
Ерке Есмахан продюсері Баян Есентаевамен жұмысын тоқтатты. Жеке дара бөлініп шыққан әнші алғаш рет продюсердің көмегінсіз бейнебаян таспалады.
Бұл туралы Ерке “Гәкку” арнасына берген сұхбатында айтты.
«Бұл жерде кетіп қалған жоқпыз. Арамыздағы жұмыс тоқтатылды. Қанша жыл бірге жұмыс жасадық. Қаншама асулардан, белестерден өттік, қиыншылық та қуаныш та болды. Енді жеке жұмыс жасап жатқан жайым бар», – деген Ерке Баян Мақсатқызы екеуінің арасында ешқандай келіспеушілік болмағанын мәлімдеді.
«Бұл жерде ешқандай түсініспеушілік, ұрыс-керіс болған жоқ. Баян Мақсатқызы «жақсы» деп маған тілегін тілеп жіберді», – деп ағынан жарылды Ерке.
Продюсерден бөлініп шыққан әнші жуырда жаңа бейнебаянымен қуантпақ. Бірақ түсірілім жұмыстары аяқталып қойғанымен, Ерке әннің атын қоя алмай жүр екен.
«Сен жоқсың» деп, әлде «Жоқсың» деп аталады. Оны әлі ойланып жүрмін», – дейді Ерке.
Бұл туынды – Еркенің продюсерлік орталықтан кеткелі атқарған алғашқы жұмысы болмақ.
«Соншалықты қиын болған жоқ. бірақ кей кездері ақылдасып, ойласып жасайтын кездерде продюсер жеткіліксіз болды», – дейді Ерке.