jasqazaq.kz

Ауылдағы тұрғын неге ашынды?

24 ақпан 2017, 22:48

Жергiлiктi билiктiң әрекетсiздiгi мен бос уәделерiнен шаршаған «Жiбек жолы» ауылының бірнеше шағын ауданының тұрғындары осындай амалға баруға мәжбүр екендiктерiн жеткiздi. Астанаға тиiп тұрған Ақмола облысы Аршалы ауданындағы ауылдық округ жұртының проблемалары шаш етектен. 

Baq.kz хабарлағандай, «Жiбек жолы» ауылдық округiнiң шетiндегi №3, №4, №6 және өзгеде бірнеше шағын аудандардың азаматтары «бармаған жерiмiз, баспаған тауымыз қалмады» дейдi. Тұрғындардың айтуынша, олар қоғамдық көлiктiң қатынамауы, жол сапасының нашарлығы, электр желісінің толық тартылмауы, қоқыс пен қардың тазаланбауы және т.с.с. шешiлмеген тұрмыстық проблемаларын арқалап, ауыл әкiмi Қайрат Ахмедьяровқа талай рет барған екен. Аршалы ауданы мен Ақмола облысының басшылығы, Астана қаласы Жолаушылар көлiгi басқармасы мен басқа да құзырлы мекемелерге бұл мәселелер ауызша айтылып қана қоймай, ресми хаттар да жолданған.

Дегенмен, жергiлiктi билiк халықты бiр-бiрiне сiлтеп, құр уәдемен шығарып салып отыр екен. Мәселен, №4 шағын ауданның тұрғыны Қайрат Рыспевтың айтуынша, «Жібек жолы» ауылдық округінің әкімі Қайрат Ахмедьяров 2016 жылдың желтоқсан айында елді мекенге қатынайтын №315, №304 және №105 маршруттарын шағын ауданға дейін ұзартамын деп уәде беріп, оны орындамаған.

«Әкім автобус жайында «айтқан сөзімде тұрамын, жаңа жылға дейiн №304 немесе №105 бағдарларын ауылдың iшiне кiрмесе де, шеткі жағынан бұрылатындай етіп жүргiземін» деген. Жолымыз ойлы-шұңқырлы болғандықтан, бiз оған да келiстiк. Одан кейін автобусты наурыз айында жүргіземін деп уәде етті. Енді күтіп отырмыз. Шағын ауданға қатынау қиын. Бұның алдында «көбiң тiркелмегенсiңдер» деген соң, құжаттарды жөндеп, тұрақты және уақытша тiркеуге де тұрып жатырмыз. Әкім түрлі себептер айтуы мүмкін, бірақ Астананың қалған ауылдарына қарасаңыз, жол сапасы біздікінен нашар болса да автобус жүреді. Онымен қоса, газель мен такси жүйесi қолға алынған. Бiзде ондай да жоқ. Жолымызды жөндеу мәселесi де әлі шешілмеген. Оған қоса, оқушыларды мектепке апаратын автобусымыздың жүрмей қалғанына да біраз болды. Осылайша, «Бәрі болады» деген уәдеге тойып келе жатырмыз», — дейді Қ.Рыспаев.

Ауыл шетіндегі тағы бір шағын ауданның тұрғыны, зейнеткер Шолпан Әдiлханның айтуынша, әсіресе, балалар, жүкті әйелдер мен қарттарға ауыл орталығында орналасқан ауруханаға жету қиын. Көлігі жоқ азаматтарға тас жолдың бойымен, жүйткіген көліктермен бірге күндіз де, түнде де жүруге тура келеді. Бұл өте қауіпті, дейді ол.
Сондай-ақ, Қайрат Рыспаевтың айтуынша, тұрғындар жолдың ешқашан қардан тазартылмайтынына наразы. Техниканы ақшаға жалдауға тура келеді. Ал қоқыс мәселесiн әкiм контейнерлерді орнатумен шешті. Дегенмен, олар да жиі тазаланбайды.

«Қоқыстың бәрі боран болса ұшады, иттер де шашып кетеді. Сонымен қатар, жарық жайы шешiлмей отыр. Тартылған жекеменшік электр қуатының бағасы тым қымбат», — дейді тұрғындардың арасынан сөз алған Рыспаев.

Олар осы мәселелерді және жоғарыда айтқан уәделері туралы сұрайық деп әкімге келсе, жабық есікті сипап қайтады екен.

«Ұялы телефонына да хабарласу мүмкін емес. Сондықтан, алдағы жексенбi күнi түскі уақытта ауылдың проблемалары бар аудандардың тұрғындары №4 шағын ауданда жиналмақшымыз. Әкімді де кездесуге шақырамыз. Жұртты сабырлы ұстауға тырысамыз. Бiрақ, тұрғындар, егер әкім келмесе, «Астана-Қарағанды» тас жолын жабамыз деп дайын отыр», — дейдi ауыл тұрғыны.

Аталған мәселелер бойынша әкімнің сұхбат берем деген уәдесіне біз де сеніп қалған едік, алайда ұстай алмадық.
Ал мектеп автобусына қатысты мәселемен Аршалы аудандық бiлiм бөліміне хабарласқан едiк.

«Мектеп автобустары бензинге қайта тендер жарияланғандықтан бірнеше күн бойы жүрмеді. Қазіргі таңда жанар-жағармай бағасы өсіп жатқандықтан, ауданда ғана емес, бүкіл облыста бензин тапшылығы орын алды. Мемлекеттік сатып алу бойынша конкурсты «Жүсіпов» ЖК жеңіп алды. Олар дүйсенбі күні білім бөліміне бензин талондары мен қажетті құжаттарды әкеледі. Сол күні біз олардың барлығын мектеп директорларына таратып береміз. Дүйсенбі немесе сейсенбі күні Аршалы ауданындағы мектеп автобустарының барлығы бұрынғыдай жүре бастайды», — деп жауап берді бөлім басшысының м.а. Әділет Төлеген.

Жалпы, Астана қаласы маңындағы ауылдар елорда мәртебесіне сай болуы керек дегенді Елбасының өзі жиі айтып, талап етеді. Осы талапқа құлақ асатын адал атқамінерлер табылса, жағдай әлдеқайда жақсырақ болар ма еді. Алда халықтың намысын арқалаған халықаралық шара – ЕХРО көрмесі келе жатыр. Оның аясындағы ауқымды шаралардың бір парасы дәл осы Аршалы ауданында өтетінін ескерсек, мұндағы жағдаймен меймандарды таңғалдырып емес, шошытып аламыз ба деген қорқыныш бар.

31 шiлде, 23:19
Әскери оқу-жаттығу - елдің қорғаныс қабілетін нығайтуда маңызды фактор
30 шiлде, 16:00
Криминогендік ахуал: құқықбұзушылық азайып, қылмысты ашу деңгейі өсті
29 шiлде, 14:46
БҰҰ-ның бітімгерлік миссиясы арқылы Қазақстанның халықаралық беделі арта түсті
27 шiлде, 14:13
Цифрлық даму – ел болашағының кепілі
27 шiлде, 14:07
Терроризмге қарсы ымырасыз күрес ешқашан тоқтамайды
24 шiлде, 20:33
Шетелдік сарапшылар: Жаһандық бейбітшілікті баянды етуде Қазақстанның үлесі зор
24 шiлде, 14:03
Қазақстан - Қытай ынтымақтастығы: Білім экономикасына бетбұрыс
23 шiлде, 16:00
Әкімжан Үмбеталин: Киберқылмысқа қарсы ымырасыз күрес оң нәтижесін беруде
22 шiлде, 19:06
Алматы: Өндірістік ауданда тұрғындар үшін жайлы орта қалыптасып келеді