
Жыл сайын Наурыз мерекесі қарсаңында еліміздің ең сұлу қызы «Қазақ аруы» байқауында анықталады. Бұл жан сұлулығы мен тән сұлулығы үйлесімділік тауып, «ақылына көркі сай» қыздардың бақ сынайтын алаңы. Арулар – ана тілін еркін меңгерген, ұлттық дәстүр мен ел тарихын, әдебиетін жетік білуі керек.
Байқаудың басты талабы осы. Осымен 7-рет ұйымдастырылғалы отырған жоба туралы осы жылы телехикая түсірілді. 6 бөлімнен тұратын картинаның Бас продюсері Баян Мақсатқызының өзі. Оның айтуынша аталмыш фильмнің 99 пайызы шындыққа жанасады. Сондықтан көрермен мұндай байқаулардың қарапайым қыздар үшін күрделі және жетістікке жету жолы оңай еместігін көреді.
Картина желісі бойынша Әсел есімді қыз «Алтын белгісін» алып жатқанда әке-шешесінің жол апатына ұшырап, қаза тапқанын естиді. Жаңа ашылған гүлдей бойжетіп келе жатқан қыздың қос шынарынан айрылуы өмірін күрт өзгертеді. Енді оның қолдаушысы да, қорғаушысы да жоқ, тұл жетім. Тіршілікте өзінен басқа ешкімге сене алмайды. Тағдырдың айдауымен басты кейіпкер «Қазақ аруы» байқауының іркетеуіне түседі. Сайысқа Қазақстанның түкпір-түкпірінен хас сұлулар жиналған. Біреулері шынымен бағын сынап, жарыққа шыққысы келсе, бірі байлығы мен мансабын көрсетудің жолын іздеп келгендер.
Әсел іріктеуден өтеді. Бірақ жеңіс жолы – ауыр жол. Өсек, жұлдыздардың қырсық мінезі, әдейі жолын кесу — осының бәріне шыдауы керек. Жалпы, «Қазақ аруы» атану үшін адамға не керек? Алған беттен қайтпайтын өр мінез бе, әлде «үлкенге құрмет, кішіге ізет» деген бала күннен алған тәрбие ме, мүмкін он бір жылдық білім болар. Болмаса жаратушы сыйға тартқан талант па? Ешқайсысы да емес, сырт мүсінің сұлу болса, жетіп жатыр ма? Бұл сұрақтардың жауабын көрермендер хикая барысында біледі.
— Тәрбиелік, адамгершілік мәні бар телехикая. Себебі біз арманына сенген қыздың өмірі, бастан өткерген қиындықтары жайлы суреттейміз. Адам қашанда армандауы және сол арманға сенуі керек. Егер шын сеніп, шын ниетпен қаласа — армандар орындалады. Жеңіс тұғырынан көрінген әр қыз мұның айқын дәлелі», — дейді Баян Мақсатқызы.
nur.kz хабарлағандай, Әселдің рөліне Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ 1-курс студенті Гүлзада Тұрлаш түскен. Мыңдаған қыздың арасынан суырылып, іріктеуден өткен арудың бұл алғашқы жұмысы. Сондай-ақ Тәуекел Мүсілім, Баян Мақсатқызы, Жұлдыз Өмірғали сынды танымал тұлғалар да басты рөлдерді сомдайды. Картинаның қоюшы режиссері «Хабар» арнасының көрермендеріне жақсы таныс, бұған дейін «Өгей жүрек», «Зәуре», «Махабатым жүрегімде 2» телехикаяларын ұсынған Ернар Нұрғалиев.