
Фото: ҚМГ
“ӨзенМұнайГаз» акционерлік қоғамы мен оған қарасты мердігерлердің қаржы-экономикалық қызметін талдау нәтижелері бойынша 118 бұзушылық пен сәйкессіздік анықталды. Атап айтқанда, ӨзенМұнайГаз (ӨМГ) компаниясының жалған түрде сырттан жұмысшыларды жалдағаны туралы ақпарат тексерілді. «ҚазМұнайГаз» (ҚМГ) ұлттық компаниясының баспасөз қызметі хабарлағандай, ӨМГ компаниясына келтірілген шығын көлемі алдын ала есеп бойынша 47 млн теңге шамасында екені анықталды.
Тексеру қорытындысына орай брифинг өткізілді. БАҚ өкілдерімен кездесуге ҚМГ Басқарма төрағасының орынбасары, Жұмыс тобының жетекшісі Дәулетжан Хасанов, ҚМГ Экономикалық және ішкі қауіпсіздік бөлімінің бастығы Әділ Атабаев, ҚМГ Адами ресурстарды басқару департаментінің бас маманы Бақдәулет Төлеген, ҚМГ Мұнай және газ өндіру департаментінің бас маманы Жігер Жөкебаев қатысты.
Сонымен қатар, 2022-2023жж. ӨМГ және «БерӘлі Маңғыстау Company» ЖШС арасында жасалған келісімшартқа сәйкес, орындалған жұмыс актілеріне талдау жүргізу нәтижесінде жұмыс уақыты шамадан тыс, 311 бригада-сағатты немесе 27,8 млн теңгені қамтығаны, сондай-ақ, 69 млн теңге көлемінде жұмыстың орындалмағаны анықталды. Нәтижесінде 97 млн теңге артық төленді.
Тексеру нәтижесінде ӨМГ компаниясына жұмысқа алу алгоритмі бұзылғаны анықталды. Бекітілген ережеге сәйкес, жұмыс іздеушілер кезегі келгенде алдымен қаланың коммуналды кәсіпорындарында қызмет етіп, кейін ӨМГ аутстаффингінде (сырттан жалданып) жұмыс істеген соң компанияда бос орындар пайда болған кезде ғана штатқа қабылдануы тиіс. Мысалы, жұмысқа қабылдануы тиіс әкімшіліктің тізіміне кірген 44 адам қаланың коммуналды кәсіпорындарының тізімінде жоқ болып шықты («ӨзенИнвест» МКК, «Таза су» ЖШС және «Verity Group» ЖШС). Анықталған факт бойынша материалдар Жаңаөзен қалалық прокуратурасына жіберілді.
Тексеру нәтижесінде сирек қолданыстағы мамандық иесі ретінде жұмысқа қабылданған 238 адамның 17-нің біліктілігі жоқ болып шықты. Тағы 33 адам қысқа мерзімде компаниядағы өзге қызметтерге ауысып кеткен. Демек, сирек қолданыстағы мамандық иесіне деген сұранысты штатқа қабылданудың амалы ретінде пайдаланған.
Сонымен қатар, Маңғыстау облысы оқу орындарының жалған сертификаты ӨМГ компаниясының штатына кіру үшін пайдаланылғаны туралы деректер де тиісті органдардың тексеруіне жіберілді. Сондай-ақ, «Өзенмұнайгаз» АҚ Корпоративті оқу орталығының хаттамасында комиссия мүшелерінің атынан әлдекімдер жалған қол қойып, жұмысқа қабылдау процедурасынан өтпеген адамдарды инженер қызметіне қабылдағаны туралы факті анықталды.
Журналистер алдында сөз сөйлеген Б.Төлеген ӨМГ компаниясына жұмысқа қабылдау ережелерінің өрескел бұзылуы әділдікті сақтау қағидатына көлеңке түсіріп, күдік пен жемқорлыққа негіз болғанын атап өтті. Бұл өз кезегінде екі қолға бір күрек таба алмай жүрген Жаңаөзендегі жұмыссыз тұрғындар арасында әлеуметтік наразылық тудырғаны белгілі.
JQ-Ақпарат