
Атырауда өзінен-өзі жердің астынан шығып жатқан қара майға ұқсас сұйықтықтың не екенін әлі ешкім тапқан жоқ. Мамандар сынамасын алып зерттеуге алып кетті. Әркім әртүрлі болжам айтатын қара сұйықтық, халықтың қорқынышын туғызып жатқан көрінеді.
Ауыл іргесіндегі алақандай шұңқырдан қара майға ұқсас табылған зат жергілікті көпшіліктің таңданысын туғызды. Тұрғындардың айтуларынша, жол айырығындағы мына шұңқырдың пайда болғанына көп уақыт бола қоймаған. Алайда, зиянды зат па деп шошынғандар не сұйықтық екенін ажырата алмай әлек.
Қара сұйықтыққа толған жол бойындағы шұңқырға шошына қарағандардың кейіннен қызығушылығы оянып, өз беттерінше зерттеу жүргізіп көрген. Жорамал жасаған тұрғындардың бірі — мұнай деп кесіп айтты.
САБЫР ЖҰПМАҒАМБЕТОВ, Қала тұрғыны:
— Қара мұнай тәріздес қара зат. Алып соны қойып-қойып, жарты сағаттан соң анау қоюланғаннан кейін интернеттен қарап, соның бәрін айырып, манағы енді өзінің ойынша мұнай деп есептеп жатыр, балам
Ал түсірілім тобынан жерден шыққан мұнайға ұқсас сұйықтықты естіген экологтар бүгін сынама алды.
ЖОЛДАСҚАЛИ ТЕЛАҒЫСОВ, Атырау облысы бойынша экология департаменті зертхана-сараптамалық бақылау бөлімінің басшысы:
-Алдағы уақытта біздер оны зертханада анализ жасап, талдамасын жасап, «несін» анықтауымыз керек. Мұнай қалдықтарына жата ма, жатпай ма?
«Аптаның соңына қарай қорытынды шығарамыз» деген Атырау облысы бойынша экология департаментінің мамандары әзірге тон піше алмайтындарын жеткізді.