Бойкүйездік, масылдықтан арылмай, ісің оңға баспайды

08 сәуiр 2022, 10:45

«Әркім де ең алдымен енжарлықтан, жалқаулықтан, масылдық көңіл-күйден бойын аулақ ұстап, еңбекпен есейгенде ғана несібесі еселене түседі» дейді Стахан Белғожаев. Хәкім Абай айтқан, адамның бойынан табылуы тиіс «ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрегін» бұл кісіден оңай кезіктіресіз. Жасы сексеннің ортасын қуалап кетсе де, аяғы әлі үзеңгіде. Аттан түспей ыстық қайратымен еңбек етіп, бейнетінің зейнетіне бөленіп жүр. Нұрлы ақылы мен жомарт та жылы жүрегінің шарапаты талай жанға дарыды, дарып та келеді. Береген қолы жомарттығының арқасында берекесін кіргізіп отыр.

Стахан Белғожаұлымен әңгімеміз қазіргі қоғамдағы масылдық психологиядан арылу, еңбекпен есеюдің нәтижесі, қартайған шағында да қажыр-қайратын елдің ертеңгі болашағына деп сарп етудің құпиясы жайында өрбіді. Торқалы тоқсанға таяған, қазыналы қария жасындағы қайраткер қыруар шаруаны қолға алып, жұмыстың жайын шашау шығармай атқарып келеді. Біз бұл кісінің голландтық технологиямен жылыжай кешенін салуды қолға алғанын, күн сәулесінен энергия өндіретін станса құрылысын салу ісін қолға алғаны туралы жазған едік.

«Еріншек, бекер мал шашпақ» заман емес

Jas qazaq: Әңгімеміздің өзегін қоғамдағы бойкүйездік түсінігіне, масылдық психологиясына қарай бұрып, хәкім Абай айтқан «еріншек, бекер мал шашпақтан» бастасақ. Көпке үлгі болар кәсіпкерсіз, ірі-ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асырып келесіз. Сізден көмек сұрайтындар, қайырымдылық жасауға шақыратындар көп шығар?

Стахан Белғожаев: Жаратқан иемізге мың да бір шүкіршілік, берген несібемізден айырмасын. Бәленге қолдау көрсеттім, түгенге көмектестім деп міндет артпаймын ешкімге. Қазақ әдебиеті мен руханиятына, мәдениеті мен өнеріне үлес қосып жүрген замандастарымыз, өкше басар інілеріміз, бауырларымызға қолымнан келгенше қолдау көрсетемін. Оны өздері де айтып жүр. Алматы облысының Райымбек, Ұйғыр аудандарының Құрметті азаматы атағын берді. Кіндік қаным тамған өңір мен өсіп-өнген өлкеме қадари қалім жеткенше перзенттік борышымды өтегенім үшін бұйырған шығар деп ойлаймын.

Масылдық туралы сұрадың ғой, қоғамның шоқтығына жабысып, жауырға айналған дерттің бірі осы масылдық. Қарыз сұрап, қаржылай қолдау көрсетсеңіз деп келетіндер де бар. Біздің табанымызды тас тіліп, маңдайымыздан тер сорғалап табатын табысымыз олардың түсінігінде оңай олжа секілді көрінеді. Адам еңбектенбей ештеңеге қолы жетпейді. «Әрекетке берекет», «қолы қимылдағанның аузы қимылдайды» деген тәмсіл бекер айтылған ба.

Адамдардың барлығы сондай деп айыптай сөйлеп, күйелей беруге болмас. Десе де, аласы да, құласы да ішінде болатын бүгінгі қоғамда масылдыққа бауыр басып, біреудің арқасында өмір сүргенді қалайтын аққапталдардың бар екені рас. Санадан осындай пасық пиғылды сылып алып тастауымыз керек. Жасаған иеміз он екі мүшеңді сау етіп жаратты ма, ол үлкен нығмет, аманат. Ендеше, тіленбей еңбектену керек.

«Алма піс, аузыма түс» деп шалқайып жату қай кезеңде де жақсылыққа жетелемейді. Адамдардың бойындағы осы бір сыңаржақ ұғымды өшіріп тастамай іс өнбейді. Ақын Төлеген Айбергеновтің «Қыз қуатын жігітке ат беремін, Жанам деген жүрекке от беремін» деп жырлағанындай, «жасаймын, істеймін» деген ынтасы зор адамға бәрін атқаруға болады. Кәсіпкерлікті жандандырып, шағын және орта бизнеске ерекше көңіл бөлініп, түрлі-түрлі бағдарлама әзірленіп, іске асырылып жатыр. Сырттан инвестиция тарту арқылы да ірі жобаны, өндіріс кешенін салып іске қосуға болады. Тек тынбай еңбектеніп, аянбай тер төгу керек. Қол-аяғы балғадай, тепсе темір үзетін азаматтардың кейде тіленіп, көмекке мұқтаж болып тұратынын көргенде қарның ашады. Масылдық ешкімді де ұшпаққа шығарған емес.

Jas qazaq: Аға, бұйырса, алдағы күндері, нақтырақ айтқанда, 10 мамырда сексен алты жасқа толасыз. Аллаға шүкіршілік дейміз, әлі де аттан түспей, кәсіпкерлік саланы өрістетіп, жас ізіңізді басар кейінгі буынға үлгі көрсетіп келесіз.

Стахан Белғожаев: Қартайғанда шаруаны қойып, үйде отыруға да болады. Жаратқанға шүкіршілік, жиған несібеміз бала-шағамыздың ризығы. Осы күнде ептеп шаруаның басқару тізгінін балаларыма ұстатып, баулып жүрмін. Алматы мен Қарадала жазығының арасы 260 шақырымнан асып жығылады. Екі араға жиі қатынаудан ерсоқты болып, шаршайсың кейде. Бала күнімізден, беліміз бекімей, қабырғамыз қайысса да, қара жұмыстан тартынбай, керісінше еңбекпен есейгендікі ме, осы күнде бос отырсаң, қайта сүйек сыздап, буының қақсағандай болады. Қимылдау, жүру қан айналымына да, қанды алпыс екі тамырдың бойымен қуалай айдайтын жүрекке де пайдалы.

Адамның есімі тағдырына таңулы

Jas qazaq: Стахан аға, өмірбаяныңызға үңілсек, 1936 жылдың 10 мамырында Алматы облысы Кеген ауданының Жалауы деген ауылында өмірге келдіңіз. Стахан деп азан шақырып, есім иемденуіңізге сол жылдардағы стахановшылардың әсері бар ма?

Стахан Белғожаев: Неге әсер болмасын, өзің жақсы білесің, 1935 жылы Украинаның Донбасс қаласындағы кен орнында Алексей Стаханов көмір қазудан әлемдік рекорд орнатты. Бір түнде күнделікті нормадан бірнеше есе артық көмір қазған Стахановтың сақи еңбегінен кейін «стахановшылар» қозғалысы ел-елде құрылды. Оларға халықтың, көпшіліктің ықыласы ерекше, құрметі алабөтен еді. Әкем де атұстар ұлының стахановшылар секілді еңбекпен есейгенін қаласа керек. Балалық шағымыз екінші дүниежүзілік соғыстың азап арқалатқан ауыртпалығымен тұспа-тұс өтті. Жоқшылықты, таршылықты көре жүріп, қиындықтың қамыты иығымызды қажаса да, қайыспай көтере білдік. Таршылықта, жоқшылықта жүріп, мойнымыз қатып, бұғанамыз бекігеннен бастап еңбектеніп өскендікі ме, заманның ыңғайы солай болды ма, біле білсек, тани түссек деген ынтызарлық, оқуға, білімге деген құштарлық ерекше еді.

Jas qazaq: 1963 жылы гидроқұрылысшы маманы атанған сіз оқуға сусап, Мәскеудегі инженерлік институтты да тәмамдап, архитектор-құрастырушы мамандығын да меңгердіңіз. Замандастарыңыз сіздің құрылысшылық қырыңызды студент кезіңізде-ақ байқатып, сонау Сібірдің сілемдеріндегі өзен суларын бөгеп, электр энергиясын өндіретін станса салғаныңызды айтады.

Стахан Белғожаев: Мәскеуде білім алмас бұрын Алматыдағы ауыл шаруашылығы мемлекеттік институтына оқуға түстім. 4-курста оқып жүргенде «Братск» су электр стансасының құрылысына қатысуға шақырды. Оқуды аяқтаған соң Алматы облысында, Алматы қаласындағы құрылыс нысандарының салынуына үлесімізді қостық.

«Ғасыр құрылысын» аяқтаған қайраткер

Jas qazaq: «Ғасыр құрылысы» атанған «Мойнақ» су электр стансасын салуға не себеп болды? Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары Сібірде жүргеніңізде, «Братск» су электр стансасы бой көтерген шақта осындай ой келмеді ме?

Стахан Белғожаев: Неге келмесін, түп санамда пісіп-жетілген көп ойлардың бірі осы – Мойнақ су электр стансасын салу болды. Институтты аяқтайтын жылы дипломдық зерттеу жұмысымның өзегі де осы Шарын өзенінің аңғарына электр тогын өндіретін станса салу жайында болды. Сонау басы Қулық тауының мойнақтанып, жайдақтанып кетер жерінен созылып, Ақтоғай, одан бері Көртоғай» аталатын аңғардың әр жеріне суды буып бөген салып, станса тұрғызуға болады. Осы идея «Братск» су электр стансасы құрылысының басында жүргенде санамның түкпіріне мықтап ұялады. Жалпы Шарын өзенінің аңғарынан су электр стансасын салу ісі 1930 жылдары да мәселе болып көтерілген. Қайласын қағып, топырағын татып көрген гидролог мамандар бұл даланың суын бөгеуге асықпаса керек, Красноярск, Саян-Шушенск, Братск ГЭС-терін салуды күн тәртібе қойып, білек сыбана кіріскен. 1980 жылдардың орта тұсында құрылыс жұмысы басталып, 1992 жылы тоқырау тұсында тоқтап қалды.

2000 жылы Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа «Мойнақ су электр стансасының» құрылысын қайта жандандырып, іске қосар болсақ, еліміздің оңтүстік өңіріндегі ірі электр энергиясын өндіретін орталық болатынын жан-жақты дәлел-дәйекпен нақтылап хат жаздым. Елбасы ұсынысымды құп көріп, қолдау көрсетті. Инвестициялық қаражаттың негізінде «ғасыр құрылысы» аяқталып, бұл күнде межеленген электр энергиясын өндіріп жатыр. Жергілікті Кеген ауданының, еліміздің басқа да аймақтарынан азаматтар барып еңбек етіп жүр. Бірнеше адам тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз етілген және жұмыс істейтін шоғырдың ішінде жастардың қатары қалың. Кезінде егістік, кейін шабындық жер болған Ақтоғайдың қабағына қала типтес қалашық түсті. Ыстық суы, жуынатын орны, дәретханасы да өркениет талабына сай. Қалашықтың ішінде балабақшасы, мешіті бар. Мектеп жасындағы балаларды арнайы автобуспен Жылысай ауылындағы мектепке тасиды. «Мойнақ су электр стансасы» іске қосылғалы Алматы қаласы ғана емес, оңтүстік аймақтың бірнеше өңірі де электр энергиясына деген зәруліктен құтылды. Ел қызығын көреді, шарапаты көпке тиеді деп осы істі, үлкен аманатты арқалау алдында жауапкершілік жоғары болғанын сезіндік. 2006 жылы құрылысы басталып, 2014 жылы толық іске қосылғанға дейін басшылық тізгіннің бір ұшын ұстап, басы-қасында болдық.

1970 жылдары қырғыз ағайындарымыз Ыстықкөл тартылып барады деп, Қарқара өзенін қырғыздың жауһарына қарай бұру жөнінде мәселе көтерген. Сонда Дінмұхамед Қонаев ағамыз Қарқараны бұрып әкететін болса, қазақ даласының экологиясына да, тұмса табиғатының тамашасына да орасан зор қатер төнетінін Мәскеудің алдында дәлелдеп даулы істі тоқтатқан. Кейін Бестөбе су қоймасын салу арқылы электр энергиясын өндіретін станса тұрғызуға орталықтан қаражат бөлдіртіп, үлкен шаруаны қолға алады. Бірақ түрлі себеппен іс аяқсыз қалды.

Jas qazaq: Жаңылмасам, сіз «Мойнақ су электр стансасы» директорлар кеңесінің төрағасы лауазымын тоғыз жылдай атқардыңыз. Электр энергиясына деген зәруліктің орнын айтарлықтай толтырған стансаның өзгешелігі қандай?

Стахан Белғожаев: «Мойнақ» су электр стансасының құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп, 2014 жылы электр тогын өндіретін нысан толық қуатпен іске қосылды. Бұл күнде мұнда 300 мегаваттан асатын қуат көзі өндіріледі. «Мойнақ» СЭС-нің қуаты 1027 млн кВт/сағатқа дейін өнім өндіруге қуаты жеткілікті.

«Мойнақ» су электр стансасы – жер астын ұңғылау арқылы салынған әлемдегі үшінші станса. Тәуелсіз Қазақ елінің төсінде салынған алғашқы энергетикалық нысан жылына 1 миллиард 27 миллион квт сағат электр қуатын өндіреді. Келешекте Алматы облысының халқын электр энергиясымен толығымен қамтамасыз етуге «Мойнақ» СЭС-нің қуаты жетеді. Тек Алматы облысы ғана емес, 2 миллионнан астам жан саны бар Алматы қаласын, еліміздің оңтүстігіндегі облыстарға да жарық өндіруге мүмкіндігі мол.

ТМД елдерінде дәл «Мойнақ» су электр стансасындағыдай деривация әдісін қолданатын стансалар жоқ. Су электр стансасына қажетті құрал-жабдықтың барлығы да Австрия елінен әкелініп қолданылды. Қызығын ел қалай көріп жатқанын өзің де білесің.

Қу медиен далаға жан бітірген қария

Jas qazaq: Аға, сіздің сексенге таяған шағыңызда қолға алған көп шаруаңыздың бірі – Алматы облысының Қарадала жазығындағы шипажай ғой?

Стахан Белғожаев: «Мойнақ» су электр стансасының құрылысы басталып, аяқталғанша қарадала жазығындағы шипажай кешенінің жұмысын жүйелеуге мүмкіндік тумады. «Мойнақ СЭС-ін тапсырған соң осы шипажайдың құрылыс жұмыстарына қаржымызды да, қажыр-қайратымызды да аямай төктік. Үлкен тәуекелмен бастап сол сеніммен аяғына жеткіздік. Кезінде қаңырап тұрған бос кешеннің орнында бүгінде шығыстық үлгідегі, кереметтей ғимарат бой көтерді. Сұңқардың ыстық суының емдік қасиеті айтып жеткізгісіз. Мұнда еліміздің әр аймағынынан келіп, ем алушылар да, тынығып демалушылар да, 1000 метр тереңдіктен шығатын ыстық суға шомылып дертіне шипа, тәніне дауа іздейтіндер көптеп келеді. Әсіресе, күзден көктемнің соң жазғы салым уақыттарда адам қатары үзілмейді. Шипажайымызда бірнеше адам жұмыс істейді, күзетші, тазалықшы, мейрамхана қызметкерлері, медицина мамандары сынды кәсіп иелері тұрақты жұмыс орнын осы жерден тауып отыр. Медициналық құрал-жабдықтың барлығы да Еуропа елдерінен арнайы тапсырыспен алынып орнатылған. Бір мезетте 300-дей демалушыны қабылдай алатын шипажай әлемдік стандартқа сай қызмет сапасын ұсынады.

Jas qazaq: Емен-жарқын әңгімеңізге рахмет! Мақсат-мұраттарыңыз орындалып, жас буынға өнегелі ісіңізбен үлгі көрсете беріңіз.

Сұхбаттасқан Қуаныш Нұрданбекұлы

18 сәуiр, 13:34
Түркістан: облыс полициясы 8 тәулік ішінде 2312 құқық бұзушылықты анықтады
17 сәуiр, 15:44
Түркістан: Сайрамдық полицейлер алаяқтықтың алдын алды
16 сәуiр, 12:24
Түркістан: Жасөспірімдер арасында құқық бұзушылыққа жол берілмейді
16 сәуiр, 12:05
Қайрат Нұрқасымов: Алматы Индустриялық аймағы – қала экономикасына серпін береді
12 сәуiр, 20:37
Түркістан: Полиция полковнигі жастарға есірткінің зардабын түсіндірді
12 сәуiр, 12:11
Түркістан: Сайрам ауданында «Құқықтық тәртіп» іс-шарасы өтуде
12 сәуiр, 12:10
Түркістан: Жетісай полицейлері «Заң және тәртіп» жобасын іске асыруда
11 сәуiр, 16:06
«Нөлдік төзімділік»: Түркістан полициясы 700-ден астам құқық бұзушыны анықтады
11 сәуiр, 15:50
Түркістан: Алаяқтар қашып құтылмайды