
Рио-де-Жанейрода өтіп жатқан XXXI Олимпиада ойындарында бокстан әйелдер арасында 60 келіде өнер көрсететін фин қызы Мира Потконен ширек финалда бес дүркін әлем чемпионы ирландиялық Кэти Тэйлорды ұтып кетті.
Бұл жекпе-жекте Потконен 2:1 есебімен жеңіске жетті. 35 жастағы Потконен төрт раунд бойы атақты қарсыласына еш мүмкіндік бермеді. Кездесу тізгінін өз қолында ұстады.
Мира биылғы жылы алғаш рет Астанада өткен әлем чемпионатында қола жүлде еншілеген еді. Бұл жолы Финляндияға Рио Олимпиадасындағы алғашқы жүлдені сыйлап отыр. Оның қандай медаль болатыны әзірге белгісіз. Финляндия Олимпиада ойындарынан әлі медаль еншілемеген. Сондықтан, Мираның жүлдесін барлығы күтіп отырған болса керек.
Айта кетейік, 35 жастағы боксшы қызды қазақ бапкері Асқар Сәрсенбаев жаттықтырады. Ол қазіргі кезде Финляндия қыздар құрамасын жаттықтырады. Асқар 19 жасында Скандинавияға қоныс аударып, сол елдің азаматтығын алған.