Солтүстікқазақстандықтар боксшы, Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Дариға Шәкімованы қарапайымдылығымен, сүйкімді жымиысымен, сабырлылығымен таныды.
Спортшы туған Петропавл қаласына келді. Мұнда оның анасы, жақын туыстары тұрады. Бүгін Дариға спорттағы дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-интернатының, «Жеңіс» олимпиадалық резервінің балалар-жасөспірімдер мектебі, бокс балалар-жасөспірімдер мектебінің тәрбиеленушілерімен кездесті.
Мектеп-интернатқа келгенге дейін оны жұртттың елең-алаң күткені байқалды. «Келді ме?», «Маған қолтаңба бере ме?», «Онымен фотоға түсуге бола ма?», «Бізді жаттықтырса ғой» деген балалардың дауыстары шығып жатты. Олар спортшыны тағатсыздана күтті.
Дариға да толқыды. Ол өзін жылы қарсы алып, қолдап, көңіл білдіргені үшін алғысын білдірді. Балалар боксшыны қоршап алып, сұрақтарын жаудыртты, қолтаңба алып, фотоға түсті. Бірінші кезекте, жас спортшылар жаттығуды қашан бастағаны, америкалықпен айқаста қорқыныш сезімі болды ма, алдағы жоспары қандай деген сұрақтар қойды.