Атырау облысында малдан тағы да ауру шықты. Жұқпалы індет осыдан үш ай бұрын ірі қара малдан анықталса, енді ұсақ малдарда қырылып жатыр. Аурудың неден, қалай шыққанын біле алмаған тұрғындар, қорасындағы қойлары түгел қырылып қала ма деп қорқып отыр.
Атырау облысында тағы да мал жаппай қырыла бастады. Бұл жолы Құрманғазы ауданындағыдай ірі қара емес, Қызылқоға ауданындағы қой мен қозы сияқты ұсақ малдарға індет жетіпті. Әсіресе Жас қайрат ауылының тұрғындары жандарын шүберекке түйіп отыр. Сөздерінше, бір ауылдың өзінде жетпіске тарта қозы мен қой өліпті.
ГҮЛНӘР ХАМЗИНА, Ойыл ауылдық округінің тұрғыны:
— Ветеринария доғдырына соқтық, «ей, келмейсіңдер ме:», -деп. Малдың індеті қатты болып жатыр ғой, мынау не зат енді, түгел қырылып қалуға қалды мал деген. Келсеңдерші дегенде келді.
КЕНЖЕБЕК ШЕКЕТАСОВ, Ойыл ауылдық округінің тұрғыны:
— Олар келді қолдарында дәрілері жоқ. «Миялыдан алғыз» деді, районнан алғыздық. 5 мыңға бір-екеуін. Қандай ауру екенін білмедік біздер.
Ал Ойыл ауылына қарасты «Жасқайрат» жауапкершгілігі серіктестігінің малшылары болса, тамыз айынан бастап қырылған малдың саны 471 басқа жетті деп отыр.
МАРАТ ҚҰСАЙЫНОВ, «Жасқайрат» ЖШС маманы:
— 4679 бас мал болды. Соның 3673 ауырды. Бұл екі рет егілді. Нетокс дейтін окситетроциклин дегенмен егілді. Ал енді осы егіле тұра қазір бір отардан 5 бас, бір отардан 7 бас өліп тұр.
Ауруға қажетті дәрі-дәрмекті өз қаражаттарына алған ауыл адамдары аудандық мал дәрігерлері аурудың алдын алғанын қалайды. Алайда, аудандағы мамандар әркім өз малы үшін қам жасауы қажет дегенді айтады.
СЕРІКБАЙ ЛАТИФ, Қызылқоға аудандық ветеринария бөлімінің басшысы:
— Тамыз айының басында тіркеліп тұр. Сол кезде күн қатты ысып кетті. Сол ауру ушығып кетіп тұр. Бұл дейтін жаңағы вторичная инфекция дейді, малдың организмінде болады. Жағдай әлсірегенде аурудың күшеюіне әсер етеді өз тарапынан.
Мамандардың мәліметінше, мал ауруына қойылған диагноз — пастереллез. Сондай-ақ, қой төлдерінің ауруға шалдығып қырылғанына байланысты Жасқайрат ауылында карантин жариялануы мүмкін. Айтуларынша құжаттары жинастырылып, тиісті орындарға жолданыпты.