
Бұл жаздың сиқы бөлек. Әдетте шілдеде жан-жаққа демалысқа жапа-тармағай кететін жұрт негізінен үйге қамалған. О баста қаупіне сенімсіздікпен қараған коронавирус ешкімді аяп жатқан жоқ. Көңіл айту көбейді. Күркілдеп жөтелген, дене қызуы көтерілген, тынысы тарылғандар қаптап кеткендей. Жан-жағындағы жағдайды бажайлаған жұрт соңғы кездері дәріханаға сабылуда.
Қайбір күні мен де басым ауырып, қан қысымым көтеріліп шыдатпағасын дәріханаға бардым. Бардым деген бер жағы. Алғашқы жарты сағат ғимаратты сырттай бақыладым деуге болады. Бірінің артынан бірі тіркескен кезектің соңы көрінбейді. Көбінің қабағы қату екеніне қарап, тұрғандарына біраз болғанын аңдадым. Күннің ыстығы да апшыны қуырып барады. Амал жоқ, көнесің. Бір сағат дегенде кезегім жетіп кассаға беттедім.
– Сәлеметсіз бе! Маған цитрамон бересіз бе?
– Жоқ.
– Онда парацетамол?
– Ол да жоқ!
– Сонда не бар сіздерде?
– Көп дәрі жоқ, ренжімеңіз, басқалары күтіп тұр, болдыңыз ба сұрап?
Үндемей шығып кеттім. Кезегімді күткеніме емес, жан қиналғанда дәріханадан дәрі таппағаныма күйініп кеттім. «Жайшылықта қоймаларында қораптап жататын, тұрғындар жиі алатын дәрілердің табылмауы не деген сұмдық» деген ой маза берер емес. Тағы да 2-3 дәріханаға бардым. Бірақ бұл жолы уақытымды құртпай, іштен мен секілді ұнжырғалары түсіп шығып келе жатқандардан «қандай дәрі алдыңдар?» деп сұрадым. Олар да керегін таппаған. «Енді қайттім» деп талдың көлеңкесін саялап тұрғанда өзім шамалас бір жігіт жақындап, әңгімеге тартты.
– Қандай дәрі іздеп жүрсің?
– Цитрамон.
– Менде бар, аласың ба?
– Қанша?
– 1500 теңге.
– Қанша???
– Тыныш, 1500 теңге дедім ғой, алсаң ал, алмасаң қой!
Басым солқылдап, шыдатпай бара жатқасын удай бағаға сатып алдым. Әдетте 80-100 теңге тұратын цитрамонның доллардан да қымбаттап кеткеніне қарап, бұл зауал – вирус денемнен салқын тер шығарғандай болды…
Әлеуметтік желі, телеарналарда бағасы шарықтаған дәріге қатысты ақпарат ауық-ауық шығып жатыр. Денсаулық сақтау министрлігі «дәріханаларда қадағалау күшейеді, баға бақылауда болады» дегенмен, көпшілік әлі сол бақылауда болатын дәріні таппай жүр. Есесіне, сын сағатында көлеңкелі кәсібін дөңгелеткендер көбейді. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой апта басында өткізген брифингте бір күнде 46 адамды полиция ұстап, 20 мың қорап дәрі-дәрмек тәркіленгенін жеткізді. Бір өскемендік азамат баспанасын құдды бір қоймаға айналдырып алыпты. Халық дәріханадан таппаған дәрі-дәрмектің сан түрі самсап тұр. Оңай олжаға қарқ болу үшін бірнеше есе жоғары бағаға саудалап келген. Көкшетауда бір пысықай бизнесін тек түнгі уақытта жүргізген. Дәріханадан басы салбырап шыққандар оның клиентіне айналады. Үйінен бірнеше қорап парацетамол мен аспирин табылды. Қазір қасқалдақтың қанымен теңескен бұл дәрілерді қайдан алғаны тексерілуде. Алматы облысында ұсталған біреуден «Азитромицин» дәрісінің жалпы сомасы жеті миллион теңгеден асып кететін 2420 бумасы табылды. Қазір оның дәріханадағы бағасы 3900 теңгеге дейін қымбаттаған. Атыраудағы косметологиялық қызмет көрсететін орталық болса, кеңсесін уақытша дәріханаға айналдырған. Коронавирусқа қарсы қолданатын медициналық препараттарды рұқсатсыз, әрі үш есе қымбатқа өткізген. Министрлік алыпсатарлардың күрт көбейгенін мойындап отыр. Олармен күресті күшейту үшін жедел штаб та құрылды. Қазірдің өзінде осындай 17 дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталып кеткен. Дәрі дүрбелеңі туындап, тапшылықтан халық қиналып жатқанда Қазақстан-Ресей шекарасында «Физионтез» дәрісінің 171 мың бумасын алып өтпек болған азамат қолға түсті. Алматы фармацевтика фабрикасынан шыққан препараттар құны – 1 миллион 700 мың долларға тең! Отандастары хәл үстінде жатқанда, өзіндегісін өзгеге тасығанның мұндай қадамға, анығы қылмысқа баруы АДАМ деген атты арқалаған пенденің қолынан шынымен де келе ме деген мұңлы ойға батасың. Адамдығын ашкөздікке айырбастағандар уақытша пайданы ойлағанда көздерін шел басып, жүрегіндегі ұят деген (егер бар болса) сезімнен арылғандай. Басқаша айту мүмкін емес. Кім біледі, олардың да жақындарының, болмаса солардың таныстарына мынадай қиын кезеңде бастарына күн туған шығар. Бірақ мейірімі суалған тасжүрек аурудан ақша табуды ар санамайды. Керісінше, дәрі-дәрмекке сұраныс артып, жұрт дәріхана табалдырығын тоздырып, керегін таппай жатқан сәтте сырттай алақанын ысқылап, масаттанып тұрғандай көрінеді маған. Сонда қалай, қоғамда құндылық құрдымға кетіп бара ма? Әйтпесе, дәрі емес, бір үзім нанға зар болған ашаршылық жылдары хәл үстіндегі адамға аузындағысын жырып берген ұлтымыздың тектілігі қайда?
Тапшылықтан шығады, дәрі дүрмегінің алдында медициналық бетперде мен антисептиктер де дәріханалардан табылмай, әуре-сарсаңға салды емес пе? Онда да алыпсатарлар айласын асыруға барын салды. Наурыз бен сәуірдің аралығында құзырлы орындар 10 миллион данаға жуық бетперде мен 65 мың литр антисептикті көлеңкелі айналымнан тәркілеп, денсаулық сақтау ұйымдарына таратты. Жымысқы әрекетін жүзеге асырғысы келетіндер дәрі-дәрмекке келгенде де түрлі қулыққа басуда. Интернетке жарнама беріп, өзіне ыңғайлы, қауіпсіз жерде кездеседі. Қоғамдық көліктің өзінде де саудасын жүргізгендердің әрекеті әшкере болды. Бірақ бір нәрсені естен шығармау керек. Қолмен істегенді мойынмен көтеретін кез түбі бір келеді. Дәрі саудасымен заңсыз айналысқандарға жаза қатаң. Қомақты айыппұлды былай қойғанда, қылмыстық іске дейін қозғалады. Ертең заң алдында жауап бергенде «білмедім, жаздым, жаңылдым» деген ақталудың еш көмегі тимесі анық.
Құқық қорғау қызметкерлері осыған дейін тәркіленген препараттар медициналық мекемелерге тегін таратылатынын мәлімдеді. Жағымды жаңалық. Әйтсе де, кеселге қарсы алдымен сенім мен тәртіп керек. «Басқа түссе, баспақшыл». Бұл кезеңнің қара бұлты да сейілер. Сол күнге жеткізер көкіректегі үміт отымыз бен санадағы сенімімізге селкеу түспесін тілейік!
Асқарбек Қазанғап