
Қарағандыда банк қызметкері жұбайымен қылмыстық топ құрып, ірі көлемде ақша жымқырған. 2013 жылдан 2015 жылға дейін ол «Ресей Сбербанкі» акционерлік қоғамының еншілес филиалында ақпаратты қорғау және қауіпсіздік бөлімінің басшысы қызметін атқарған деп хабарлайды облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап NUR.KZ хабарлайды.
Қарағандыдағы Қазыбек би аудандық соты жұбайымен қылмыстық топ құрып, банктен ақша жымқырған банкирді жеке мүлкін тәркілеумен бірге жеті жыл алты айға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды.
Қызметтік жағдайын және «Ресей Сбербанкі» акционерлік қоғамының еншілес банкінің сенімін асыра пайдаланған ол банкте қылмыстық топ құрған. Оның мақсаты заңды түрде несие алуға мүмкіндігі жоқ тұлғаларға кредит рәсімдеу арқылы ақша ұрлау болған. Ол криминалды кәсіпті дамыту үшін өзінің жұбайымен және еш жерде жұмыс істемейтін тағы бір азаматпен қылмыстық келісімге келген.
Оның жұбайы қылмыстық құқық бұзушылыққа жол бергені үшін айыпты деп саналып, үш жыл алты айға сотталды. Оның мерзімі Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығына байланысты рақымшылыққа ілігіп, бір жыл тоғыз айға бас бостандығынан айырылды. Ал еш жерде жұмыс істемейтін азамат бес жылға сотталды.
Соттың үкімі күшіне енген жоқ.