
Ақтөбеде жаңа туған баласын саудаға салған келіншекке қатысты сот отырысы аяқталуға жақын. Сотта соңғы сөз сөйлеген Жанна Ақаласова баласын сатқанына өкініп, өзіне рақымшылық жасауды сұрады.
«Мен Алладан, атын білмейтін баламнан кешірім сұраймын. Біреулер балаға зар болады. Мен Алланың берген байлығын бағалай алмадым. Өзімнің де өмірім қиын болды. 17 жасымда жетім қалдым. Менің ішімдегі отты ешкім білмейді. Құрметті сот мырза, мен сізден кешірім сұраймын. Бас бостандығымнан айырмаңыз», — деп жалынған Жанна Ақаласова баланы сатқан ақшаға қарыздарын өтемек болғанын айтып берді.
Кейін өкініп, баланы қайтарып алу үшін полиция көмегіне жүгінген. Бала саудасын анықтаған құқық қорғау қызметкерлері әйелді қамауға алып, үстінен қылмыстық іс қозғайды.
Қазір осы оқиғаға қатысты бала сатуға көмектескен қыздың құрбысы Данагүл Өтешова да, баланы алған 55 жастағы Дана Дусакова да қылмыстық істе жауапкер ретінде танылды.
Ал баланы бауырына басқан 55 жастағы Дана Дусакова сот алдында жылап тұрып, жетім қалған баланы ырымдап алғысы келгенін айтты.
«Бұлай болады деп ойлаған жоқпыз. Бар кінәні мойындаймыз. «Ал» деп өтініш жасағанда қуана келістім. Бір емес екі баламда да бала жоқ. Мен бала үшін не істеуге де дайын анамын. Қазақта бала асырап алсаң арты «майкөтен болады» деген ырым бар. Құтты бала болсын деп асырап алғым келді. Сол кезде уақыт бергенде мен баланы апарып беретін едім», — деді Дина Дусакова.
Мемлекеттік айыптаушы баланың анасы Жанна Ақаласоваға 7 жыл, оның құрбысы Данагүл Өтешоваға 7 жыл және баланы алған Дина Дусакованы 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айыруды сұрады.
https://www.youtube.com/watch?v=9cBG06mzmzw&feature=youtu.be