![]()
БТА банкі, Алматы әкімдігі және әділет министрлігі бірлесе отырып АҚШ-та М. Әбіләзов пен В. Храпуновтың қылмыстық тобы ұрлаған ондаған миллион долларды бұғаулады. Бұл туралы әділет министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Министрлік мәліметінше, 2014 жылдың мамыр айында Алматы қаласының құзырлы өкілі АҚШ-тағы Калифорния штатының сотына В.Храпуновқа және онымен байланысқан тұлғаларға қарсы талап-арыз берген. Іс жүргізу әділет министрлігінің қолдауымен өткізілді. АҚШ сотындағы талқылау барысында ақпаратты ашып көрсету нәтижесінде елімізден ұрланған және шығарылған активтер айқындалды. Ресми орган хабарламасында: «Қылмыстық қудалаудан және ұрлық ақшаның тәркіленуінен қауіптеніп, М.Әбіләзов пен В. Храпунов АҚШ заңынан активін жедел әкету мақсатымен мүліктерін сата бастаған. Атап айтқанда, Нью-Йорктегі қонақүй апартаментін жөндеу бойынша жобадағы үлес едәуір төмендетілген. Салынған 40 млн АҚШ доллардың орнына екі құда (В.Хропуновтың баласы М.Әбіләзовтың қызын алған – ред) өз үлесін 21 млн АҚШ долларына сатуға әрекет жасады. Алайда девелопер мен олардың арасында сот дауы басталды. БТА банкі, Алматы әкімдігі және әділет министрлігі іске араласып, 21 млн АҚШ долларын табыстауын оқшауландырды. Қазіргі кезде АҚШ-тың Нью-Йорк штатының сотында және федералды сотында оқшауландырылған ақша қаражаттарын қайтару бойынша жұмыс жүргізілуде» делінген.
Төлен Тілеубай
Астана