Қайырлы күн, Азамат аға! Сізді жаңа туындыңыздың жарыққа шығуымен құттықтаймыз. Кино өмірде болған оқиғаға негізделген екен. Оны осылай картинаға айналдыруға не түрткі болды?
Азамат Сатыбалды: Рақмет! Бұл былай басталған еді… Бірде кезекті сапармен ұшақта ұшып бара жатып, газет оқып отырғанмын. Сонда мынандай статистикаға көзім түсті. Статистика бойынша, Қазақстан ажырасу жағынан 16 орында екен, ал 2 млрд халқы бар Қытай 64 орында. Осы сандарды сараптай келе, мынандай тұжырымға келдім. Біздің елімізде отбасыларда шыдам мен сенім, махаббат қасиеттері азайғанының көрінісі бар. Адамдармен осы тақырып төңірегінде сөйлескенде, сол отырған топтың жартысына қатысы бар болып шығады. Осы тақырыптың өзектілігін іздей отыра, кино түсіруге бел будым.
Бұл кино 15 сәуір «Қозы Көрпеш пен Баян Сұлу» күніне арнап шығады деген еді. Бірақ ол мереке өтіп кетті ғой, неге кешеуілдетіп жатырсыздар?
Азамат Сатыбалды: Расында да, біз сол мерекеге орай шығаруды жоспарлаған болатынбыз. Бірақ маркетинг жүйесі мен сол уақытта экранға шығатын туындылармен салыстыра отыра, біз межелеген уақыттан 2 апта кейін шығамыз деп шештік.
Зарина ханымнан сұқбат алғанымызда, «Осы фильм түсірілімінен бұрын оған ұсыныс жасап, арнайы екеуіңізге арнап сенарий жазылғанын айтқан еді. Продюсер ретінде айтсаңыз, неге Зарина Кәрменді таңдап алдыңыз?
Азамат Сатыбалды: Заринамен біз театрда ортақ тіл табысқан әріптеспіз. Театрда «Қас қағым», «Қоштасқым келмейді» спектакльдерінде бірге ойнаймыз. Осы жақсы шыққан тандемді біз кинода да көрсетсек деген ниетіміз болды.
Мысалы неге Назгүл Қарабалина емес?
Азамат Сатыбалды: (Күліп) Бұл сұраққа жауап бермесек болатын шығар…
Жақсы! Енді бұл фильмде қазіргі таңдағы өте өзекті отбасылық мәселелер қамтылған екен. Режиссер: «Қазіргі жігіттер бұл киноны көрсе, ойланып қалады деп ойлаймын. Жігіт қаншалықты жанұясына ие бола алады, түрлі қиындыққа жолыққанда жанұясын қалай сақтап қалады деген мәселелер көтерілген» деген еді. Сіздің ойыңызша қазіргі отағасылардың осал тұстары қандай?
Азамат Сатыбалды: Кино бұзылмас 3 қағидаға құрылған. Сенім, үміт және махаббат. Кейде отбасын құрып жатқан отбасылар бірден балалы болуды, жұмысқа келген жас маман бастық болуды ойлатын жағдайлар болады. Және тағы сол сияқты оқиғаларда шыдамның жетіспеушілігі асығыс шешімдерге алып келіп соғады. Ең басты қасиеттердің бірі — сабыр керек сияқты. Барлық жағдайға сабырмен, үмітпен қарап, бүгінгі күніне шүкіршілік етуі арқылы армандаған, алдына мақсат қойған жан ниетіне жете алады.



WhatsApp: +7 705 717 9113



