Егер комментатор болсам

01 шiлде 2016, 13:55

1

Егер мен бар ғой, мына мен Францияда өтіп жатқан Еуро-2016 футбол чемпионатында комментатор болсам, ой бір көрерменнің айызын қандырып, талайын сөзбен талдырып, артымда «тарихи оқиғалар» қалдырып, сөзден сағыз жасап шығарар едім! Сенбейсіздер ме, не? Қазіргі комментаторлар менің қасымда қант жеп отырар еді, аузынан сілекейі ағып… Мен деген асабалығым да бар, кереметпін ғой!

Міне, қараңыздар, Франция мен Ирландия командалары арасындағы ойында былай бөсер едім:
– Ассалаумағалейкум ағайын, бармысыздар бауырлар, хош келдіңіздер құда-құдағилар! Ой, кешіріңіздер, көңілдері алабұртып, «ойпырым-ай, кім жеңер екен?» деп ойлары он саққа қашып кеткен, қиялдары алты қыр асып кеткен құрметті футбол ғашықтары! Қазір допқа талас басталады, ортаға ала доп тасталады , бір кезде ойыншылар түк көрмегендей бас салады! Әне, ана бір негр аты кім еді өзі? Қап, тілімнің ұшында тұрғаны! Допты тізесімен қағып жіберіп, қуалай жөнелді! Алдынан анау шықты. Бельгия шабуылшысы. Аяғы қандай, сымбатты еді десеңші! Көзі қандай? Оттай жанып тұр ғой! Шашы тікірейіп, кірпігі үзіліп түсердей болып, осқырынып келді де, допты әуелете тепті! Доп аспанға ұшып, бір сәт тоқтап қалғандай болды. Бір кезде аспанға қолын көлегей леп қарап тұрған Бельгия, ой кешіріңіздер, Ирландия қорғаушысын француз командасының шабуылшысы иығымен соғып жіберіп, аяғына бір тепті. Анау допты басымен ұрып жіберді, дегенмен соққының әсерінен етпетінен түсті! Франциялық негр ереже бұзды. Төреші сары қағаз көрсетіп, айыппұл төлеттіре жаздады. Есесіне, ирландиялықтар пенальти ұратын болды! Гол! Доп қақпаның жақтауын сүйіп алды да, торға барып тоғытылды! Бірінші тайм аяқталғанша ашуланған, «нерві» тозған Француз шабуылшылары ала допты тесіп жіберердей теуіп, қайта-қайта ирландиялықтардың қақпасын торуылдаумен болды. Кешіріңіздер, әйелім телефон соғып жатыр еді… Иә, тыңдап тұрмын, жаным! Қазір шыға алмаймын, матч аяқталған жоқ, иә, кешіріңіздер, тақырыптан сәл ауытқып кетіппін. Сонымен үзіліс! Бірақ екінші тайм басталатынын естен шығарып алып, көгілдір экран алдынан кетіп қалмаңыздар! Әне, екінші тайм басталды! Француз командасының шабуылшысы «ә» дегеннен зыр жүгірді. Шаршап кетті байғұстар. Ойында отырып, темекі шегіп алуға рұқсат жоқ қой! Уақыт – гол! Гол салу керек оларға! Өйтпесе, позор! Масқара! Мен білсем, екі гол соғады! Иә, айтқаным айдай келді! Гол соқты екі рет! Есеп екі де бір!
Міне, көрдіңіздер ме, егер мен комментатор болсам, осылай сөздің сүйегін мүжіп, ой бір рахаттана сөйлер едім! Эмоцияға беріліп, айқайлап кетер едім! Шыңғырар едім! Жерге аунай кетіп, жылап та алар едім!
Жәй, әшейін, ойнап айтып отырмын. Қайтер екен десем… Дәл мен сияқты комментатор болса, көрермен теледидардың даусын өшіріп, тек футболшылардың сұлбасын ғана көріп отырар ма еді? Кешіріңіздер, менің қолымнан комментатор болу келмейді, бірақ бар ғой, қазіргі чемпионатта жүрген комментатордың сөзінен салат жасауға болады! Бірақ дәмсіз «салат» болар еді! Біздің қазақ қайбір комментаторға жарып еді? Кезінде әншілерге дейін комментатор болып, Мәдина Сәдуақасованы айтамын, Азияданың ашылу салтанатында күлкіге қарық болып, едік қой? «Қазақ комментаторларының деңгейі қашан көтеріледі? «Олар репортаж жасағанда құлағымды жауып отырамын, болмаса даусын басып тастаймын», «Спорт комментаторы көпірме көп сөзді емес, білімді де білікті, қазақ тіліне жетік маман болуы тиіс», «Асхат Сағынаевтың сөзін естіп отырып, құлаққа түрпідей тиетіні, қарныңның ашатыны соншалық, репортажды көрмей тұрып кеткім келеді». Міне, осындай пікір айтып жатады сайт оқырмандары. «Шынында, Сағынаевтың сөздерін сиыр жалап кеткендей, омпай-томпай қисайып тұратыны рас…», – деп қояды менің көршім. Қайран, қазақ комментаторлары! Қайдағы жоқ жұқсыз, жыртық сөздерді қайдан тауып алады десеңізші! «Агуэроны айып алаңында шалып жықты. Кешіріңіздер, айып алаңында емес екен. Кешіріңіздер, шалып жықпапты. Өзі құлаған Марио Балотелли екен» дейді! Одан да: «Агуэроны айып алаңында шалқасынан түсірді! Кешіріңіздер, етпетінен түсіріпті! Кешіріңіздер, тоңқайып жатыр екен! Кешіріңіздер, ештеңе болмапты! Ерігіп құлай салған Марио Балотелли екен» дей салмайды ма?
«Марсело ауызша сары қағаз алды» дегенді де естіп, есімізден танып қала жаздадық! Айтпақшы, «Майда-майда пастар» деген сөзді естідіңіздер ме? Одан да: «құмалақтай-құмалақтай пастар» десе ғой? «Шабуылдаушы допты алды» дейді. О заманда бұ заман қазақ қашан «шабуылдаушы» деп еді? Журналистиканың саңлағы Сейдахмет Бердіқұловтан ұят болды-ау. Допты алып, басқа жаққа кетіп қалғандай… Ой, айта берсек, ауыздан ұят… Егер мен коммента­тор болсам… Егер мен… Жә, шынымды айтайын, абыройым ашыған айрандай болғанша, қолды бір сілтеп, кетіп қалар едім! Солай, мырзалар!

Мұхтар ШЕРІМ

19 қараша, 15:33
Дәлел Уәшев: Қазақтың дәстүрлі өнері мен мәдениетін жетік біліп,  құрметпен қарауға міндеттіміз
12 қараша, 11:05
Red+ арқылы сатып алсаңыз 15% бонус
25 қазан, 11:56
Астық пен тасымал көбейсін!
23 қазан, 14:22
Президент: Бейбітшілік пен тыныштық - біздің ең құнды байлығымыз
18 қазан, 11:59
Алаяқтық жолмен несие рәсімдеуге банктердің қатысы бар ма?
16 қазан, 14:48
Қызылордада інісінің куәлігімен ағасын соттап жіберген
15 қазан, 14:20
Армения - уақыт сынынан өткен жақын серіктес
30 қыркүйек, 23:28
Жұлдыз Сүлейменова: Жайбасарлыққа жол беруге болмайды!
30 қыркүйек, 22:33
Заңсыз қаруды тапсыру – игі іс