
Үкімет отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов бұдан былай энергиялық бақылау қызметіне заңнаманың күшейтілетініні жеткізді.
«Биыл Үкімет біріншіден, энергиялық бақылау қызметін заңнамалық тұрғыдан күшейтеді және жоспардан тыс тексерулер жүргізу құқығын береді. Екіншіден, энергия объектілерін тиісті деңгейде күтіп ұстамай, тіршілікке қажетті жүйелердің қызметіне қауіп төнген жағдайда мемлекетке оларды меншіктен алып қою құқығы берілетін болады. Үшіншіден, Үкімет пен әкімдіктер және меншік иелері тиісті энергетикалық инфрақұрылымды жөндеу және реконструкциялау жобаларын қаржыландыруды басым тәртіппен қамтамасыз етеді. Бұл жұмысты сапалы және уақытылы жүргізудің маңызы өте зор. Сондай-ақ 2 мың шақырым жылу желілері жеке меншікте екенін баса айтқым келеді. Олардың тозу деңгейі шамамен 77 пайызды құрап отыр. Осы желілердің жағдайына және жөндеу жұмыстарының міндетті түрде жүргізілуіне бақылауды күшейту керек. Энергия объектілері иелерінің жауапкершілігін арттырып, оны қызмет көрсету келісімшарттарда қарастыру керек. Шарт талаптарын орындау ұсыным түрінде емес, міндетті болуы тиіс. Қаржыны қайтару «Тарифті инвестицияға айырбастау» аясында жүргізілетін болады, – деді Үкімет басшысы.
Биылғы қыста жылу қазандықтары істен шығып, тозығы жеткен құбырлар кез келген жерінен жарылып, теріскейдегі, шығыстағы қалалар жылусыз қалған болатын. Кем-кетіктің орны бүтінделмесе мұндай жайт келер қыста да қайталанатыны сөзсіз. Премьер-министр өңірлерден келген өтінімді қарастыра отырып, желілерді ауыстырып жаңарту мақсатында 69 миллиард теңгеге 47 жобаның пулі жасақталғанын атап өтті. Тағы бір шетін мәселе жекенің қолына өтіп кеткен жылу желілерін бюджеттік кредиттеу арқылы жаңғыртып жаңарту мәселесін де оңтайлы шешу керек. Ә.Смайылов бұған да баса назар аударып, тиісті шешім қабылдау қажеттігін баса айтты.
JQ-Aqparat