Баға: мен не деймін, банк не дейді?..

10 желтоқсан 2021, 16:22

Ринг. Қарсыластың гүрзі соққысына шыдамаған боксшы жансауғалап, арқанды айнала қашып әлек. Анау да қояр емес, үсті-үстіне төмпештеп тықсырып барады. Шықшыттан бір періп, жалпасынан түсірер оңтайлы сәтті күтіп жүр. Абырой болғанда, гонг соғылып нокаутқа жеткізбеді. Әркім өз бұрышына кетті. Көкала қойдай таяқ жеген, ерні күптей ісіп кеткен пақырды бапкері құшақ жая қарсы алды. «Жарайсың, бәлемнің көзіне көк шыбын үймелеттің. Жеңіс деп осыны айт! Енді сенімен жұдырықтасуға жүрегі дауалай қоймас» дейді ол жанкүйердің ызалы айқай-қиқуымен жарысып. Сонда түкке түсінбей сақалақтаған шәкірті: «Ағатай-ау, егер оны соққының астына алып, шынымен бет қаратпай жеңген болсам, онда үш раунд бойы мені аяусыз сабаған кім?» деп сұрапты.

Ұлттық банктің инфляция төңірегіндегі уәжі шығыс жұртында жиі айтылатын осы әзіл әңгімені еске түсірді. Еске сала кетейік. Дүкен мен базардағы баға шарықтап кеткенде, қара жаяудың қалтасы жұқарып, аста-төк дастарханның ауылы алыстап кеткенде бас банк жар салып еді. Сондағы айтқаны. «Міне, үш апта болды, инфляция өспей тоқтап тұр. Міне, төрт ай болды, инфляция тапжылмай, бір орнында тұр». Біресе әмиянға, біресе сөреге қарап басын қасыған көпшілік әлгі боксшыдай екіұдай күйде. Сенейін десе, қырықаяқ қымбатшылық қаһарын төгіп қысып барады.

Қайта статистика бюросындағылардың ұяты бар екен. Ондағылардың қараша айындағы есебіне қарасаң, тұрғындар ең көп тұтынатын азық-түлік түрлері (нан 0,9%, жас көкөніс – 8,3%, жұмыртқа 2,1%, ұн – 1,5%) жанар-жағармай (дизель отыны 14,6%, бензин 2,4%) да, көмір (3,7%) де, ыстық су (3,7%) да, қысқасы, бәрі қымбаттаған. Тек картоп пен жеміс арзандапты. Бір қызығы, статистика мекемесі өткен айда инфляция деңгейі 0,7 пайызға өскенін хабарлады. Сонда біздің бас банк қандай инфляцияны айтып, «сүйінші» сұрады?

Қараша айындағы жылдық инфляция мөлшеріне қатысты да сауал туындайды. Ұлттық банкке жүгінсек, бұл көрсеткіш 8,7 пайыз төңірегінде. Ал статистика бюросының есебі бойынша – 7,8 пайыз. Мемлекеттік екі мекеменің екі түрлі мәліметіне қарап, тағы да «кімге сенеміз?» дейтін орынды сауал қалды көкейде. Бас банк елдегі инфляцияның өршуіне сыртқы факторлар, ал теңгенің құнсыздануына мұнай бағасы, тіпті ғалымдар әлі түр-түсін танып үлгермеген омикрон да ықпал етті дейді. Мемлекет басшысы қыркүйекте инфляцияға қарсы күресте дәрменсіз қалған Ұлттық банк пен Үкіметті өткір сынға алды. Қит етсе, қымбатшылықтың себебін әлемдік құбылыстардан іздейтінін айтып еді. Инфляция деңгейін 4-6 пайыз аралығына қайтаруды тапсырған болатын.

Ұсыныс азайып, сұраныс көбейсе, баға қымбаттайды. Мұны білу үшін қаржы не экономика маманы болудың қажеті жоқ. Жұртқа ең керегі азық-түлік пен киім-кешекті, қарапайым заттарды өзімізде көбірек шығарсақ, шетелдің тауарына тәуелді болмай, инфляция иіріміне түспес едік. Сол кезде тәтті әрі өтірік сөзбен өзімізді жұбатпас едік.

Срайыл Смайыл

22 сәуiр, 15:46
Түркістан полициясы ұрыны ізін суытпай ұстайды
22 сәуiр, 14:37
Түркістан: Террористік тұрғыдан осал нысандар тексеріліп жатыр
22 сәуiр, 14:00
Түркістан полициясы интернет-алаяқтыққа қарсы пәрменді күрес жүргізеді
18 сәуiр, 13:34
Түркістан: облыс полициясы 8 тәулік ішінде 2312 құқық бұзушылықты анықтады
17 сәуiр, 15:44
Түркістан: Сайрамдық полицейлер алаяқтықтың алдын алды
16 сәуiр, 12:24
Түркістан: Жасөспірімдер арасында құқық бұзушылыққа жол берілмейді
16 сәуiр, 12:05
Қайрат Нұрқасымов: Алматы Индустриялық аймағы – қала экономикасына серпін береді
12 сәуiр, 20:37
Түркістан: Полиция полковнигі жастарға есірткінің зардабын түсіндірді
12 сәуiр, 12:11
Түркістан: Сайрам ауданында «Құқықтық тәртіп» іс-шарасы өтуде