
Астана қаласында шағын және кеңейтілген құрамда өткен екіжақты келіссөздердің қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмомали Рахмон бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері үшін брифинг өткізді, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Мемлекет басшысы өз сөзінде шақыруын қабыл алып, Астанаға мемлекеттік сапармен келгені үшін Тәжікстан Президентіне алғыс айтты.
– Сіздің сапарыңыз мемлекеттеріміз арасындағы дипломатиялық қатынастардың 30 жылдығында өтіп отыр. Мұның символдық мәні бар. Осы жылдар аралығында қазақ-тәжік ынтымақтастығы ғасырлар бойғы достық пен стратегиялық серіктестік рухында тұрақты дами отырып, айтарлықтай жоғары деңгейге жетті. Екі ел үкіметтерінің сенімді саяси диалогы мен үйлесімді жұмысының нәтижесінде қарым-қатынастардың мазмұны үнемі жаңарып келеді. Бүгін қол қойылған Одақтастық өзара іс-қимыл туралы декларация – мұның айқын дәлелі. Бұл құжат халықтарымыздың түбегейлі мүдделеріне толық сай келеді және ынтымақтастығымызды одан әрі нығайтуға деген өзара ұмтылысының белгісі. Декларацияда саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды жандандыруға бағытталған нақты шаралар қамтылған. Былтыр екіжақты тауар айналымы 1,4 миллиард долларға жетті. Құрметті Эмомали Шарипович екеуміз өзара сауда-саттықты кем дегенде екі миллиард долларға дейін арттыру үшін қосымша қажетті шаралар қабылдауға уағдаластық. Қазақстандық өндірушілер қазірдің өзінде Тәжікстанға жалпы көлемі 140 миллион доллардан асатын 60 тауар түрі бойынша өз экспортын ұлғайтуға дайын. Мысалы, еліміз Тәжікстанға жеткізілетін азық-түліктен бастап темір жол жабдықтары мен жылжымалы құрамдарға дейінгі көптеген тауарлардың көлемін арттыра алады. Перспективті келісімшарттар KazakhExport компаниясы арқылы жасалуы мүмкін. Бұл отандық компанияның қызметтері ТМД елдерінде үлкен сұранысқа ие. Тәжік бизнесінің де Қазақстанға шығарылатын экспортты ұлғайту үшін мол резерві бар екеніне сенімдімін. Бұдан бөлек, Тауар айналымын ұлғайту жөніндегі 2023-2024 жылдарға арналған жол картасын іске асыруға ерекше назар аударылды. Екі ел үкіметтеріне осы бағыттардың барлығын мұқият пысықтау тапсырылды», – деді Мемлекет басшысы.
– Өз тарапымнан келіссөздер дәстүрлі түрде сындарлы және өзара сенімге негізделген сипатта өткенін айтқым келеді. Қарым-қатынасымызды дәйекті түрде дамыту үшін тұрақты саяси диалогты жалғастыру маңызды екенін тағы да нақтыладық. Бұл орайда бүгін біздің стратегиялық серіктестігімізге одақтастық қатынас сипатын беру туралы шешім қабылданғанын айрықша атап өткім келеді. Қарым-қатынасымыздың жаңа сапасы барлық бағыт бойынша мемлекетаралық байланыстардың одан әрі қарқынды дамуына ықпал етеді деп ойлаймын. Бұл тарихи шешім Тәжікстан мен Қазақстан арасындағы дипломатиялық қатынастардың отыз жылдығында қабылданып отыр. Соңғы отыз жылда ауқымды құқықтық база қалыптасты. Біз оны бүгін жаңа құжаттармен толықтырып отырмыз. Сауда-экономикалық байланыстар біздің қарым-қатынасымыздың маңызды бағыты болып қала береді. Қазақстан – ортақ сыртқы сауда құрылымымызда екінші орында және Тәжікстанның жетекші серіктесі, – деді Эмомали Рахмон алғысын жеткізіп.
JQ-Aqparat