
Болашағынан зор үміт күттіретін америкалық боксшы Давид Бенавидес орта салмақта WBA (Super), IBO, WBC және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Геннадий Головкинмен (36-0, 33 КО) жаттығу кезіндегі жұдырықтасулардан алған әсерін, сонымен қатар, қазақстандықтың америкалық Дэниэл Джейкобспен (32-1, 29 КО) алдағы жекпе-жегіне болжамын айтты, — деп хабарлайды Baq.kz.
Ал осыған дейін Бенавидестің Головкиннің жаттығу лагеріне келгені белгілі болған еді. 20 жастағы америкалық жартылай орта салмақта жұдырықтасады. Ол 17 жекпе-жектің 16-сын нокаутпен аяқтаған.
«Мен онымен спаррингке шыққанмын, ол кезде 15-те едім. Енді тағы да шығамын, қазір 20-дамын. Головкин — құбыжық, жыртқыш десем де болады. Онымен ешкім күш сынаса алмайды, бәрін қиратады. Ол ұлы спортшы, ақылды боксшы. Онымен бірге жұмыс істеу маған зор тәжірибе береді», — деді ол.
Ал Головкиннің Джейкобспен кездесуге қатысты пікірінде ол америкалықтың мықтылғын баса айтты. «Меніңше, Джейкобс — қатаң боксшы. Соңғы жекпе-жектерінде ол нағыз төбелес жасады, қарсыластарын нокаутқа жылдам түсірді. Меніңше, Головкинмен керемет жекпе-жек өткізеді. Екі боксшы да аш, жеңілгісі келмейді. Кімнің жеңетінін білмеймін, алайда бұл тамаша бокс болады», — деді Бенавидес ALEETBOXING басылымына берген сұхбатында.
https://www.youtube.com/watch?v=-7X3EVxFzko&feature=youtu.be