
Астана қаласындағы «Достық» үйінде 1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі күні қарсаңында «Болашағы біртұтас ел» атты үлкен іс-шара ұйымдастырылды. Елордада өздерінің мәдени орталықтары бар жиырма үш ұлттар мен ұлыстардың өкілдері қатысқан бас қосу «Мемлекеттік тіл — қазақстандықтарды біріктіретін күш» тақырыбы аясында дөңгелек үстел форматында өтті.

Кездесуді Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы тіл саясатын үйлестіру бөлімінің басшысы Нұрзила Қасқатаева ашып беріп, оған қатысушыларға жемісті жұмыс тіледі.
Астана әкімдігі жанындағы «Руханият» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Әділ Орынбасарұлы өз сөзінде былай деді:
— Қазақстанда қоғамдағы ынтымақтастық пен ішкі саяси тұрақтылықты сақтау стратегиясын дұрыс таңдап, ұлтаралық қатынастарды реттеудің тиімді тетіктерін жасаудың нәтижесінде қаншама игілікті жұмыстар атқарылуда. 1995 жылдың наурызында ұлтаралық татулық пен тұрақтылықтың символы — Қазақстан халықтары Ассамблеясы құрылды. Бұл ешбір елде болмаған маңызы ерекше зор құрылым.

Қазіргі таңда «Руханият» мекемесінің ұйымдастыруымен «Достық» үйінің шаңырағы астында елімізді мекендейтін ұлт өкілдерінің басын қосқан «Мәміле» клубы да әрбір ұлттың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптарын насихаттауға, мәдениеті мен өнерін дамытуға зор септігін тигізіп отыр. Бүгінгі шараның басты мақсатының өзі- Қазақстан халықтарының бірлігін нығайту, өзге ұлт өкілдерінің этностық ерекшеліктерін сақтай отырып мемлекеттік тілді — қазақ тілін дәріптеуге атсалысу болып табылады. «Алтау ала болса ауыздағы кетеді, Төртеу түгел болса төбедегі келеді» дейді халық даналығы. Олай болса осы жолда барлығымыз жұмыла жұмыс жасап, ел игілігі үшін қажымай-талмай еңбек ете берейік.

Әрі қарай бас қосу ашық сабақ секілді өрбіді. Оқытушы Сағым Естемісованың айтуынша ұлттық орталық өкілдері аптасына бірнеше рет мемлекеттік тілді үйрену – тіл сындыру сабақтарына қатысатын көрінеді. Жетістіктері де жоқ емес. Мысалы Ольга Доценко Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың мемлекеттік тілді меңгеруге қатысты ой-толғамдарын қазақша емін-еркін жеткізді:
— Мемлекеттік тілді білу – Қазақстанның әрбір азаматының парызы. Міндеті деп те айтуға болады. Осы орайда мен барша қазақстандықтарға, оның ішінде қазақ тілін әлі жете меңгермеген отандастарыма үндеу тастағым келеді. Жастар ағылшын тілін немесе басқа да тілдерді аз ғана уақытта меңгере алатынын көріп отырмыз. Тұтас буын алмасқан осы жылдарда қазақ тілін үйренгісі келген адам оны әлдеқашан біліп шығар еді. Халқымызда «Ештен кеш жақсы» деген сөз бар. Ең бастысы, ынта болуы керек.

Бұл пікірді кездесуге қатысушылар бірауыздан қолдап, мемлекеттік тілді үйренуге деген ынта-жігерлерін іс жүзінде көрсетті деуге болады. Олар оқытушы берген тапсырманың бәрін табан астында және ыждағаттылықпен орындап, сабақ барысында Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін қосыла шырқады.

«Болар істің басына жақсы келер қасына» демекші Қазақстанның қандай жетістігі бар соның бәрін күн сайын төрткүл дүниеге талмай таныстырып жүрген белгілі блогер, «Алға Петербург» YouTube арнасының авторы Иван Червинский ойда жоқта осынау игі шараның үстінен түскеніне қуанышты екенін жеткізді. Сондай-ақ, ол әлемдегі ерекше ынтымағы жарасқан елдің тұрғындарын – барша қазақстандықтарды келе жатқан Қазақстан халқының бірлігі күнімен шын жүректен құттықтады.
Дөңгелек үстел соңында «Руханият» мекемесінің басшысы Ә.Орынбасарұлы шараға белсене қатысқан ұлттық-мәдени орталықтардың өкілдеріне Алғыс хаттарын табыс етті.
Абзал Ибрагим