
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылды елімізде еріктілер жылы деп жариялап, осы салаға айрықша көңіл бөлу қажеттігін тапсырған болатын. Бүгінгі күнде волонтерлік қызметі әр аймақты қарқынды іске қосылып, еріктілер орасан істерді еңсеріп жүр. Түркістан облысының еріктілері, оның ішінде Кентау қаласының жастары қайырымдылық істерге қалай күш қосып келеді? Біз осы тақілеттес сұрақтарды Кентау қаласындағы «Біргеміз» волонтерлік ұйымының жетекшісі Ерлан Жамал мырзаға қойдық.

– «Біргеміз» волонтерлік ұйымы қашан құрылды?
– Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдауында 2020 жыл «Еріктілер жылы» деп жарияланған болатын. Осыған орай, 2020 жылы Жастарға қызмет көрсету орталығында жанынан «Біргеміз» еріктілер ұйымы ашылды. «Біргеміз» еріктілер ұйымы аышлғанан кейін волонтер жастар саны арта түсті. Жастар ресурстық орталығында арнайы Волонтерлар кеңсесі ашылды. Ерікті жастар негізгі 7 бағыт бойынша өз ой-пікірлерін білдіріп, алдағы уақытта атқарылатын жоспарды талқылап, тың ойларын ортаға салды. Бағыттары бойынша бөліп жоспар түзді.
– Волонтерлік ұйымның бағыт-бағдары қандай?

– Волонтерлер жұмыс істейтін негізгі жеті бағыт мынадай:
«Сабақтастық» бағыты: жағдайы төмен отбасыларға, жетімдер үйіне барып азык-түлікпен қамтамасыз ету, көмек беру, көңілдерін көтеру үшін концерттік бағдарламалар ұйымдастыруды жүзеге асырады.
«Саулық» бағыты: қаладағы және ауылдардағы жалғыз басты қариялар, ҰОСА, тіркеуде тұратын мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қал-жағдайын білу, денсаулығын тексеру сияқтыжұмыстарды ұйымдастырып, үнемі қолғабыс етеміз.
«Таза әлем» бағыты: сенбілік, экологиялық акциялар ұйымдастыру. Қоршаған ортаны тазалау, тұрғындар көп шоғырланатын саябақтар мен орталық көшелерде акцияларға жастарды тартып, қаламыздың көркеюіне атсалысу.
«Асыл мұра» бағыты: қала ауылдағы тарихи маңызы бар ескерткіштерге қамқорлық жасау мақсатында тазалық жұмыстарын, экологиялық сенбіліктер ұйымдастыру да біздің волонтерлік ұйым мүшелерінің еншісінде.
«Қамқор» бағыты: жалғыз тұратын қарияларға, ҰОСА, ардагер ұстаздарға құрмет көрсету мақсатында, ауласын тазалап, қолғабыс жұмыстарын жүргізуді ұйымдастыру.
«Білім» бағыты: қала және ауыл мектептеріндегі жоғары сынып оқушыларын ҰБТ-ға дайындауға көмектесу, ағылшын тілін үйретіп, компьютерлік сауаттылықты жетілдіруін ұйымдастыру.
Үміт» бағыты: мүмкіндігі шектеулі жастарды қолдау бойынша түрлі бағытта іс-шараларды қолға алып, қамкөңіл жандардың мерейін өсіру, олар да осы қоғамның белді мүшесі екенін сезіндіру. Осы мақсатта мүмкіндігі шектеулі жандардың белсенділігін арттырып, сенімін нығайту бағытында іс шаралар өткіземіз.

– Түркістан облысы бойынша волонтерлік жұмыстың ілгері басуына сіздердің ұйым қаншалықты үлес қосып келеді?
– Қаладағы еріктілер белсенді болғандықтан, іс-шаралар мен қайырымдық акцияларының басы-қасында жүріп, волонтер болудың пайдасын және қызықты екенін достарына айтып, волонтер қатарын көбейту негізгі мақсатымыз.

– «Біргеміз» ұйымындағы еріктілердің биылғы жылы атқарған маңызды істерін айтып өтсеңіз.
– Қыс мезгілінде қардың қалың жаууына байланысты ерікті жастар жаяу жүргінші жолдарын қардан тазартып, қала шаруашылығына өз үлестерін қосты. Түркия және Сирия елдерінде апатты жағдай кезінде гуманитарлық көмек жинап, кәсіпкерлердің қолдауымен Түркістан облысына жөнелтті. Көптеген экологиялық акциялар мен қайырымдылық шараларын өткізді.

– Ұйымның алдағы уақытта атқаратын жұмыстары жайында айтсаңыз.
— «Біргеміз» волонтерлар тобы алдағы уақытта плоггинг, яғни жүгіріп жүріп қоқыс теруден жарыс өткізу жоспарлануда қаланынң гүлденуіне үлестерін қосу үшін, 1 маусым балалар балалар күніне орай демеушілердің қолдауымен балаларға балмұздақ тарату, 4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күніне орай видеочелендж ұйымдастыру жоспарлануда. Сондай-ақ жылдағы өткізетін сенбілік, тазалық акциялары жоспарда бар.
– Құрылғанына бес жыл болған Түркістан облысында волонтерлік қызмет қалай жүргізіліп жатыр? Түрлі форум, басқосулар болып тұра ма?
– Еріктілер көрпусын дамыту, волонтер жастардың қатарын көбейту мақсатында, семинар-тренингтер, іс-шаралар мен кездесулер тұрақты түрде өтеді.

–Ұйымдарыңыз облыстық әкімдік, Кентау қаласының әкімдігімен бірлесіп іс-шара өткізе ме?
– Волонтер жастар Кентау қаласының әкімдігімен және қала кәсіпкерлерімен бірлесіп, көптеген игі іс-шаралар өткізеді. Жоғарыда атап өткен іс-шараларымыздың біраз жергілікті әкімдіктің қолдауымен жүзеге асырылады.
Сұхбаттасқан Қуаныш Рахмет ,
Кентау қаласы