
Кеше кешкісін Димаш Құдайбергенов өз инста парақшасына Абайдың өлең жолдарын жариялаған болатын. Бір қызығы, әншінің фанаттары әп-сәтте ұлы ақынның туындысын өз тілдеріне тәржімалап, кім екенін зерттеуге кірісіп кеткен. Бұл туралы жас дарынның досы Алпамыс Шәрімов әлеуметтік желідегі жеке парақшасында жариялады, деп хабарлайды Baq.kz.
«Кеше кешкісін Димаш Құдайбергенов өз инста парақшасына Абайдың өлең жолдарын жариялаған болатын. Өзінің көңіл-күйі, я ұнатқандықтан болар, әйтеуір жариялады! Не деген құдірет десеңізші?! Фанаттары (тек Қытай елінің емес) лезде Абайдың өлеңдерін өзге тілдерге аударып, Абайды зерттеуге кірісіп кеткен екен! Бір жанкүйерлері тіпті өлеңді жаттап алып, «Ұлы ақынды неге бұрын білмегенбіз?» деп webo парақшасына жазыпты! Сөзім жоқ!..», — деген таңданысымен бөліскен әншінің досы.
Сондай-ақ ол орайы келгенде Қытайда өнер көрсетіп, миллиардтаған халқы бар елді аузына қаратқан жас әншінің соңына түсіп, талантынан саяси астар іздегендерге ренішін білдіріп, «тырнақ астынан кір іздегенше, Абайдың бір шумақ өлеңін болса да жаттап алуға» шақырды.
«Бұл бақытты сезіне алмаған бейшараларды аяймын! Тырнақ астынан кір іздегенше, Абайдың бір шумақ өлеңін болса да жаттап алыңыздаршы!.. Өзге ұлттар Ұлы ақынның өлеңін сайрап тұрғанда, «еріншектік» бойды билеп, өз ақынымыздың бір өлең жолын білмей ұятқа қалмайық! Абай осы заманда өмір сүрсе Димаш екеуі жақсы дос болар еді…», — деп жазды ол.