
Шығыс Қытай педагогикалық университетінің «Халықаралық саяси теория» мамандығының 2-курс магистранты Азиза Қоғамова «2016 жылдың үздік студенті» атағын «академиялық қызмет» номинациясы бойынша жеңіп алды.
ҚазАқпарат хабарлағандай, 14 желтоқсанда өткен үш кезеңнен тұратын конкурсқа 300-ден астам шетел студенттері, басым бөлігі ECNU қоғамдық өмірі мен академиялық үлгерімі жақсы білім алушылар қатысты. Олар білім ошағындағы 6 мың шетел студенттерінің арасынан іріктелініп алынды. «Мен ата-анам мен елімнің артқан үмітін ақтауға тырыстым. Тәуелсіз Қазақстанның жастары атынан қатысып, еліміздің оң имиджін қалыптастыруға атсалысқаным үшін өте қуаныштымын. Мен өз жеңісімді Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арнаймын!» — деді А. Қоғамова ҚазАқпарат тілшісіне салтанатты марапаттаудан кейін. Шығыс Қытай педагогикалық университеті 1951 жылы Шанхайдағы екі ескі — Ұлы Қытай университеті (Дася, 1924 ж.) мен Гуан Хуа университетінің (1925 ж.) бірігуі арқасында құрылды. ECNU ғалымдарды, дәрігерлерді, мемлекеттік қызметкерлерді, сондай-ақ бизнесмендерді дайындап, гуманитарлық және әлеуметтік салалардағы ұлттық зерттеулерді жасайтын ҚХР-дағы алғашқы педагогикалық университеттердің бірі.