
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Сұңқар» студенттер мен магистранттар кәсіподағының ұйымдастыруымен өткен, үш айтулы кезеңнен тұратын «Ең үздік эдвайзер – 2021» және «Ең үздік студенттік топ – 2021» дара жобасы кіл жүйріктен кім жүйрік екенін анықтап, діттеген мәресіне жетті. «Ең үздік эдвайзер – 2021» жобасында 858 эдвайзер арасынан қатысып, білім мен білік биігінде ІІ орын бұйырды, бек қуаныштымыз! Ал, «Ең үздік студенттік топ – 2021» жобасына 1352 студенттік топтан білімімен, білігімен дараланған кураторлық тобым – «Қазақ филологиясы-103» І орын иеленді.

Жеңіс жеңіл келмеді. ҚФ-103 оқу тобы – 1-курс студенттері. Менің кураторлық қызметім осы пандемия уақытына сәйкес келді. Шынайы өмірде студенттеріммен дидарласа алмасақ та бір-бірімізді жүрекпен ұғыныстық. Ең қызығы, Қазақстанның түкпір-түкпірінде отырған студенттерімнің білімі мен білігін, өнері мен жай-күйін пайымдап, оны түп тамырынан тартып экранға шығару – қызығы мен шыжығы мол сәттер боп есте қалды… . Оқу тобыммен бірге әрбір кезеңнің жүгін жұмыла еңсеріп, бәйгеге түскен қазанаттың қос тұяғының шабысындай көздеген мәреге қарсыластарымыздан оза шауып, тұғырдан көріндік.
«Сұңқар» студенттер мен магистранттар кәсіподағының ұйымдаструымен өткен дара жобаның жүйесі да дара, әрбір кезеңнің талаптары да дара! Сонымен қатар қатысушысын қызықтырып қана қоймай шабыттандырып, келесі кезеңге ұмтыла шабатындай дем берді. Бұл жобада ұйымдастырушылар мен қатысушылардың көзге көрінбейтін өлшеусіз еңбектерінің төгілген тері жатыр. Онлайн форматында шынайы дидарласпағандар додаға түсіп бақ сынады. Жобаны офлайнға қарағанда онлайн жүргізудің жүгінің ауырлығы айтпаса да түсінікті… . Дегенмен Сұңқардай ұйымшыл әрі сайдың тасындай кіл мықтылар жиналған кәсіподақ мүшелері жобаны іліксіз, дәл уақытымен жүйелі түрде өткізіп, жеңістің нүктесін қойды.
Осы орайда бұрын-cоңды өтпеген мұндай дара жобаға қолдау білдірген Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Жансейіт Хансейітұлы Түймебаев мырзаға ерекше алғыс білдіреміз!
Сонымен қатар Тәрбие жұмысы жөніндегі департамент директоры Есімова Жұлдыз Дәпенқызына, «Сұңқар» студенттер мен магистранттар кәсіподағының төрағасы Бақдәулет Баймаханұлы бастаған кәсіподақ мүшелеріне алғысымыз шексіз!
Сұңқардың дара жобалары «Ең үздік эдвайзер» және «Ең үздік студенттік топ» ең үздік болуға ұмтылған дараларды анықтап, самғай берсін!
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
Филология факультеті
Қазақ тіл білімі кафедрасының доценті
Өтемісова Гүлмира Жеткергенқызы