
Шымкентте балалары буын дертіне шалдыққан жиырма шақты ата-ана еміне тағайындалған қымбат дәріні облыстағы дәрігерлер бермей отыр дейді. Айтуларынша, энбрил дәрісінің бір қорабын 300 мың теңгеге арнайы Мәскеуден алдырса, Шымкенттегі бағасы 400 мыңға жуықтайды.
Тұрсынкүл Нәлібаеваның 15 жастағы қызы Мерейлімге Астана дәрігерлері буындық артрит диагнозын қояды. Бақылау ретінде науқасқа салынған энбрил деген дәріні жасөспірімнің ағзасы жақсы қабылдаған соң, ендігісі облыста салынады деп шығарып салады. Алайда аймақтағы дәрігерлер бір қорабы төрт жүз мың теңге болатын дәрінің өңірде жоқтығын айтқан. Тіпті отбасы Мәскеуден алдыртқан 7 қорапқа 2 миллион 100 мың теңге жұмсапты. Бар алтынымды саттым, туыстарымнан қарыз алдым, жетпеген соң, несие алуға да тура келді, — дейді.
ТҰРСЫНКҮЛ НӘЛІБАЕВА, Жетісай қаласының тұрғыны:
— Осы дәріден, Құдайға шүкір, қазір қызым жақсы. Коляскадан тұрды. Балдақпен жүрді, балдақты да тастап, қазір өзі самостоятельно жүреді. Отырып, тұрады спокойно. Но, дәрінің арқасында. Тоқтатсақ, қайтадан отырады коляскаға.
Тұрсынкүлден басқа, өңірде баласына алаңдаулы дәл осындай жиырма шақты ана бар. Көбінің диагнозы бір. Күн салқындаса немесе аяғы суықты сезсе, ақсаңдап, жүруі қиындайды екен. Бәріне қажеттісі қымбат дәрілер.
ОРЫНКҮЛ ӘБДІРАМАНОВА, Шымкент қаласының тұрғыны:
— Оңтүстік Қазақстан облысының бюджетінен қарастырылсын деп, олар нақты солай жазып отыр. Сонымен біз әлі бастаған жоқпыз. Бірақ мына бастаған кісілер үзілсе болмайды деп отыр.
ЕРЛАН ҚУАНДЫҚОВ, Тілші:
— Шағымданушылар дәл осы қорапшадағы Энбрил дәрісінің Шымкенттегі бағасы 390 мың теңге дейді. Ішінде спитрпен залалсыздандырылған сүрткіші мен төрт рет салуға дайын мынадай құрылғысы бар екен. Денесіне 4-5 рет қатты ұрғанда ғана автоматты түрде салынатын екпені бала ауыр қабылдайтын көрінеді.
Ақ халатты шенділер қомақты сома болғандықтан қаржы қарастырудың да өз машақаты бар деп ақталды. Бар мәселе аталмыш дәрілердің тегін берілетіндер тізімінен алынып қалғандығында екен. Облыстық мәслихат отырысында алдағы уақытта оң шешімін табады деп үміттендірді.
РОЗА ЖАУҚЫМОВА, ОҚО Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:
— Министрліктің амбулаториялық деңгейдегі науқастарға бөлінетін перечень-кестенің ішінде жоқ бұл дәрі-дәрмектер. Оны қосымша беріп отырмыз. Біздің тарапымыздан барлық шаралар жасалуда. Министрлікке де бердік. Мәслихатқа, Құдай қаласа, қазан айында нақтылау кезінде де осы мәселені сұраймыз.
Бұдан бөлек, басқармадағылар министрлікке қажетті дәрілердің тегін берілетін тізбесіне ендіруді сұраған хат та жолдадық, — дейді.