
Алматыда кеше қалалық жедел шұғыл көмек көмек көрсету ауруханасының жан сақтау бөлімінде ауыр жарақаттан көз жұмған полиция қызметкері Серік Әбілдаев бүгін Алматы облысы, Іле ауданының Күрті елді мекенінде жерленді. Бұл туралы Алматы қалалық ІІД ресми өкілі Салтанат Әзірбек хабарлады.
«Серік Әбілдаев кеше көз жұмды. Оны алып кетті. Қазір Алматы облысының Күрті ауылында жерледі», — деді Салтанат Әзірбек.
Бұған дейін, Алматы қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасының жан сақтау бөлімінде жатқан екі полиция қызметкері — 43 жастағы сержант Серік Әбілдаев пен 24 жастағы Мейрамбек Рахматұллаевтың қаза тапқаны жайлы хабарланған болатын. Олар Р. Күлекбаевқа тойтарыс беру барысында оқ тиіп ауыр жарақат алған еді.
Дәрігерлер қолдан келгеннің барлығын жасағанмен, олардың өмірін аман алып қала алмады.
Еске сала кетелік, Р. Күлекбаев 2016 жылғы 18 шілдеде Алмалы аудандық Ішкі істер басқармасында, ҚР ҰҚК Алматы қаласы бойынша департаменті ғимараты алдында, Абай даңғылы мен Байзақов көшесі және Абылай хан даңғылы мен Төле би көшесі қиылысында полиция қызметкерлеріне қарсы оқ атқан болатын. Атыс салдарынан үш полиция қызметкері, бір шекара қызметінің өкілі және бір зейнеткер мерт болып, 8 адам жараланған.