және Смоленьск облыстарының біраз ауданын аса қаһармандықпен қорғап қалды. Осы ұрыста 777 мыңға жуық кеңес сарбазы қаза тапты. Ал армия генералы Жуков басқарған Екінші Ржев-Сычёв операциясы («Марс» операциясы) үш аптаға созылды. 1943 жылдың қысында Модель армиясы шегінуге мәжбүр болды. Неміс әскерлерін шегіндіру операциясы «Буйвол» атымен тарихта қалды. Кеңес әскерлері жау қолын Мәскеуден 160 шақырымға шегіндірді. Бұл ұрыста 39 мыңға жуық кеңес сарбазы қаза болды. Ржев түбіндегі шайқас Екінші дүниежүзілік соғыс тарихындағы ең қанқұйлы ұрыс ретінде тарихта қалды.

Шайқас жолдарымен

Жеңістің 65 жылдығы қарсаңында қаһарман қазақ сарбаздарының құрметіне Ржев қаласында аумағы 1,5 мың шаршы метрді қамтыған Мемориалды кешен ашылған болатын. «Молодой Туд» елді мекенінде 100-ші және 101-ші атқыштар бригадасына арналған мұражай бой көтерді. Кешенді тұрғызу үшін Ақтөбе облысының бюджетінен 100 миллион доллар бөлінді. Сол кезде ескерткіштің ашылу салтанатына «Жеңіс пойызымен» қазақстандық делегация қатысып қайтты. Делегация құрамында Ржев түбіндегі шайқасқа қатысқан соғыс ардагерлері мен олардың ұрпақтары болды.

Смайылов Боранбай

Ржевке бару құрметі Боранбай ақсақал Смайыловтың ұлы Құралбайға бұйырды. Боранбай ақсақал екі мәрте «Даңқ» ордені мен екі мәрте «Ерлігі үшін» медалінің иегері болған. Әкесінің шайқас жолдарын көріп қайтқан Құралбай Смайылов былай деді: «Шымкенттен шерулетіп бізді пойызға шығарып салды. Жолай Қызылорда, Ақтөбе, Орал қалаларында аялдадық. Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметованың ескерткішіне соқтық. Сосын Сарытау (Саратов) қаласының көрікті жерлерін араладық. Еліміздегі 60 адамның үшеуі біздің облыстан болды. Орыс ағайындар бізді «батыр халықтың ұрпақтары» деп зор ықыласпен қарсы алды. Соғыс кезінде Ржев қаласында 100-ші және 101-ші қазақ бригадасы жанқиярлықпен шайқасқан екен. Онда қандастарымыздың 90 пайызға жуығы қаза болған. Бүгінде шайқас болған жерде ескерткіш орнатылып, 2000 бауырымыздың есімдері алтын әріппен жазылыпты. Арнайы мұражай да ашылған. Салтанатты жиынға сондағы қандастарымыз да келді. Барлығы да қазақтардың қайсарлығы мен темірдей төзімділігін айтып тауысар емес.

Смайылов Боранбай

Сол күні біздің атымызға қошемет пен мақтаулар жауды. Шейіт болған ағалар орнынан бір аунап түскен болар. Зеленоград қаласындағы Б.Момышұлы атындағы №229 және Мәскеудегі Ә.Молдағұлова атындағы мектептерге бардық. Мектеп алдына қос батырдың мүсіндері орнатылыпты. Мектеп дәулеті мен сәулеті үйлескен, алыстан менмұндалайды. Оқушылар тарапынан өнер көрсетіліп, Әлия мен Бауыржанның батырлығы сөз етілді. Мәскеуліктер осылайша бізді ерекше ілтипатпен шығарып салды. Мен өз арамызда «батырдың баласы» атандым. Өйткені менің әкем ғана жоғары дәрежелі медальмен марапатталған екен».

Батырдың жарқын бейнесі

Смайылов Боранбай

Енді Ржев түбіндегі шайқасқа қатысқан Боранбай Смайылов туралы айта кетейік. Ол кісі 1922 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт ауданы Шарбұлақ елді мекенінде дүниеге келген. Мектепте 6 сынып оқып, соғысқа дейін колхозда түрлі жұмыс атқарды. Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда Алматы қаласындағы атты әскерге қабылданады. 1941 жылдың желтоқсанынан бастап 1942 жылдың қарашасына дейін 100-ші атқыштар бригадасында, кейіннен 26-танк бригадасында, 156-атқыштар полкінде, 1944-1945 жылдары 256-атқыштар полкінде барлаушы, мерген, атқыш болды. 1945 жылдың наурызында жарақат алып, госпитальде емделеді. Жарақатына қарамастан, тағы да жанқиярлықпен майдан даласынан аттанып, 1945-1946 жылдары 156-26 атқыштар полкі құрамында соғысады. 1946 жылы туған жеріне аман-есен оралады. Соғыста көрсеткен ерлігі үшін 2-ші, 3-ші дәрежелі «Даңқ» ордендерімен, «Ерлігі үшін» медалімен және тағы басқа орден-медальдармен марапатталды.

Елге оралған соң қайтадан колхоз жұмысына белсене араласты. Озық қызметі үшін Мәскеуде өткен ауыл шаруашылық көрмесіне қатысып қайтты. Еңбегі еленіп, 1973 жылы «Еңбек ері» медалімен марапатталды. Жұбайы Орынша екеуі 8 ұл-қыз тәрбиеледі. Боранбай ақсақал 1982 жылы құрметті зейнеткерлікке шықты. 1998 жылы 76 жасында дүние салды.

Бүгінде Шарбұлақ елді мекенінде «Боранбай Смайылов» атындағы көше бар. Сондай-ақ Ржев қаласындағы Мемориалды кешендегі қайсар сарбаздар тізімінде аты-жөні жазылған. «Молодой Туд» елді мекеніндегі мұражайда ақсақал туралы деректер жинақталған.

Жазушы Әнуар Исмайылов генерал Сабыр Рақымов туралы кітабында былай деп жазады: «Қазығұрт тауы маңындағы елді мекендерді аралағанда Боранбай Смайылов ақсақалды есіме аламын. Батыр ағамызбен дәмдес болған күндер мен кездесулерді ұмытпаймын. Ағаның жарқын бейнесі ел-жұртының есінде қалды».

Айдос Құсайынұлы

03 желтоқсан, 14:17
Мектепте ақша жинау мәселесіне Ғани Бейсембаев нүкте қойды
26 қараша, 14:17
Ғажайып крем қалтаны қақты
25 қараша, 14:24
Арнайы алимент қоры қашқын әкенің жүгін жеңілдетеді
24 қараша, 21:50
Алматыда XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі басталды
19 қараша, 15:33
Дәлел Уәшев: Қазақтың дәстүрлі өнері мен мәдениетін жетік біліп,  құрметпен қарауға міндеттіміз
12 қараша, 11:05
Red+ арқылы сатып алсаңыз 15% бонус
25 қазан, 11:56
Астық пен тасымал көбейсін!
23 қазан, 14:22
Президент: Бейбітшілік пен тыныштық - біздің ең құнды байлығымыз
18 қазан, 11:59
Алаяқтық жолмен несие рәсімдеуге банктердің қатысы бар ма?