
Соңғы кезде азаматтарымыздың арасында жан-жаққа еліктеу белең алып кетті. Қазір 2 адамның бірі «дамыған ел» боламыз дейді. Шамасы Еуропа, Америка, Жапонияны айтады. Олар сол елдің тек экономикасын, не инновациясын қарайды.
Біздің зерттеуіміз бойынша, бұл елдер біржақты ғана дамыған, сондықтан түбінде қатты күйзеліске ұшырау қаупі қалыптасып жатыр. Оны қалай дәлелдейміз? Демографиясына келсек, Еуропаның бірқатар елдері, кейбір Азия елдерінде не боп жатыр? Қарттары көп, жастары аз. Жастары неге аз? Өйткені, туу аз. 3-4 бала туу өте сирек. Халық даму үшін, өсу үшін кемінде әр жанұяда 3 баладан болуы керек. Бұл демографияның өсу заңы. Бірақ іс жүзінде аталған елдерде жағдай керісінше. Ғалымдардың болжамы бойынша, 20-30 жылдан кейін бұл этностар соғыспай, атыспай, шабыспай жоқ болып кету қаупі өте зор. Кейбір авторлардың жазуынша, Еуропада 2050 жылы демографиялық суицид орын алады. Қатты ойландыратын жағдай.
Өз басым шет мемлекеттерде болған кездерімде жағымды жақтарымен қатар, жағымсыз жақтарын да көзіммен көріп жүрмін. Кейбір ғалымдардың пікірінше, бұл тоқтамайтын, кері қайтарылмайтын процесс. Егер рухани жолға түспесе, осылай болуы әбден мүмкін. Мәселе осында. Мұндай демографиялық дағдарыстың қауіпінен аулақ жүрейік. Сол бізге сабақ болсын, ағайын. Ал айтып отырған дағдарыс тоқтамаса, тіпті этнос жоғалуға дейін барса, тіл де, жалпы өркениетте, әрине, болмайды. Сонда біз кімге және неге еліктеп жатырмыз? Жастарымыз қазіргі уақытта шет елдерге кетіп жатыр. Жоғары оқу орындарын сол елдерде бітіріп, көп балаларымыз Отанына қайтпай, қалаған елдерінде қалып қоюда. Саналы, жоғарғы білімі бар кадрлардың елден кету үдірісін тоқтату – біздің міндетіміз.
Дамыған елдерде демография неге төмен? Өйткені, рухани даму төмендеп барады. Діннің жағдайын қарасақ, шіркеулері бос тұрады, себебі келушілер өте аз. Англияда шіркеулерді мұсылмандарға жалға береді. Осы көріністердің түпкі себебі – дінді ұстаудың нашарлығында. Айта кетейін, болашақты нақты болжау – өте қиын. Бірақ қазіргі таңда демографиялық дағдарыстың орын алып жатқаны рас. «Бұл құбылысты тоқтатуға болмайды» деген пікірмен келісуге бола ма? Біз бұл пікірмен сөзсіз санаса алмаймыз. Аллаға сенетін адам ретінде, жоғарыда айтылған этностар жоғалып кетеді деп үзілді-кесілді айтуға болмайды. Шындық толығымен тек Жаратушыға ғана аян. Ескеруге қажет бір мүмкіншілік бар. Біздің ойымызша, егер сөз қылып отырған этностар кейбір һз азаматтары сияқты Тура жолға түссе, яғни бір Аллаға сеніп иманды болса, олардың демографиясы жақсарып, қайта қалыпқа келуі мүмкін екенін жоққа шығармайық. Бұл жағдайда олар құрымайды, жоғарыда айтылған суицит іске аспайды. Азайып кетсе де мүлдем жоқ болмайды деген үміт орнайды. Осыған тілектес болайық!
Шынайы дін – жеке адамның, жалпы қоғам өмірінің негізі. Осы қағидаға сүйене отырып, еліміздің өз жолы болуы қажет деп санауға болады. Біз басқа жақтан орынсыз үлгі алмай, дұрыс бағытқа түсейік.
«Еліктемейміз ешкімге» деп көкіректеніп жүріп, артта қалып қоймаймыз ба? Батыс елдерінің кейбір оңтайлы құндылықтарының бар екенін жоққа шығармайық. Ғылымға қатты көңіл бөлу, инновациялық даму, қоғамдық тәртіп, үйде де түзде де тазалық, тауарлар мен қызмет көрсетудің жоғарғы сапасы, қоршаған ортаны қорғауға көңіл бөлу, эстетиканы жоғары бағалау, т.б. құндылықтар бар екенін мойындау керек, соған үйрену қажет.
Мен сонау кайта құру кезеңінен бері айтып жүргенімдей, ұлтымыздың жасампаз қабілеттілігіне, ғылымымыздың өркендеп, дамитынына кәміл сенемін. Оның бір дәлелі Қазақстан ұлттық ғылым академиясының ғалымдары әлемдік ғылымға өз үлесін қосып жатыр. Соңғы 4-5 жылда ғалымдарымыз ашқан ғылыми жаңалықтары аз емес. Мысалы, академик Мұрат Жұрынов бастаған бір топ ғалымдар «титан» деген химиялық элементтің табиғи қасиеттерінің заңын әлемде бірінші болып ашты.
Сонымен қатар, әлеуметтік Гармония заңы алғаш рет біздің елімізде ашылды. Осыған байланысты толығырақ айтатын бір жәйт, ескеретін сабақ бар. Гуманитарлық ғылым саласында жаңа заң ашу әлемде жыл сайын бола бермейді. Жүздеген жылдарда бір рет болатын жағдай. Мысалы, сонау антика заманынан бүгінгі күнге дейін Сократ пен Аристотельден бастап қанша ойшылдар, керемет ғалымдар, данышпан аталған классиктер ашпаған заңды қалай солтүстіктегі шалғай ауылда туып-өскен азамат ашқан? Бұл мүмкін бе? Мұның сыры неде? Құпия емес, айтайын. Автор Құран кәрімді оқып отырып, тура жолдың не екенін, ал адасқандардың жолы қандай болатынын түсінді. Ғылым бұрын адам бұл қамшының сабындай қысқа дүниеге қандай мақсатпен келетініне назар аудармаған, рухани дамудың өте жоғары ролін ескермеген, тек материалдық құндылықтарға жетуді мақсат етіп қараған. Бұл – адасу. Осыны автор Алланың қасиетті кітабын оқып отырып байқаған. Ғылымда «Гармония-дисгармония» дуалды ұғымын тура жол тұрғысынан қарап, жаңа ғылыми экономикалық заң ашты, осы жаңалық үшін диплом алды.
Қазір әлемде көп ғалымдардың ашқан заңдары бұдан 1400 жыл бұрын Құран кәрімде жазылған. Бұл қасиетті кітап – тұнып тұрған ғылыми жаңалықтардың қайнар көзі Мұны мойындап жүрген әр саланың ғалымдары аз емес. Біздің Исламда дін мен ғылым егіз туған. Егер де ғалымдар Ислам жолында жүрсе, не болмаса басқа дін өкілдері де қасиетті кітапты оқып жүрсе, ғылыми жаңалықтар әлдеқайда бұрын ашылар еді. Біздің даму деңгейіміз бұдан да жоғары болар еді.
Ашылған екі заңға авторлар дипломдар алды. Академияның әр саласында жаңа заңдар ашу – ғылымның ең биік Эльбрусы деп санауға болады. Мұндай өте жоғары жетістіктер кез-келген академияларда бола бермейді. Мұны айтып отырған себебім – мақтану үшін емес, жоқ, ғылымның көзден таса қалмауы, билік пен бизнестің назарын аударуы, ғалымдарға жағдай жасалуы үшін. Ғылымсыз дамыған, дербес ел болу мүмкін емес. Осыған орай, Ұлттық ғылым академиясына қаржы беруді ойластырып, қазіргідей (айтуға қолайсыз) оны мүлдем жоқ қылмайық. Сонда академияда, басқа да ғылыми орталықтарда көптеген жаңа ғылыми заңдар ашылуы әбден мүмкін. Ал біздің ғалымдардың толып жатқан патентттері, авторлық куәліктері өз алдына бір төбе.
Орынсыз басқаларға еліктемесек, біздің өз жолымыз сонда ғана қандай? Ол – Гармония жолы, оның формуласы оңай, мағынасы терең: D1+ 3D 2.3.4.. Яғни Гармония 4 сфераның бір-біріне сәйкес, үйлесімді дамуынан құралады.
Бірінші сфера – демоэтика D1. Яғни рухани байлықтарымыз, оған жататындар дін, тіл, білім, ғылым, мәдениет және басқа құндылықтар. Шынайы діннің рөлі өте зор, ол бар ел – бақытты ел, әр адамның, жалпы қоғамның өмір сүруінің негізі. Біздің еліміздің шынайы Ислам діні, әдемі тілі, дамып жатқан ғылымы, кемелденген әдебиеті мен өнері, жоғарғы адамгершілігі бар, сондай-ақ, көркем мінезді азаматтары, рұқсат етілген және тыйым салынған сияқты құндылықтары, тағы да басқа ерекше қалыптасқан рухани байлықтары бар. Ислам дінінің болашағы зор. Әр адам барлық елдерде мұсылман болып туады екен. Өсе келе ол тәрбиеге байланысты басқа дінге ауысып кетуі мүмкін. Ал кәзіргі таңда әлем бойынша, барлық құрлықтарда Ислам тарап жатыр, басқа діннің адамдары оны қабылдауда. Бұл – бүкіләлемдік үрдіс, тренд. Шынайы Ислам дінінде терроризмге, радикализімге жол берілмейді.
Еліміздегі тіл саясатында шешетін мәселелер жоқ емес, бар. Үш тілді, тіпті одан көп тілді білу, әр адамға (жасына қарамастан) міндет бола алмайды. Ең бастысы – әр азамат ана тілін білуі міндетті. Қосымша басқа тілдерді білсе, полиглот болса, нұр үстіне нұр.
Білім саясатында «дамыған» елдерде тар профильді мамандар, яғни технократтар дайындайды. Бұған еліктеуге болмайды. Тек қана өзіңнің мамандығыңды білу жеткіліксіз. Нағыз Гармониялық азамат жан-жақты дамыған болады. Ол мамандығын жақсы игере отырып, шынайы дінді, ана тілін, халқының тарихын, мәдениетін, әдебиетін керегінше білетін адам. Сондықтан оқу орындарымыз осы мәселені қарастырып, дұрыс шешім қабылдауын қалаймыз.
Екінші сфера – демография D2. Жоғарыда айтылғандай, ол жақсы дамуы қажет, баланы жасанды түрде негізсіз алыптастауды, туған нәрестені далаға тастауды тоқтату керек. Тура жолға сәйкес әр жанұяда балалар санын көбейту ел мүддесі үшін қажет. Сонымен қатар шет елдердегі бауырларымызды ата мекеніне қайтарудың қамын жасайық. Сөйтіп демография мәселесін кешенді түрде шешуді ойластырайық. Ұлтымыздың көп болуынан сескенбейік, өйткені жеріміз ұлан-байтақ, қазба байлықтары жеткілікті. Осыларды тиімді пайдалану – аса маңызды, шешуге болатын мәселе. Халықтың күн көрісін төмендетіп алмау үшін қазіргі таңда тағы не қажет? Ысырапшылдықтан аулақ болу – өте керек. Пайғамбарымыздың хадистерінде айтылғандай, мұсылмандар мүмкіндігінше бір-бірлеріне көмектесуі керек. Сондықтан «бай болам» деп, өте жағымсыз сараңдыққа түспейік, өзара даңғойлыққа бәсекеге түскенше, бір-бірімізге жомарт болып, қайырымдылықпен жарысайық. Елімізде мұқтаждарға көмегін беріп жатқан олигархтар баршылық. Солардың қатары көбейе берсінші. Бұған қоса мемлекет өзінің қаржы ресурстарын тиімді пайдаланып, мүмкіндігінше көп балалы жанұяларға, мүгедектерге, жалғыз басты қарттарға басқа да мұқтаж адамдарға көмек көрсетуі керек.
Үшінші сфера – демократия D3. Адам құқықтарын толықтай қамтамасыз ете отырып, оның шектен шықпай дамуы және теріс құндылықтарға жол бермейік (арақ ішу, темекі тарту, бір жынысты үйлену, өз жынысына тән емес қисынсыз іс-әрекетке жол беру, ашық-шашық киіну, өз ата-анасын қарттар үйіне өткізіп жатқандар, өкінішке орай, кездеседі, тағы басқа жағымсыз көріністерді болдырмайық). Мәдениетаралық коммуникацияны дамыту, өзара түсіністік пен бейбітшілікті, Шығыс пен Батыс, барлық континенттер арасындағы көпірлерді салу, мемлекеттер арасындағы диалог пен ынтымақтастықты дамыту қажет. Дініміз, тіліміз, тарихымыз, жалпы руханй байлықтарымыз ортақ болғандықтан Түрік әлемінің саяси – экономикалық одағын құру мәселесін көпке созбай қарастыру керек. Бұл ұсынысты айтып жүргенімізге бір жылдай болды. Бірақ ресми шешім әлі қабылданған жоқ. Өкінішті жағдай.
Төртіншісі сфера – демоэкономика D4. Яғни экономика мен әлеуметтік жағдайдың жеткілікті дамуы, Ислами экономикалық модельмен қаржыландыруды кең түрде пайдалану, шағын және орта бизнесті дамыту, көлеңкелі бизнесті, сыбайлас жемқорлықты мүлдем болдырмау, халал индустрияны дамыту, байлардың кедейлерге материалдық көмек көрсетуі, бизнесте әріптестік қарым-қатынастар орнату, адамдардың денсаулығына зиянды тауарлар мен қызметтерді жою, жасыл экономиканы дамыту сияқты оңтайлы үдірістерге жол ашу. Ал қазіргі батыстық либералды модель дағдарысқа амалсыз апарып жатыр, Ол адамдарды, тіпті мемлекетерді қарызға белшесінен батыратын әдіс. Пайызбен қарыз алу және беру түбінде азаматтардың әл-ауқатын, отбасының берекесін кетіреді, тіпті ажырасуға дейін апарады, өзін-өзіне қол салу да кездесіп жатыр. Елімізде бар өндіріс орындарының мүмкіндіктерін, әсіресе негізгі қорын толық пайдаланбай, еңбек өнімділігін жоғары көтермей, кейбір компаниялар, фирмалар жаңа инвестицияны талап етіп тұрады, соның салдарынан «инвестомания» ауруы пайда болды. Инвесторлар елімізден шикізат пен қаражатты арзан бағаға ауқымды түрде алып кетіп жатыр. Шын мәнінде инвесторларды таңдау саясаты мүддемізге толық сай түрде жүргізілуі керек. Қазіргі кезеңде басты талаптарды шетел инвесторлары емес, өзіміздің ұлттық үкіметіміз, компаниялар мен фирмалар қоюы қажет. Инвестициялық климат жақсы бола берсе, шетел инвесторлары елімізге келуі үшін, олар өзара бәсекеге түсуі тиіс. Олар Қазақстанның мүдесіне толық сай болуы – маңызды мәселе. Ислами инвесторларға көп көңіл бөлу керек. Жергілікті олигархия өкілдері өз қаражатын отандық банктерде сақтаса, немесе өндіріске инвестиция құйса, экономикаға көп көмек болар еді. Егер Отанымыздан капиталдың шетке кетуін негізінен тоқтатсақ, теңге құны долларға қарағанда әлдеқайда жоғары болар еді. Нәтижесінде, халықтың әлеуметтік жағдайына оңтайлы әсер беруі сөзсіз. Қазір кейбір елдерде, оның ішінде елімізде шеттен қарыз алу, өзіміздің банктерден алынған несиеге өмір сүру, сол үшін пайыз төлеу – өте жат құбылыс (харам). Осыны көбейтпей, қайта азайта беру, тіпті жоқ қылу –қаржы саясатының басты міндеттерінің бірі. Сонда банктер қалай жұмыс істей алады? Біздің ұсынысымыз: коммерциялық банктердің инвестициялау бағытына көшкені рухани және экономика тұрғысынан дұрыс болар еді. Банктер компанияларға инвестиция мен бірге пайызсыз қарыз беріп отырса, осы екі қаржылар бір-біріне қосылып, синергия тудырып, екі жаққа да пайда әкеледі. Бұл жаңа ғылыми идеяны бір банктер тәжірибе ретінде тексеріп алса, дұрыс болар еді.
Айта кететін тағы бір мәселе бар. Бұрын жазып жүргеніміздей, Жаратушымыздың бізге берген аманаты, аталарымыздың «найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен» қорғаған жерімізді шетелдік адамдарға, мемлекеттерге сатуға да, жалға беруге де мүлдем болмайды. Оның теріс салдары әбден мүмкін. Осыны естен шығармайық.
Жазып отырған 4 бағытты қатар дамытсақ, бізде тұрақты өркендеу, жан-жақты даму, болашағымызда жарқын көрінетін болады. Елімізде Гармония, яғни жоғары рухани байлық пен жеткілікті материалды тұрмыс, әділеттілік пен мейірімділік, достық пен махаббат, мол бақыт, тағы да басқа оңтайлы құндылықтар орнайды. Сондай-ақ, ұлттың жойылып кету қатері болмайды. Сондықтан, тура жолдың негізінде Гармония бағытына түсейік. Біздің «30 дамыған ел» қатарына кіруімізді тек экономика, инновация тұрғысынан жоспарлауға болады. Керісінше, Гармония бағытында басқалар елімізге еліктесін, сонда олар бізді қуып жетуге тырысуы әбден мүмкін. Осы тұрғыдан еліміздің мол табиғи байлықтарын, өңдеу және инновациялық өндірісін кеңінен дамыту, кең байтақ жерін, географиялық ыңғайлы орналасуын, діни, адами, ғылыми, басқа да мүмкіншіліктерді халықтың мүддесіне толық пайдалану әрдайым өте маңызды мәселе. Елдің даму деңгейін мүмкіншіліктердің қалай іске асып жатқаны арқылы бағалау керек. Әр елдердің дамуын халықаралық рейтингісін тек экономика тұрғысынан емес, жан-жақты кешенді түрде анықтау қажет.
Тура жолда Гармонияны қалыптастыру ұстамдылық, парасаттылық, адалдық, әлеуметтік әділеттілік, жауапкершілік, қайырымдылық, ашықтық, серіктестік және бір-бірімізге сенім сияқты бірнеше іргелі қағидаттарды кешенді түрде қолдану арқылы жүзеге асырылады. Осындай Гармония гаухар тастай жарқырап тұрады. Оның цифрлық индексін анықтауға болады, ол қажет те. Осы индексі жоғары елдер бүкіл әлемге үлгі бола алады. Солардың қатарында өзіміздің Қазақстанның да болуын қалаймын!
Біздің ойымызша, жалпыадамзаттық үміт мынадай: «Гармония әлемді сақтап қалады!». Байлар бай болуды ойласа, қазына мен халықты ойласын! Осы жөнінде айтып та, жазып та жүрмін. Амал қанша, әзірше биліктен қолдау таппадым, алдағы уақытта бұл жағдайдың оңтайлы өзгеруіне, жаңа сайланған Президент Қ Тоқаевтың, халқымның қолдауына кәміл сенемін. Басқа ақылға қонымды балама жоқ.
Ораз Баймұратов,
Ұлттық ғылым академиясының академигі,
Әлеуметтік экономика және қаржы
институтының директоры