
Бала күтуші екі жасар сәбиді ұрлап кеткен. Ол баланы Теміртаудан Астанаға апарыпты. Абырой болғанда, тәртіп сақшылары әйелді ұстап алған. Бұл туралы Қарағанды облысының ІІД-нің баспасөз қызметі хабарлады.
Сәбидің ұрланғаны жайлы Теміртаудың 22 жастағы тұрғыны хабарлаған. Осы дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 125-бабының 2-бөлігі бойынша («Адамды ұрлау») іс қозғалды. Облыстық ІІД баспасөз қызметіндегілер хабарлағандай жедел іздестіру шарасын жүргізу барысында күдікті Астанада ұсталған. Ол сәбиді жақсы көргендіктен, сәбидің оны «мама» деп айтқаны үшін ана болып көргісі келгенін айтқан. Сондай-ақ, ұсталған әйел біраз уақыт өткен соң сәбиді анасына қайтармақ болғанын айтыпты. Қарағанды облысының полицейлері тұрғындарға балаларын қарауға бөтен адамдарды шақырған кезде абай болуға кеңес берді.