jasqazaq.kz

Бейбіт Шүменов: Өз елінде жекпе-жек өткізу – әр боксшының арманы

14 сәуiр 2017, 16:49

«АҚШ-қа демалу үшін келген жоқпын. Бұл жердің азаматтығы да керегі жоқ. Көк паспортымды ауыстырмаймын. Мен мұнда тек әлемге мықтылығымды дәлелдеу үшін ғана жүрмін». Бұл туралы WBA тұжырымы бойынша көш бастап тұрған Бейбіт Шүменов мәлім етті. Кәсіпқой боксшымен сұхбаттасу барысында Юниер Дортикоспен өткізетін келесі жекпе-жегі туралы да сұрадық.
– Бейбіт, кубалық боксшы Дортикосқа қарсы өтетін жекпе-жекке қызу дайындалып жүргеніңізді білеміз. Уақыт тауып, сұхбат беруге келіскеніңіз үшін алдын ала алғыс айтқым келеді. Сізде жаңалық, бізде сұрақ көп. Еліміздегі жанкүйерлеріңіз сізді жоғалтып алды. Ақпараттық сайттан жекпе-жекке дайындық туралы аз-кем жаңалықты ғана оқып жүрміз. Бокстағы мансап, алдағы жоспар мен АҚШ-тағы өміріңіз туралы соңғы сұхбатыңыз есімде жоқ. Бүгін осы олқылықтың орнын толтырсақ.

– Рахмет. Иә, сұхбат бермегеніме көп болыпты. Себебі менің соңғы кездері уақытымның бәрі жаттығу залында өтіп жатыр. Алда мен үшін өте жауапты жекпе-жек тұр. Қазір қарсыласымды зерттеп, жаттықтырушылармен тактика құрып жатырмыз. Күніне екі мезгіл жаттығу. 4-5 сағат бойы тер төгіп, Дортикосты мерзімінен бұрын ұтуға дайындалудамын. Бокс – бұл менің өмірім. Мен кәсіпқой боксқа АҚШ-та тұру үшін ауысқан жоқпын. Қазақтың атын шығару үшін жүрмін.
– Әдетте кәсіпқой боксшылар 1 жылда 3-4 жекпе-жек өткізіп жатады. Сіз 2015, 2016 жылы бір-бірден ғана жекпе-жек өткіздіңіз? Неге аз деген сұрақ туады? Біз білмейтін қандай мәселе бар?
– Америкаға бардың. Менеджермен келісімшарт жасадың. Ары қарай болды, бәрі оңай, ай сайын жекпе-жек өткіземін деу қате. Кәсіпқой бокстың өзіндік қиындығы бар. Мен жиі жекпе-жек өткізуге дайынмын. Бірақ бәрі менің қолымда емес. 2015 жылы Эл Хеймонмен келісімшартқа отырғанмын. Жекпе-жектерімді сол ұйымдастырады. Мен оған жылына 3-4 рет жұдырықтасуға дайын екенімді бірнеше рет айттым. Әлі де айтып жүрмін. Мен жас емеспін, қазір өз бабымдамын. Бокс жанкүйерлеріне қабілетімді көрсеткім келеді. Ауыр салмаққа ауысқалы маған, қазір салмақ қуу қиын емес. Мен жекпе-жекке әрдайым дайынмын. Әлемнің кез келген мықтысымен шық десе, 3 минутта рингке көтерілемін. Аса ауыр салмақтағы Кличко, Жошуалармен де бүгін жекпе-жек өткіз десе ойланбастан, келісемін. Маған енді Лебедев қызық емес. Ол ұтылып қалған. Соңғы жекпе-жегінде ұтылған боксшыны ұтқанның несі мықтылық? Онымен шыққанша, Гассиевпен шыққан қызық, «WBO» чемпионы Александр Усикпен қуана жұдырықтасамын.
– Өткен шаққа бір оралайықшы. 2009 жылы испандық боксшы Габриэль Кампильомен кездестіңіз. Өкінішке қарай, төрешілер шешімімен қарсылас жеңіске жеткен болатын. Бірақ 5 айдан соң қайта жұдырықтасып, сіз жеңіске жеттіңіз. Келісімшартта реванш болып па еді?


– Қарымта жекпе-жекке (реванш) ешқандай келісімшарт болмаған. Ол менің кәсіпқой бокстағы 9 жекпе-жегім еді. Мен ол кезде кәсіпқой бокстың қыр-сырын енді үйреніп жүрген кезім. Әлемдік бокс кешін ұйымдастыратындар да жоқ еді елімізде. Ешкімді танымаймыз. Қарсыласымның гонорары 1 млн доллар болды. Иә, төрешілер жеңісті қарсыласыма берді. Бірақ ол жекпе-жекте мен ұтылған жоқпын. Артынша, тәуелсіз төрешілер арқылы оны дәлелдеп, сот арқылы реванш алдық. Егер боксты жалғастыру керек болса, оны ұтып барып жалғастырамын деп алдыма мақсат қойдым. Намыс жібермеді. Өз елімде жеңісімді бұрмалап, қарсыластың қолын көтерді. Бұл боксшы үшін ауыр жағдай. Реванш Лас-Вегаста өтті. Ол жерде өткізген себебіміз, төрешілері өте әділ. Сатылмайды. Барлығы бай. Оларға ақша қызық емес, әділ бокс маңызды. Бокстың адал жанкүйері. Сол төрешілердің алдында жұдырықтасып, жеңіске жеттім. Менің ең бірінші жекпе-жегімде де бұрмалаушылық болған. Төрешінің қарсыласыма жақтасқанын сезіп, 1 раундта құлатып тастағанмын. Сосын, үшінші жекпе-жегімде де солай. Қарсыласымды ұра бастасам болды, төреші мені тоқтатып, әрнәрсені көрсетіп ұрғызбады. Жақтасқаны анық білініп тұрды. Оны да көп созбай үшінші раундта құлатып тастадым. Бокс өте қиын спорт. Ұтсаң да, кейде төреші қолыңды көтермейтін жағдай болып тұрады. Сол үшін ринг сыртында да мықты болуың керек.
– Сондай-ақ 2014 жылы Бернард Хопкинспен болған жекпе-жекке қатысты сұрақты да осы жерде қоя кетсем. Өте мықты әйгілі боксшымен 12 раунд жұдырықтастыңыз. Бірақ төрешілер жеңісті қарсыласқа берді. Боксшылар қиын кездесуден соң, рингтегі кемшілікпен жұмыс жасайды ғой. Сіздердің тараптан сол кезде қандай кемшілік орын алды?


– Кәсіпқой боксқа ауысамын деп шешімге келгенімде, бірінші ауыр салмақ (90, 700 кг) немесе аса ауыр салмақта жұдырықтасамын деп ойлағанмын. АҚШ-тағылар Олимпиадада 81 келіге ойнағанымды біледі. «Бірінші ауыр салмаққа сенің дене бітімің кіші. Жақсы нәтижеге жету үшін саған салмақ қуу керек», – деп 79,4 келіге жұдырықтасуға кеңес берді. Осылайша мамандардың ақылын тыңдадым. Бесінші жекпе-жегім әлі есімнен кетпейді. Шымкентте 79,4 келі салмақта жұдырықтасу керек. Салмаққа түсер күні менде 3 келі артық салмақ болды. 2 тәулік нәр татпағанмын. Қалың киініп, көшеге жүгіруге шығып кеттім. Сенесің бе, теміржол рельсімен жүгіріп бара жатып, қарсы келе жатқан пойызды байқамағанмын. Сигналын да естімегенмін. 100 метр қалғанда пойыз тоқтады. Сонда барып, бір-ақ көрдім. Алдымдағы дәу пойызды көрмедім, қарсыластың соққысын қалай көремін деп қатты уайымдағаным есімде. Ал 2012 жылы АҚШ-та Энрике Орнеласпен жұдырықтастым. Сол жекпе-жектен соң, ертесіне-ақ жаттығу залына бардым. Неге? Себебі жаттығу жасамасам, салмағым 102 келіге дейін өсіп кетеді. Жарыстан соң демалудың орнына салмақты ұстап тұру үшін 2-3 сағат жаттығу жасап жүрдім. 1 айдан соң денсаулығым қатты нашарлады. Қан қоюланып, тыныс ала алмай қалдым. Елге қайтып, емделуге тура келді. Өмірім осымен бітті деп ойладым. 40 профессор емдеді. Шетелден мықты мамандар келді. Ата-анам «Бейбіттен айырылдық», – деп жылап жүрді. Сол кезең мен үшін өте ауыр болды. Боксты ұмыттым. Аурумен күрестім. Шүкір, жеңіп шықтым. Денсаулығым жақсарған соң, 2013 жылы Тамаш Ковачпен жекпе-жек өткіздім. Ал 2014 жылы Бернард Хопкинспен жұдырықтастым. Бернардпен жекпе-жек үшін мен 26 келі салмақ қудым. Өзімнің салмағым 105 келі еді. Сол салмақ қууда денсаулығым қайта нашарлады. Рингке еркін қимылдай алмадым. Соққылар жұмсағың келеді, бірақ денем тыңдамайды. Тактиканы ауыстыруға ми жұмыс істемейді. Бұл менің кәсіпқой бокстағы ең қиын кезім. Жанашыр, жөн көрсетер ешкім жоқ. Америкалықтардың айтқанының бәрін ақыл деп ойлап жүре берген кезім. Мүмкін бұл қиындықтан да өту керек болған шығар. Сол жекпе-жектен соң мен бірден салмағымды өсірдім. Қазір мен өз салмағымның бірінші нөмірлі боксшысымын. Осы салмақта чемпионмын.
– Сіз елімізге өте сирек келесіз. Соңғы рет елде қашан болдыңыз? Бейбіт Шүменов АҚШ азаматтығын алған деген сөзді естіп қалып жатамыз. Қаншалықты рас?
– Мен соңғы рет елде 2014 жылы болдым. Сол жылы желтоқсан айында АҚШ-та Томас Боббимен мен жекпе-жек өткіздім. Келесі жекпе-жегіме ақпанда дайын боламын деп едім, уақытты созып 2015 жылы шілденің 25-не жекпе-жек қойды. Тіпті сенбі күні болатын жекпе-жегімді сәрсенбі күні естіген күнім де болған. Сол үшін мен үнемі бабымда болуым керек. Менеджерім ертең жекпе-жек десе, мен дайын болуым керек. Маған қазір демалуға болмайды. АҚШ-қа демалу үшін келген жоқпын. Бұл жердің азаматтығы да керегі жоқ. Көк паспортымды ауыстырмаймын. Мен мұнда тек әлемге мықтылығымды дәлелдеу үшін ғана жүрмін.
– Сіз WBA тұжырымында көш бастап тұрсыз. Бұл біз үшін үлкен жетістік әрі мақтаныш. Қалған 3 негізгі WBC, WBO, IBF тұжырымдарының чемпиондық белбеуіне жұдырықтасуға қазір сізде толық мүмкіндік бар. Осы белесті де бағындыруға қаншалықты әрекет жасалып жатыр?
– Басқа тұжырымның чемпиондарымен жұдырықтасуға 2015 жылдан бері дайынмын. Менеджерім ұйымдастырса болды. Ол жекпе-жектер бокс жанкүйері үшін де өте қызық болар еді.
– «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі аясында Астанада кәсіпқой бокс кеші өтеді деп жоспарлануда. Қазақстандық бокс жанкүйерлері сізде де сол кеште көргісі келетінін жиі айтып, әлеуметтік желіде жазып жүр. Елге келіп, жекпе-жек өткізу жоспарда бар ма?
– Астанада өтетін кәсіпқой бокс кешінде жекпе-жек өткізу туралы ұсыныс айтылды. Мен қуана қабылдаймын. Өз елінде, өз жанкүйерінің алдында жекпе-жек өткізу әр боксшының арманы. Меніңше, Астанада жоғары деңгейдегі бокс кеші болады. АҚШ-тағы жанкүйерлер де ол жекпе-жектен хабардар. Күтіп жүр.
– Рахмет, Бейбіт. Көп адам көкейіндегі сұрақтарға жауап алды деп ойламын. Алдағы жекпе-жекте жеңіске жетіп, көк туды желбіретіңіз деп тілейміз. Астанада жүздескенше, аман болыңыз!

Сұхбаттасқан Берік Сұлтан

03 тамыз, 18:34
OPEC+ квотаны көбейтті. Енді мұнай тасымалы тоқтамасын деп тілейік!
31 шiлде, 23:19
Әскери оқу-жаттығу - елдің қорғаныс қабілетін нығайтуда маңызды фактор
30 шiлде, 16:00
Криминогендік ахуал: құқықбұзушылық азайып, қылмысты ашу деңгейі өсті
29 шiлде, 14:46
БҰҰ-ның бітімгерлік миссиясы арқылы Қазақстанның халықаралық беделі арта түсті
27 шiлде, 14:13
Цифрлық даму – ел болашағының кепілі
27 шiлде, 14:07
Терроризмге қарсы ымырасыз күрес ешқашан тоқтамайды
24 шiлде, 20:33
Шетелдік сарапшылар: Жаһандық бейбітшілікті баянды етуде Қазақстанның үлесі зор
24 шiлде, 14:03
Қазақстан - Қытай ынтымақтастығы: Білім экономикасына бетбұрыс
23 шiлде, 16:00
Әкімжан Үмбеталин: Киберқылмысқа қарсы ымырасыз күрес оң нәтижесін беруде