
Ербол Ержігітов — Түркістан облысы, Созақ ауданында құрылған VALUE волонтерлік ұйымының жетекшісі. Құрылғанына көп уақыт бола қоймаса да, ұйымның еріктілері қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, Созақ халқына орасан шарапатын тигізіп отыр. Қалған әңгімені Ерболдың еншісіне қалдырайық.

– Ербол, өзіңіз жетекшілік ететін VALUE ұйымы қашан құрылды?
– VALUE ұйымы 2020 жылы қайта құрылды. Қайта құрылуының себебі бар. Түркістан облысы Созақ ауданында осыған дейін де біз волонтерлік жұмыспен шұғылдандық. Жалпы біздің волонтерлер ұйымы 2018 жылдан бастау алды. 2018 құрылғанда ұйымның ресми атауы «Қайырымды жастар волонтерлер ұйымы» деп аталатын. 2020 жылы ұйымның атауын VALUE деп өзгерттік.
– Созақ ауданында сіздерден басқа тағы қандай волонтерлік ұйымдар бар? Өзге волонтерлермен әріптестік байланыс орнатасыздар ма?
– Біздің ұйымның құрылып жұмыс істеп келе жатқанына бес жылдың жүзі болды. Созақ ауданында басқа волонтерлер ұйымының бар екенін, шынымды айтсам көрмеппін. Менің білуімше, жоқ. Себебі, қайырымдылық жасағысы келген атымтай-жомарт азаматтар үнемі біздің ұйымға хабарласатын. Ақыл-кеңес сұрап, қолдау көрсетуді өтініп байланыс орнататын. Егер бізден де басқа еріктілер ұйымы болса, бірігіп жұмыс істегеніміз жөн болар еді ғой. Ауданымыздағы жастар ресурсы қалай жұмыс істейтінін, қандай ұйым бар екенін жақсы білеміз. Бірақ дәл біздегідей волонтерлік істерді жүзеге асыратын еріктілердің ортақ ұйымы бар екенін естіген емеспін.
– Ұйымға мүше волонтер жастар қандай қамқорлық істерді жүзеге асырып келеді?
– Ұйымға мүше волонтер жастар — әр салада жұмыс жасайтын қыз-жігіттер. Түрлі қайырымдылық жұмыстарын өздерінің азаматтық парызы ретінде қосымша атқарып жүр. Өздерінің мамандықтары бойынша да курстар ұйымдастырды, ағылшын, орыс тілдері бойынша тіл үйрету сабақтарын өткізеді. Біздің Волонтерлар ұйымығ әсіресе, 2020 жылы коронавирус пандемиясы кезінде қатерге бастарын тіге отырып, мылтықсыз майданда, адамдар арасында ковидтен көз жұмушылардың саны күн санап артқан қатерлі шақтарда тоқтаусыз жұмыс істеп, көпшілікке болысып, көмегін аяған жоқ. Тұрмысы төмен отбасыларға азық-түлік, қыста жағатын көмір, пандемия кезінде тағатын маска, медициналық қолғап, антисептик тағы басқа да аса қажетті керек-жарақпен қамтамасыз ету ісіне белсене араласты.
Одан бөлек, Мақтарал ауданындағы су тасқыны кезінде көмекке алғашқылардың бірі болып біз бардық. 2020-2021 жылдары 22 наурыз қарсаңында тұрмысы төмен отбасыларға арнап киіз үй тігіп, арнайы концерттік бағдарлама ұйымдастырдық. Балаларға арнап ойындар өткізіп, наурыз көже, палау секілді тамақтармен дастарқан жайып, мерекелік іс-шаралардың негізінде көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйладық.

Түрлі кәсіпкерлердің қолдау, көмектерінің нәтижесінде тұрмысы төмен отбасыларға азық-түлік, басқа да керек-жарақтарын жеткізіп беруді тоқтатқан жоқпыз. Қайта қарқынын арттырып, еріктілердің еңбегін көпшіліктің есіне салып отырдық. Мұның барлығы да біздің ұйым мүшелерінің ерікті болуға деген ыстық ықыласын аңғартты. 2020 жылы карантиндік шектеу енгізіліп, ковид кеселі өршігенде ауруханаларға жасанды тыныс алу аппараттарын тауып, сатып алып жеткізу, қиынға соғып, тығырыққа тірегені рас. Сол кезде біздің волонтерлік ұйымның ұйтқы болуымен Созақ аудандық ауруханасына жасанды тыныс алу аппаратын (ИВЛ) сатып алып, жеткізіп бердік. Өзге де аса қажетті медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге еріктілеріміз де елеулі үлестерін қосты. Ковид кеселін жұқтырып, өмір мен өлім ортасында арпалысқан науқастарға керекті заттарын, азық-түліктерін жеткізіп беруді өз міндетімізге алдық.
Ардақты аналарымыздың мерекесінде «Тегін такси» акциясын ұйымдастырып,15-20-дай автокөлікпен қыз-келіншектерді бір күн ақысыз тасымалдадық. Ардақты апаларымызды гүл шоқтарымен, орамалдармен үйлеріне арнайы ат басын бұрып, құттықтап шығу біздің еріктілердің бұлжымас парызындай. Жыл сайын игі дәстүрге айналдырып өткізіп келеміз.
Бір отбасымыздың үйіне кішігірім жөндеу жұмыстарын істедік.
Көше тазалаушы қызметкерлерге таңертең кофе тасуды ұйымдастырдық, әрі әйел кісілерге мерекесімен құттықтап, гүл шоқтарын беріп марапаттадық. Мұның барлығы да созақтық еріктілердің шынайы көңілімен жүзеге асырылып жатқан шаралар.
Кішкентай бүлдіршіндерді жинап ойындар ұйымдастырып, балмұздақтар тарату арқылы олардың да көңілін көтеріп, бала тілегін орындап жүрміз. Жалпы істеген игі жақсылықтарымыз көп, айта берсек, тым мақтангершілікке салынып кеткендей болармыз.
– Жергілікті әкімдік, облыс әкімдігімен бірлесіп іс-шаралар өткізіп тұрасыздар ма? Әкімдіктің волонтерлік ұйымға қолдауы қалай?
– Иә, жергілікті Жастар ресурстық орталығымен бірге көптеген іс-шараларды жүзеге асырып, тізе қосып жұмыс істеп жүрміз. Әр ауылдық округтен жастар ісі жөніндегі маман бізбен тығыз байланыста, кез-келген шараны бірлесіп ұйымдастырып жүрміз. Бірлесіп жан жақты көптеген іс шаралар ұйымдастырып жұмыстарды жүзеге асыруға атсалысқанымыз зая кетіп, атаусыз қалған емес. Жергілікті аудан әкімдігінен, облыстан,
волонтерлерге алғыс хат табысталып, еңбектері еленді.
– Ұйым жұмысын жандандыру мақсатында қандай іс-шаралар жүзеге асырылып келеді? Түрлі форум, басқосу, жиындар өткізіле ме?
– Осы жылы бұрынғыдай емес, жұмысымыз аздап бәсеңдеді. Дегенмен алдағы уақытта түрлі жоспарлармен қайта жандандырамыз деген ойдамыз. Өйткені еріктілердің ісі үлкен сауапты жұмыс. Халықтан, көпшіліктен алғыс арқалайтын шаруаны аяқсыз қалдыруға болмайды. Алдағы уақытта да жүзеге асырып отырамыз. Жұмыс жүріп жатыр, әр ауыл округте ай сайын бір қайырымдылық жұмыстарын жүзеге асырып, ісімізді ілгері бастырып келеміз. Ауданымыздағы жасы үлкен кісілердің уйін жинасып, ауласын тазалап, басқа да ауыр жұмыстарын атқаруға келгенде аянып қалмаймыз, керісінше, өзіміз сұранып, айтқызбай атқаруға ұмтыламыз. Мұның барлығы да еріктілердің қоғамдық жұмысқа деген құлшынысының нәтижесі дер едім. Ел ішінде мұндай ұйымдардың көбейгені дұрыс. Қайырымды істер жиі атқарылса, қоғамда қатігездік пен мейірімсіздік азая түсер еді деп ойлаймын.
— Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбатты жазып алған Қуаныш Рахмет,
Түркістан облысы,
Созақ ауданы.